Әйелін атпен сүйреп өлтірді деген күдіктіге қатысты үкім апелляцияда қаралды

/
Әйелін атпен сүйреп өлтірді деген күдіктіге қатысты үкім апелляцияда қаралды
ашық дереккөз

Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың қаза болуына байланысты қозғалған іс бойынша апелляциялық инстанция қорытынды шешімін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Azattyq Rýhy жазды. Апелляциялық сот бірінші саты тағайындаған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.

Аталған шағым Жетісу облыстық сотының апелляциялық алқасында қаралды. Жәбірленуші тарап айыпталушы Айбар Жанболаттың әрекеті қатаңырақ баппен бағалануы тиіс деп, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне қайта саралауды талап етті. Ал қорғау жағы, керісінше, жазаны жеңілдетуді сұрап, істегі бапты ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігіне ауыстыруды ұсынды. Қорғаушы Жанат Сарқытовтың айтуынша, оқиға қасақаналықпен емес, абайсызда орын алған деген уәж келтірілген.

Дегенмен сот отырысына төрағалық еткен Айдын Жұрханов апелляциялық сатыда істі қосымша тергеуге жолдау мүмкін еместігін және қарау шегі айыптау актісінде көрсетілген бап аясында ғана жүретінін мәлімдеді. Нәтижесінде сот алқасы жиналған дәлелдер Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес келеді деген тұжырымға тоқтады.

Судьялар бұл бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін жаза қарастырылғанын ескерді. Айыпталушының бұрын сотталмағаны назарға алынғанымен, 14 жылдық үкім сол күйі сақталды. Сонымен бірге жәбірленуші жаққа моральдық шығын өндіру туралы шешім де өзгерген жоқ.

Еске сала кетсек, қайғылы жағдай 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған. Айзат Жұманованың өліміне қатысты күдікпен оның күйеуі Айбар Жанболат ұсталып, қамауға алынған. Марқұмның туыстары әйелдің 2 жасар қызының көзінше соққы көргенін, кейін сыртқа шығарылып, атқа байланып сүйрелгенін мәлімдеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар