Жамбылдық полицейлер 111 рет жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстады
Жүргіщушінің 2,5 миллион теңгеден астам сомада айыппұлы болған.
Жамбылдық полицейлер 111 рет жол ережесін бұзған астаналық жүргізушіні ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Полиция қызметкерлері облыс орталығының аумағын патрульдеу кезінде «Қорғау» жүйесінің көмегімен Астана қаласынан бағыттама берілген Kia Rio автокөлігін анықтады.
«Көлік жүргізушісі Астанада, Таразда және Қазақстанның басқа өңірлерінде 111 рет жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзып, барлығы 2,5 миллион теңгеден астам сомада айыппұлы болған. Көбінесе жылдамдық режимін асырғаны үшін аппараттық-бағдарламалық кешендер мен камераларға түскен», – делінген ІІМ-нің хабарламасында.
Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. «Қорғау» мобильді қосымшасы жол қозғалысын автоматты түрде қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында енгізілді. Онда ішкі істер министрлігінің аппараттық-бағдарламалық кешендері, мобильді қосымшалары біріктірілген, ондағы мәліметтер полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі.
Бұл нақты уақыт режимінде сақтандыру полисінсіз пайдаланылатын жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, бағыттамалар бойынша іздестірілетін көліктер, соның ішінде айыппұл бойынша берешегі бар жол ережесін қасақана бұзушыларды және тағы басқа бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.