«Túrkistan»-ның қадірі қашанда жоғары – Мәулен Әшімбаев
«Túrkistan» газеті – қазақ баспасөзінің қабырғалы ордасы, ұлт руханиятын күзетіп отырған қадірлі шаңырақ. Азаттықтың алғашқы жылдарында ашылған халықаралық апталық қазіргі таңда алаш жұртына аты мәшһүр абыройлы БАҚ өкіліне айналды.
Құрметті «Túrkistan» газетінің ұжымы!
Сіздерді басылымның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
«Túrkistan» газеті – қазақ баспасөзінің қабырғалы ордасы, ұлт руханиятын күзетіп отырған қадірлі шаңырақ. Азаттықтың алғашқы жылдарында ашылған халықаралық апталық қазіргі таңда алаш жұртына аты мәшһүр абыройлы БАҚ өкіліне айналды.
Тәуелсіздікпен тел өсіп, тең дамып келе жатқан басылым бетінде Қалтай Мұхамеджанов, Шәмшидин Паттеев, Жаңабек Шағатай секілді қарымды қаламгерлер қаламының ізі қалды.
Қазақ қара сөз өнерін қызғыштай қорыған қаламгерлер өз алдына мектеп болып, жаңа толқын талантты журналистерді тәрбиелеп шығарды. Өзінің дара жолын тауып, қалың оқырманын қалыптастырған бірегей басылым ретінде «Túrkistan»ның қадірі қашанда жоғары.
Қазіргі таңда белгілі журналист Бауыржан Бабажанұлы бастаған басылым ұлттық мүддені көздейтін мәселелерді қозғап, төл құндылықтарымыздың төрге озуына үлкен үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да газеттің болашағы жарқын болады деп сенеміз және соған тілектестігімізді білдіреміз.
Қадірлі газет ұжымы! Сіздерді басылымның мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін.
Қаламдарыңыздан құт кетпесін. Ұлттың үнін жаңғырту жолындағы қастерлі сапарларыңыз ұзағынан болғай!Ізгі ниетпен,
Сенат төрағасы
М.Әшімбаев