Мемлекет басшысы Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатуды ұсынды

Саясаткердің рухына бағышталған арнайы асқа қоғам қайраткері, саясаткерлер, ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.

Мемлекет басшысы Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатуды ұсынды
voxpopuli.kz
1425

Алматыда белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас беріліп, құран оқылды. Аста сөз алған президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хатын оқып берді.

Онда Президент Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату керек деп есептейтінін жазған.

«Құрметті қауым! Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – делінген хатта.

Айта кетейік, асқа бірқатар қоғам қайраткері, саясаткерлер, парламент депутаттары, ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.

Серіктес жаңалықтары