Жамбыл облысында қабір тонағандар ұсталды

Олар зираттарды ақша үшін талқандағандарын мойындады.

Жамбыл облысында қабір тонағандар ұсталды
ашық дереккөз

Жамбыл облысында қабір қоршауын ұрлағандар ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Жамбыл аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары аумақты патрульдеу барысында зираттағы қабір қоршауларын ұрлады деген күдікпен 31 және 34 жастағы Тараз тұрғындарын ұстады.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, қылмыс үстінде қолға түскен ер адамдар қоршауларды бұзып, металдарын ұрламақ болған.

«Олар зираттарды ақша үшін талқандап, қоршауларын бөлшектеп, темірге өткізуді жоспарлағанын мойындады. Ұсталғандардың Volkswagen Golf-3 және ВАЗ-2109 автокөліктерінің жүк салғышынан қабір қоршауларының бөліктері және арнайы бұзатын құрал табылды», – делінген хабарламада.

Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адамдардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.