Қазақстанға қай елдерден турист көп келеді?
Елімізге саяхаттайтын шетелдік турист географиясы жыл санап артып келеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге 834,9 мың шетелдік турист саяхаттаған, деп хабарлады turkystan.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – 2022 жылғы көрсеткішке қарағанда 225 мың адамға көп. Яғни, өсім 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артқан. 2022 жылы елімізге 609,8 мың шетелдік келген.
Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізге саяхаттайтын шетелдік туристердің географиясы жыл санап артып келеді. Мәселен, Қазақстанға жақын көршілерімізден бөлек, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттердің де саяхташылары көптеп келе бастады. Осы орайда, назарларыңызға 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге саяхаттаған ТОП-5 елдің туристер санын ұсынамыз.
2023 жылдың алғашқы 9 айында еліміз бойынша ең көп саяхатшы – Ресей Федерациясынан келген. Былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 356 850 мың ресейлік саяхаттаған. Екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді.
«Жыл сайын шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы арта бастағанын байқап отырмыз. Мәселен, 2022 жылы елімізге 900 мыңнан аса шетелдік саяхатшы, ал өткен жылдың 9 айында 800 мыңнан аса шетелдік қонақ келген. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да көбейе түседі деген сенімдеміз. Өйткені елімізде шетелдіктерді таңқалдыратын, сұлулығымен өзіне тартатын, көрсе көз тоятын көрікті жерлер, табиғат сый етіп берген сұлу мекендер аз емес. Сонымен қатар министрлік байтақ жерімізге табаны тиген әрбір саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдыру үшін жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.