Елімізде жылына 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді

Төлқұжаттағы есімді өзгертуге, қатені түзетуге дәйекті себеп болса – тартынудың қажеті жоқ дейді мамандар.

Елімізде жылына 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді
ашық дереккөз
1094

Елімізде жылына 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді. Айына шамамен мың азамат құжатындағы жеке мәліметтерді түзетеді, деп хабарлады turkystan.kz.

24.kz арнасының мәліметінше, көбі тегі мен әкесінің атындағы жалғауларды өзгертіп немесе алып тастаса, кейбірі тіпті атын ауыстырады екен.

Виктория Майер қазір Жанель Ілияс. 13 жасында аты-жөнін өзгертті. 16-ға толғанда төлқұжатындағы «әкесінің аты», «ұлты» деген бағандарға түзету енгізді. Қалауы солай еді: өскен ортасына сай, жанына жақын қазақы есімді алу – отбасымен бірге қабылдаған саналы шешімі екенін айтты.

«Анам екеуміз бір атты, ал аға-жеңгем екінші есімді таңдады. АҚАЖ-ға бардық. Жаңа есімге үйрену басында қиындау болды. Бірақ жарты жылда достарым да, отбасым да үйреніп алды. Қазір ескі таныстарымды көрсем «Вика, Виктория» деп айтса, мен кішкене шошып қаламын. Жанель деген есім маған қатты ұнайды», – деді қала тұрғыны Жанель Ильяс.

Ресми құжаттағы мәліметтерді түзетуге заң рұқсат етеді. Ол Отбасы және неке туралы кодекс, Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қағидалармен реттеледі.

«Қазіргі таңда балаға есім қою ол ата-анасының келісімімен және қалауымен жасалады. Он жасқа дейінгі баланың аты-жөнін өзгертуге ата-анасы шешім қабылдайды. Он жасқа толған кезде баланың пікірін сұрайды.Себебі баланың бұл жаста сана сезімі қалыптасып қалады. Сол кезде баланың келісімі арқылы жасалады. Ал 16 жасқа келген кезде бала өз еркімен аты-жөніне қандай да бір өзгерістер енгізе алады», – деді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Заңгерлер «егер есіміңіз өзіңізге ыңғайсыз немесе құлаққа оғаш естілсе - өзгертуге хақыңыз бар», - дейді.

Алайда, ат қояр кезде бейәдеп сөз қолданудан аулақ болған жөн. Ішкі істер органдары жеке куәлікті беруден бас тартуға да құқылы. 

«Мен Руслан болсам, енді Марат боламын деп өзгерте салуға болмайды. Мысалы, кейбір жағдайларда  құжат бойынша баланың аты басқа, бірақ отбасы мүшелері басқаша атайды. Бұл жағдайда адамға қай есім көбірек ұнайды сол бойынша жақындарының хаты арқылы, келісімі, растауы арқылы атын ауыстыруға болады. Сондай-ақ әріптестерінің, ұжымның арасында, қоғамда аты басқадай болатын болса, заңға сәйкес атын өзгертуге құқығы бар. Атты өзгертуге 1 рет, 2, 3 рет деген шектеу жоқ. Егерде заңда көрсетілген баптармен өзгертетін болса, шектеу жоқ», – деді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөлімі азаматтардың өтініштерін талдайды. Мамандар қолайлы шешім қабылдауға көмектеседі.

«Бізге келетін өтініштердің басым бөлігі ерлерден түседі. Ерге де, әйелге де ортақ аттар бар. Мысалы,  Жанат, Самал, Ақниет, Айдара деген. Ақниет Мырзабекұлы деген жігіт келді. Ол атын Әлихан деп өзгертті. Ал Жанат болса, Әли деген есімді алды. Данағұл деген жігіт бар екен. Атын орыс тілінде жазғанда Данагул болған. Жұрт шатасады, мазақтайды, келемеждейді. Мектеп жасындағы балаларға психологиялық тұрғыдан қолайсыздық туғызады. Сөйтіп бұл жігіт есімін Данияр деп өзгертіп алған», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Қыздархан Рысберген.

Біздің кейіпкеріміз Жанель секілді аты-жөнін өзгерткендерден басқа, есімі немесе тегінің жазылуында кеткен қатені түзеу, «-ович», «-овна»-ның орнына «-ұлы», «-қызы» деп жалғау қосу, «-ов», «-ев» тіркемелерін алып тастау үрдісі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған.Бүгінде 7 млн-нан астам азамат құжатына осы сипаттағы өзгеріс енгізді.

«Млн-даған жаңа туған балаларға -ов, -ев-ті алып тастап, атасының атын беріп, одан кейін өзінің ұлы, қызы деп әкесінің есімін беруге болады. Мысалы, Бауыржан Момышұлы деген үлгі бойынша. Шерхан Мұртаза, Әлкей Марғұлан деген сияқты аты-жөнді нөлдік форма дейді. Өзіміздің ұлттық үдерісті сақтаған дұрыс. Ұлттық дәстүрімізді, нақышты. Әлемнің кез келген елінде сенің қазақ екенің танылып тұру керек», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Қыздархан Рысберген.

Кезінде «Мөлдір» есімі ресми құжаттарда 13 түрлі нұсқада қолданылып жүргенін естідік. Бұл транслитерациялау кезінде жол берілген бұрмалаушылық. Десе де, төлқұжаттағы есімді өзгертуге, қатені түзетуге дәйекті себеп болса – тартынудың қажеті жоқ дейді мамандар. Оның үстіне, рәсімдердің онлайн түрде қолжетімділігі біраз істі жеңілдетіп отыр.

 

Серіктес жаңалықтары