Оқу мен кәсіпті қатар алып жүр: 16 жасында кофехана ашқан Шыңғыс
Жас та болса бас болып, тәуекелге бел буып, діттегеніне жеткен жігіт бұл кәсіпті жүргізу барысында түрлі қиындық болғанын жасырмайды.
Жайлы орта. Карамелді латте. Тәтті моти десерті. Ақтауда жылдың кез келген мезгілінде жанға тыныштық сыйлайтын осындай бір орын бар. Ол –Tanomochi кофеханасы. Бір қызығы, бұл кофехананы ашқан Шыңғыс Қуанбай небәрі 16 жаста. Жас кәсіпкердің машақаты көп бұл істі қалай дөңгелетіп отырғаны бәрімізге де қызық. Сондықтан оған хабарласып, аз-кем сұхбаттасуды жөн санадық.
Жас кәсіпкер кофехана ашу туралы идея екі жыл бұрын туындаған.
«2022 жылдың жаз мезгілінде кофеханаға жұмысқа кірдім. Кофехана ашу туралы идея бариста болып жүргенімде келді. Ата-анам бойымдағы қабілетті аңғарып, «Жеке кофехана ашқың келе ме?» деген ұсыныс білдірді. Сол кезде кәсіп ашуға ұмтылыс пайда болды», – дейді Шыңғыс Қуанбай.
Ата-анамның қаржылай қолдауының арқасында 2022 жылдың желтоқсан айында кофеханам ашылды.
«Кофехананың атауы – Tanomochi. «Tano» жапон тілінен аударғанда «сіздердің» деген мағынаны білдіреді. Ал «mochi» сөзі моти болып аударылады. Янғи, «Сіздердің мотилерініз» деген мағынаны білдіреді», – дейді кәсіпкер.
Жас та болса бас болып, тәуекелге бел буып, діттегеніне жеткен жігіт бұл кәсіпті жүргізу барысында түрлі қиындық болғанын жасырмайды.
«Кофе саласына бұрынан қызығатынмын. Бариста болып жүргенімде жұмысты бар ықыласпен, ынтамен орындадым. Бұл кәсіпті өзгеге еліктегеннен емес, қызығушылық пен тәжірибе болғандықтан қолға алдым. Кофехананы ашу оңай болған жоқ. Бастапқыда жөндеу жұмыстары, керек құрал-жабдықтарды табуда қиындықтар болды. Кейін қызметкерлер құрамын жасақтау, мәзір құру, логотип жасауда қиналғанымды жасырмаймын. Бастапқыда кофені де, мотиді де өзім әзірлеп, қонақтарды да өзім қарсы алдым. Қазір кофеханада 2 бариста жұмыс істейді. Осындай шағын құраммен жұмысымызды дөңгелетіп отырған жайымыз бар», – деп ағынан жарылды Ш. Қуанбай.
Кофеханада кофе ғана емес, қазір хит болған жапон халқының десерті – мотидің түр-түрі әзірленеді. Шыңғыс Қуанбайдың айтуынша, мотиді дайындау оңай шаруа емес.
«Моти десертін дұрыс әзірлеуді үйрену үшін ата-анамнан қаржы сұрап, арнайы курсқа қатыстым. Барлығын толық меңгеріп алдым деп ойлағаныммен, іске келгенде бұл десертті дұрыс жасай алмай, 6-7 ай қиналып жүрдім. Кейін білсем, менің қолыма дұрыс рецепт бермеген екен. Өзім ғаламтордан, YouTube желісінен түрлі видеоларды көріп, өз бетімше әзірлеуге тырыстым. Бірақ бұдан түк шықпады. Содан бір күні өзімнің кофеханамда отырғанда кенет әлдебіреу мұны қалай жасау керек екенін маған сыбырлағандай сезілді. Сізге өтірік, маған шын, расында сондай бір қызық жағдай болды. Бірден сол нұсқаулықпен моти әзірлеуге кірістім. Бәрі ойдағыдай шыққанда, қалай қуанғанымды көрсеңіздер ғой!», – дейді жас кәсіпкер.
Қуаныш демекші, Шыңғыс кофеханаға келген қонақтардың жүзінен күлкі көріп, олардың алғысын естігенде төбесі көкке бір елі жетпей қалатынын айтады.
Оқу мен кәсіпті қатар алып жүрген 10-сынып оқушысы Шыңғыс Қуанбайдың айтуынша, адам үнемі ізденісте болуы керек.
«Кәсіпті бастау үшін табандылық керек. Кәсібін енді ашқалы жатқан жас кәсіпкерлерге берер кеңесім, адам үнемі ізденісте болуы керек. Өз уақытын бағалап, дұрыс пайдалана білген абзал. Бос уақытта білім алып, жетіліп, шыңдалуы керек. Еңбек жолында мықты тәлімгерді таңдай білу де үлкен рөл атқарады. Себебі тәлімгердің көмегімен уақыт үнемдеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады», – дейді ол.