Аралды қалай құтқарамыз?

Аралды тоталитарлық КСРО-ның аш­көз, нойыс саясаты өлтірді. Ал сол келеңсіз бас­тама соңғы 30 жыл бойы неге ары жа­л­ғас­ты?

Аралды қалай құтқарамыз?
1821

2023 жыл – әлемде ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Соның салдарынан дүниеде апаттар, ашаршылық, адам өлімі белең ала бастаған. Болуы мүмкін еместей оқиғалар, бүгін көз алдымызда келеңсіз шындық түрінде жүзеге асып жатыр. Көкорай шалғынды Еуропаның қурай бастағанын көрдік. Еуразияның ұлы айдыны Каспий тартыла бастады. Әлемдік күретамыр Панама арнасы, оны сумен демдеп тұрған Қатын көлі және Амазонка алабы кебеді деп кім ойлаған? Бәлкім, мұның кейбірі табиғаттың өзіндік ырғағы деген болар, әйтсе де, солардың беталысы жақсы емес, ишарасы көңілге көп ой салады. Көзге көрінбей өрістейтін экология зардаптары, анығы, постиндустриалды-технологиялық үдерістердің қатерлі нәтижелері, біз дабыл қағып қанша ескерте жүрміз десек те, баспалап келіп төрімізге шыға бастаған сыңайлы. Енді бүкіл әлем аттандап, дабыл қағуда. Ғаламшар ауасының температурасы 1,5 градус көтерілсе, ғаламдық апаттар тиегі онан ары ағытыла бермек. Ал Орталық Азия ауасы бұл үдерісте 
2,5 градусқа бір-ақ «секіреді» екен. 

Осы жайттар бедерінде соңғы ке­зең­де қолға алына бастаған ғаламдық іс-шаралар – қисынды, көңілге үміт ұяла­та­ды. Биыл қараша айында Баку қаласында «Ор­талық Азия экономикасы үшін БҰҰ-ның ар­найы бағдарламасы» (СПЕКА) қа­был­дан­ды. Ал желтоқсан айы әлем экологиясы үшін ауқымды оқиғамен басталды. БҰҰ Кон­ференциясы аясында Дубай шаһарында өт­кен климаттық саммит (СОР28) бүкіл дү­ние бүгін бетпе-бет келген ғалами проб­ле­мадан айналып өтпейтін, айналып өту мүм­кін емес, ділгір мәселеге тіке қарап, шын­дық өзегін ашты. Әлемнің дегдар өр­кениетінен біраздан күтулі іс еді осы... Ал бұ­лардың алдында, Қазақстан бірінші бо­лып 2060 жылға дейінгі Париж «Көміртектік бей­тараптық Стратегиясын» рати­фи­ка­ция­ла­ды. Еліміз трансшекаралық өзендер бойын­ша Хельсинки конвенциясына мүше бол­ды. Ал Дубайда біз «Метан газын шек­теу­дің әлемдік міндеттемесіне» қосылдық.
Ретті сөз деп қабылдау керек, осы шара­лар­дың бәрінде ереуіл жағдайы 60 жылдан ас­тамға созылған Арал теңізі аталды. Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шындықты орынды да қисынды түрде ға­лам назарына ұсынды.
Жер полюстеріндегі мәңгілік мұздардың қа­­­терлі қозғалыстары, өзендер бастау­ла­рын­­дағы мұздар сарқылуы, әлемді дендеп бара жатқан құрғақшылық, жойқын өрт, апатты су тасқындары... Бұл жайттарда тү­тін мен улы газдар рөлі, жер өсімдігі жа­мыл­ғы­­­сының жойылуы үдерістері – мойын­дал­ған факторлар. Жағдайларды тереңірек пайым­дау мұнан да басқа мәселені алға тар­тады. Ғаламды жайлап бара жатқан осы­нау қатерлерде, соның бірегейі де елеулісі: жар­ты ғасырдан астам қолмен жойылып жат­қан Арал теңізінің рөлі жоқ па? Еуразия тө­рінде жатқан ауданы 65 миллион гектар Бе­льгия, Голландия сияқты елдер жеріне ба­ра-бар апатты аумақтың әсерін жоққа шы­ғару, көрмеу мүмкін бе? Жоғарыдағы ала­пат факторлар қатарында бұл жайт неге лайықты мән беріліп айтылмай келді? Әлем­дік баламасы жоқ деуге болатын Арал қа­сіретінің төңірегінде сәнді сөз көп болды да, ал арысы 60, берісі 30 жыл бойы неге кү­ту­лі нәтижелі іс болмады? Қисынға кел­мей­тін жағдай.
Аралды тоталитарлық КСРО-ның аш­көз, нойыс саясаты өлтірді. Ал сол келеңсіз бас­тама соңғы 30 жыл бойы неге ары жа­л­ғас­ты? 
Сондықтан «Орталық Азия елдері Арал теңізін құтқару жолдарын бірлесе іздес­ті­реді» деген соңғы уақыт хабары ел үшін па­­ра­сат үніндей естілгені рас. Бұл лепес осы­дан сәл бұрынғы Баку саммитінен (СПЕКА) кейін жария етілді. Үмітті хабар. Кейін, Ду­байдағы СОР28 климаттық саммиті осы шын­дықты бекіте түсуші фактор болғаны анық. Зиянды газдарды (метан, көмірқыш­қыл газдары) шектеу, карбонды технология­лар­дан ада тірліктер – өмір қажеттіліктері. Осы­лармен қоса, бұлардан мәні бірде кем емес экологиялық сырқат – Арал апатының бетін қайтару күн тәртібінде бірге көтерілуі ке­рек еді. Заһарлы Арал шөлі – бүгін әлем мән беріп отырған газдарды шектеу мен де­кар­бонизация мәнінен кем соқпайтын мәселе екені әлем үшін айдан анық болса ке­­­рек. Осы жайт саналарға жетімді түрде жет­­­кізілді.
Біз, Тұран байтағының халқы, ыс­тық­қа «піскен» жұртпыз. Оның үстіне, ір­гемізде – Арал, төрімізде – есепсіз заһар құсу «правосына ие» «Байқоңыр»... Құдай жар болсын деген – үміт сөзі, әйтсе де, қатер но­байы нақты, ауқымды... «Көппен көрген ұлы той» – кешегінің жақау сөзі. Филосо­фия­ны бетке тартып отыра берер жайт емес, шешімді қарекеттер керек! Әсіресе, Арал­ды құтқару жолында!
Бұл орайда трансшекаралық өзен су­ла­рын реттеу, ылғалы жетімді өңірлерден өңір­ге су келтіру, жасанды жауын-шашын көз­дерін ашу, суды көп қажет ететін дақыл­дар көлемін шектеу, тиімсіз су тұтыну та­риф­­терін қайта қарау, басқа да озық тех­но­ло­гиялар мүмкіндіктерін іздеу – біздегі бү­гінгі ізденіс бағыттары. Бәрінде де үміт бар. Тек сол талаптар қиялды сөз, қызықты про­жекттерден өтіп, нақты жұмыс алабына жа­тса мақұл. Бүткіл Аралды құтқару алго­рит­мі біз үшін әлі де айқын, нақты кон­фи­гу­ра­цияда мәлім болар. Ал бұл жолдағы мүм­­кін алғашқы қадамдарды бастай беру – қисынды тірлік реті. Сондықтан да еліміз көп­тен қолға алып жатқан Солтүстік Арал­ды (Кіші Арал теңізін) көтеру – елеулі мәнге ие болады. Ешқандай өзге баламасы жоқ, кә­дімгі теңіз акваториясын қайта тірілту жұ­мысы бұл.
Солтүстік Аралды көтеру – Қазақ­стан­ның Арал теңізі бойындағы авангардтық бас­тамасы. Теңізді құтқарудың бірінші ба­тыл қадамы. Өмірге қайта оралған Кіші Арал – бүкіл Арал теңізінің ихтиогеноқорын болашаққа жеткізу жолында сақталып қал­ған қымбат қазына.
Сол «Кіші Арал» идеясының көтеріл­ге­ні­не 34 (!) жылдан асты. Қазақстанда тағ­ды­ры сонша талқыға түскен мұндай бірде-бір нысан жоқ. Құны миллиардтармен өл­ше­нетін талай жобалар жүзеге асып жатыр. Бо­лашақсыз жүзеге аспай миллиардтар жұт­қандары да бар... Ал бір қауым жұрт қа­на емес, әлем көз тіккен «Кіші Арал» талабы көп жыл бойы неге мұндай ахуалда тұр?.. Әуелі КСРО саясаты, сосын, ішкі ұсақ-түйек есеп­тер бұл талаптың жолын көп кесті. Сол КСРО-дан қалған «екі деңгейлі Кіші Арал­дың» жоба ұсынысы бір әрекеттермен әлі жан­себіл жалғасып келеді. Сондай сөзбұйда се­бебінен, ел үмітінде жартылай ғана көте­ріл­ген «Көкарал» бөгетінен ары асып, 50 мил­лиард текшеметр шамасы су жоқ болды, мың­даған тонна балық рәсуаға кетті. Кейін­гі екі жылда ғана кіші теңіздің өзінен 8 млрд т.м. су жоғалды. Аралдың тағы бір қа­сіретіне, енді осылай, өзіміз жол беріп отыр­мыз.
Былтыр күзде алдағы қыстың ылғал­ды болатынын жобалап, ескерту ретінде, БАҚ жүзінде сөз айттық. Өткен қыс, расын­да, жауын-шашынды болды. Тұран өлкесі 12 жылдық айналым циклінің құрғақшылық алабынан өтіп, ылғалды кезеңге қадам бас­қан сияқты. Әттең, не керек, бір беріле қал­ған сол мол несібе көп рәсуалы болды: сон­дай судан әбіржігеніміз сонша, біз үшін мәселесі жабылды деген (жабылуға тиіс!) көршінің Арнасай алабына су жібердік, Қы­зылқұм, Келінтөбе, Түгіскен, Шиелі, Жаңа­да­рия, Қараөзек сияқты арналарды мезгілсіз ашып, дариядан оңға-солға су тастау ама­лын қарастырдық, болмаса, соған дайын­да­дық. Мұның бәріне айдалаға «шөп шығады» деген оңай уәж дайын болды... Ол аз десеңіз, Арал өңірінің өзіне су алалау саясаты жетіп, Ақ­шатау, Қамбаш сияқты көлдер арнадан асып, төмендегі көлдер төлі «шөлден» қы­рыл­ды, қыстыкүні теңіз борсыды. Сол ен су­дан 1,2 т.ш ғана Аралға түсті. Алдыңғы жыл­дары мұндай молшылықтан теңізге тү­се­тін су 10 т. ш-нан асып жататын. Нәти­же­сі жоғарыдағыдай – ел үмітін оятқан Кіші Арал өле бастады. Аралдың бүгінгі екін­ші қасіреті осындай...
Биылғы жылды (Ұлу – наурызда кі­ре­ді, – ред.) қазақ жай ғана «қоян» ата­­­­ға­нымен, әлем ілімі «сулы қара қоян» дейді екен. Болжам бойынша, осы қыс тағы ыл­ғал­ды болмақ. Ендеше, жоғарыда келтірілген нақ­ты келеңсіздіктер енді тағы қайталана ма? Биыл келер мол су жайы қалай болады?.. Біз­дің әлем алдында экологиялық баста­ма­лары­мыз бен биік міндеттеріміз бар. Өзгер­ген, өскен санамыз бар. Дарияның суын кү­тіп жатқан Арал бар! Солай екен, былтыр­ғы келеңсіздікті тағы қайталаймыз ба?..
Еліміздің су мәселесіндегі бастамалары, Арал үшін табылуы ықтимал су көздері, жаңа су саясаты өмірге қарымды енгізілсе де­ген кей ойларымызды өткен жазбамызда ел Үкіметі назарына ұсынған едік. («Аралға су келе ме?» aikyn газеті, 28 қараша, 2023 ж.) Енді ел көп күткен, бір деңгейлі «Көка­рал» бө­гетін көтеру жұмысы көп шайқаққа са­лын­бай басталуы керек. Ол 50-51 метрлік су деңгейі (НПУ) нұсқасында көтерілуге тиіс. Соңғы жобалаушы мердігердің өзі (иран­дық «Веком» жобалаушы) бұл жұ­мысқа тым көп мерзім – екі жылдан астам уа­қыт жоғалтты. Бөгетте бүгін жүріп жат­қан құны 4,6 млрд теңгелік жөндеу жұмысы, Бөген-Сарытерең саласы жұмыстары – сол жолдағы паллиативті шаралар ғана.
Табиғат нысандарына барып жатқан су – далаға кетіп жатқан су емес. Ол – сол таби­ға­ты­мыз салауаттылығының кепілі. Еліміз су қой­маларын салу жоспарларында Шу, Талас сияқ­ты тұйықталған өзендер бойында тос­палар орнату, онда да төл табиғат мұңын ес­кере салу, тиімді болар. Ал жаңа экология­лық үдерісте Сырдария бойында су қой­ма­ла­рын салудың енді қажеті жоқ. Сырдың бір там­шы суы болса да күтіп жатқан Арал «су қой­масы» бар. Қысқы су да, жазғы су да – Арал үшін бір су.
Біздің шаруашылық психологиямызда бар бүгінгі (кешегі де!) элементар ұс­та­ным: «Арал деген далада бос жатқан ай­дынға босқа кетіп жатқан бір құлақ судан бір дорба дән өсіріп алса қайтеді?..» Міне, біз­дің ел-жердің ажарын алып, базарын тай­дырған жертабан психология осы. Сонау 90-жылдары, осының шет-жағасын аңғар­дық та, «бұл керітартпа экстенсивті амал!» деп көп шуладық. Шуладық та, қойдық. Аны­ғында, кейінірек, сол «экстенсивтің» кө­кесін көрсеттік, әйтпесе, Сыр бойының өзін­де ғана кешегі «керікеткен» тәсілден әрі кетіп, күріштікті 89,5 мың гектарға жеткізер ме? Арал онан ары тартылып, жеріміз ажары сонша азып-тозар ма?!. Енді, ақыр ая­ғында, дария ахуалы бүгін өзі бізді қам­шы­лай бастады, ал біз не істесек екен деп, әлі әрі-сәрі бір ойдамыз... Әрине, «бір құлақ су­дан бір дорба дән алу» – тіршілік мүддесі. Елі­міздің 90 пайыз күрішін беретін Сыр бойын­да бұл дәстүр мықты орныққан. Көп шаруа, шаруашылық тіршілігі осыған кіндік байлаған... Мысалы, жері құнарлы, жауын-ша­шыны жетімді Жетісу өңірінде күріш тек бір аумақ – Қаратал ауданында ғана егіледі. Биыл онда гектарына 31 центнер ша­ма­сын­да өнім алынды. Мұндағы аграрийлер «жер­ді сорландырады, суды көп тұтынады» деп, күріш­тікті 1 мың гектардан ары асыруға қар­сы. Мүмкін, Балқаш көлінің шүкіршілік ахуа­лы осындай жіті, жанашыр саясаттың ар­қасы?.. Ал 90 пайыз суы сырттан келетін, өлі теңіз ұлтаны әлемге шаң ұшырған, та­­би­ғаты шөлді біздің Сыр бойы «елдің 90 пайыз күрішін беріп отыр!» деп кеуде соға­ды...
Төзімі де, ағыны да ортайған дария бізді ақылға өзі шақырды.
Сыр бойының егістік саласына түбегейлі өз­герістер, жаңа шешімдер қажет. Ел-жердің шаруашылық, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай­ларын оңтайлы әртараптандыруда мей­лін­ше икемді бейімдеу – мемлекет деңгейін­де­гі салмақты міндет. Дегенмен экология­лық, климаттық өркениетті әлем ағымына қосылған, ғаламдық жауапты міндеттерді мойнына алған еліміз үшін, нақты бағыт, аса маңызды бағыт – Сыр бойы – Арал та­би­ғатын келеге келтіруден басқа жол жоқ. Әлем, әсіресе, дегдар табиғат екі стандартты ұста­нымды мойындамайды. Оңтүстік көрші ай­мақтың мақталық алаптарына да осы проб­лема тән... Ал сырт көршіміз Өзбек­стан­да, хабарлар бойынша, аграрлық және су мәселелерін мемлекет саясаты аясында ше­шімді түрде қолға алынған сыңайлы.
Еліміздің ішкі тұтыну нарығына қа­жет 165 мың тонна күріш көлемінен біз­де екі есе артық запас бар екенін, экс­порт­қа тауар шығару саясатында, өзіндік құ­ны тым қымбат, шығыны аса көп өнім­дер­ге күш сала бермей, өздеріндегі табиғи же­тімді дүниелерге (мысалы, біздің қамыс, қы­зыл мия сияқты) ден қоятын әлем тәжі­ри­белері туралы білгенімізді айтып жүрміз. Мұ­ны тағы бір қысқаша, осылай еске сал­дық.
«Әсте-әсте» – қорқақтық уәжі емес, ата-ба­баның ақыл-парасат ұстанымы. Кеңестік қы­зыл ұрандар астында, «табиғаттың бер­ме­сін тартып алып», ұшпаққа шығып көр­дік... КСРО-ның Аралды «әдемі өлтіру» нау­қа­­­нында жойылар теңіз орнына көкорай алап жайқалтып қойған бір карта болған. Ен­ді міне, сол КСРО-дан бері 33 жыл өткізіп, азат Орталық Азияның үмітті Аралды онан ары (сонша жыл!) кептіріп, орнын орман-то­ғаймен жабамыз деген бүгінгі ісі – сол «ко­м­мунизм ертегісін» жаңаша қайталау емес пе? Дүние түбегейлі өзгерді; ғаламдық әсері зор, ауқымды Арал қасіреті өзгеріссіз қа­ла бергені қалай? Біздің жаңарған дү­ние­та­нымда, «қасиетті Тұран, туған табиғат!» деп тебіреніп айтқан имандылық сөздері­міз­дің ақиқаты не, құны қанша енді?.. Арал­дың мүмкін алабына өсімдік өсіру ісін елі­міз көршілерден бұрын, өткен ғасыр соңын­да-ақ бастаған. Бүкіл Арал табанын кө­корай ету мүмкін емес, ол кепкен теңіз ақи­қатынан көрініп тұрған нәрсе. Әлемге та­рап жатқан заһарлы шаңдақты басуға ша­малы ғана септігі бар амал. Сондықтан бұл жұмыста жарыс, міндеттеме алу деген қи­сынға келмейтін нәрсе. Ал ғаламдық ысы­ну, құрғақшылық экспансиясы орасан бе­лең алған мына ақиқатта, ауа реттуші, сал­қындатушы су айдынын – басқа еш амал (теңіз орнын шөппен жабу) алмастыра ал­май­тынын түсінуге көп ғылымның қажеті болмас.
Жер ғаламшары үшін – Арал керек!
Алдағы жылдарда кезеңдік жұмыс­тар бар: ХАҚҚ басқару мін­деті Қазақстанға өте­ді. Қор жұмысы үшін жауапты елдер мен до­норлардан елеулі қар­жы құю сұралып отыр. (Ал оның ішкі өміріне халықтық ба­қы­лау – біздің өз мін­де­ті­міз)... 20 жыл қол­да­ныста бол­ған 272 өз­герту мен түзету ен­гі­зіл­ген еліміздің Су кодексі жаңа­дан қа­был­данады... Ал жаңа қабыл­дан­ған Экологиялық ко­декс эконо­ми­камыздың әр саласын жа­­сыл техно­ло­гиямен қамтуды мей­лінше қа­рым­ды жүр­гізеді... Алма­тыда БҰҰ-ның ай­мақ­тық ор­талығы ашылады... Алдағы жылы БҰҰ Бас Ассам­блея­сы аясында Францияда өте­тін «Біртұтас су» саммитіне тақырып ұсын­ған еліміз онан үлкен нәтиже күтеді... Ал 2026 жылы Ор­та­лық Азия аймақтық Кли­маттық сам­ми­тін өт­кізуге шешім қ­а­был­­данды...
Осының бәрі біз үшін үміт нышанды бағ­дарлар.
Оңтүстік өлкелердің су бастаулы мұз­­­­­­дық­тарының жұтамауына, шөл­дену мен құрғақшылыққа, аптап ыстық пен ызғарлы суыққа қарсы экологиялық ық­та­сын-қалқан ретінде – Арал-су үлкен кепіл екенін ұғыну шүкіршілігі бар. Салауатты та­биғат, демек, салауатты өмір – Орталық Азия үшін де толымды тіршілік қажеттілігі екенін сезіну бар. Туған табиғатымыздың үніне сезіммен құлақ аса бастаған біз үшін өр­кениетті әлемдік контекстегі саналы, сый­лы орнымыз осылармен де анық­та­лады.

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог

Серіктес жаңалықтары