TÚRKISTAN мен үшін трамплин болды

Айтпақшы, мен фотожурналистен бөлек, баспадан шыққан газеттерді таратумен де айналыстым. Ол уақытта менің жеке көлігім болғандықтан, басшылық басқа көлігі бар жұмысшы іздегенше, бұл іске мені жұмылдыруды жөн санады.

TÚRKISTAN мен үшін трамплин болды
фото: Шүкір Шахай
623

Уақыт неткен зымыран еді. Túrkistan-да күні кеше ғана жұмыс істеп жүрген сияқты едім. Арада осыншама жыл өте шықты деп ойламаппын. Мен 7 жылдай «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істедім, сосын кәсіпкерлікке бет бұрдым. Бұл іс ойымдағыдай болмаған соң, Нұртөре Жүсіп мені «Жас Алаш» газетіне жұмысқа шақырды. Сонда жүргенімде Ғалымжан Мелдешов пен Шәмшидин Паттеев Túrkistan-да бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Мен келген кезде басылым негізін қалаған Қалтай аға ара-тұра жұмысқа келіп-кетіп жүретін.

 

Кейін Шәмшидин Паттеев бас редактор болды. Жасыратыны жоқ, ол кезде редакциядағылар ақша жетіспейтінін, жалақы аздығын айтып, мәселе көтеріп жүретін. Десе де, елді толғандырған өзекті мәселелер туралы жазып жүрді. Мен онда үш жылдай еңбек еттім. Редакцияда жұмыс істейтін 7-8 журналистің әрбірімен еріп барып, суретке түсіретінмін. Ол уақытта басылым көп бетті қамтыды. Қазіргідей керек суретті интернеттен ала салатындай молшылық заман емес. Әр бетке жоқ дегенде 2-3 суреттен беруім керек. Сондықтан журналистермен кезек-кезек іс-шараға, сұхбатқа барып келген соң, дереу редакцияға келіп, бәрін әзірлеп беретінмін. Жалғыз өзім материал әзірлеген кездерім де болды.

Бір күні Паттеев еңбекақы төленбейтін, зейнетақы көлемі мәз емес заманда Мерседес көлігін мініп жүрген Әлеуметтік қорғау министрі Наталья Коржованы суретке түсіріп әкелуімді өтінді. Сөйтіп, ол кісіні 2-3 күн бойы аңдып, ақыры суретке түсіріп алдым. Елдің жағдайы мүшкіл, зейнетақы жоқ, ал министр мынадай көлік мініп жүр деген мәселе көтергіміз келді. Айтпақшы, мен фотожурналистен бөлек, баспадан шыққан газеттерді таратумен де айналыстым. Ол уақытта менің жеке көлігім болғандықтан, басшылық басқа көлігі бар жұмысшы іздегенше, бұл іске мені жұмылдыруды жөн санады. 

Túrkistan газетінде жұмыс істеп жүргенімде сол кездегі Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетов мені Үкіметтің баспасөз қызметіне жұмысқа шақырды. Сөйтіп, Túrkistan-нан бірден Үкіметке жұмысқа тұрдым. Бүгінде мұнда жемісті жұмыс істеп жүргеніме 24 жыл болыпты. Сондықтан Túrkistan газеті мен үшін трамплин болды десем, артық айтпаймын. 

Негізі, мен Túrkistan газеті дегенді естісем, алдымен бірінші беттегі тайқазанның пішінімен жазылған логотип елестейді. Бір қарағанда арабша жазылған сөз секілді көрінеді. Бірақ үңіліп қарасаң, «Түркістан» деген жазудың тайқазанның ішіне сыйып тұрғанын көріп таңғаласың. Мұны алғаш көргенде бәріміз «Міне, керемет!» деп қатты қуанғанбыз. Оны басқа газеттерден де ерекшелеп тұратыны да сол болатын. Құнды жәдігер саналатын тайқазанды елге алып келген соң, Қалтай аға суретшілерге ол пішіндес логотип дайындауды тапсырып, ақырында оны бірінші бетке салдыртты. Бұл логотип содан бері газет бетінен түспей келе жатыр. Басылым да осы жылдар ішінде өз биігін жоғалтқан емес, жоғалтпайды да деп сенемін.

Шүкір ШАХАЙ, 
фотограф

(Фотолар автордікі)

Серіктес жаңалықтары