Қаракөлде өлген аққулардың саны 600-ден асты

Бастапқы сараптамалардың нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтырғанынан өлуі мүмкін екенін анықтады.

Қаракөлде өлген аққулардың саны 600-ден асты
Ашық дереккөз
939

Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде 601 сыбырлақ аққудың өлгенін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы растады, деп хабарлады turkystan.kz.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында сыбырлақ аққудың жаппай қырылуы мәселесі көтерілді. Бұл туралы Zakon.kz жазды. Облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов өлген құстардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңарып жатқанын хабарлады.

"2023 жылдың 21 желтоқсанында Қаракөл көлінде аққулардың өлгені туралы алғашқы хабарлама түсті. Біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Ветеринария ұлттық референттік орталығының мамандарына, Қазақстанның Микробиология және вирусология институтының мамандарына хабарластық. Олар зерттеу жүргізу үшін мамандарын аққу өлексесінен сынама алуға жіберді. 6 қаңтардағы жағдай бойынша біз 601 бастың өлімін тіркедік. Өлген аққудың 90%-дан астамы – балапаны. Біз Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығының орнитологтарынан қосымша зерттеу жұмыстарын күтеміз",- деді ол.

Бастапқы сараптамалардың нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтырғанынан өлуі мүмкін екенін анықтады. Аймақ басшысы құстардың өліміне қатысты жағдай егжей-тегжейлі тексеруді қажет ететінін баса айтты.

Серіктес жаңалықтары