Астанада курьер есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды

Есірткі тасымалдаушы Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды

Астанада курьер есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды
ашық дереккөз

Астанада курьер атын жамылған есірткі сатушы кокаинмен ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде қала аумағында есірткі сатумен айналысты деген күдікпен бұрын сотталған 23 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталды. Ол азық-түлік жеткізуге арналған курьер деген желеумен жігіт есірткіні жасырын қойып кету арқылы сатқан.

«Интернет ресурстары арқылы тұтынушылардан тапсырыстар алған. Жеке тінту барысында сатушыдан сатуға арналған кокаин есірткі заты тәркіленген. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың автокөлігін және пәтерін рұқсат етілген тінту нәтижесінде есірткінің іздері бар электронды таразылар, қаптамаға арналған полиэтилен пакеттер, сондай-ақ кокаин, мефедрон және марихуана есірткі заттарының ассортименті тәркіленген. Арнайы операция барысында астаналық азаматтан елордада таратуды көздеген 100-ден астам бір реттік есірткі заты заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді», – делінген ІІМ-нің хабарламасында.

Тергеу барысында ұсталған азамат кінәсін мойындап, ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткі сатушы Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, есірткі сатуға қатысы бар сыбайластарды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.