Қазақ хандығы тарихын танытқан ғалым

Берекет Бақытжанұлы Қазақстан аума­ғын­­дағы мемлекеттіліктің терең та­ри­хи тамыры мен сабақтастығын, қазақ эт­но­сының ұлттық сипаттағы төл мемлекеті – Қазақ хандығы тарихын жазба деректер мен қазақ халқының ауыз әдебиетінің ма­те­риал­дары негізінде ғылыми саралап, жүйе­ле­ген ғалым.

Қазақ хандығы тарихын танытқан  ғалым
1943

Ғылым, оның ішінде тарих ғылымының жүгі ауыр. Ал Қазақстан тарихына келсек, бұл ғылым саласы ХХ ғасырда жүйелі зерт­тел­меді. Оған кеңестік саясаттың ұлттар тари­хын терең зерттеуге жол бермегенінің ке­сірінен басталған нәрселердің өзі аяқсыз қал­ды. Мәселен, Кенесары хан бастаған ұлт-азат­тық көтерілісін зерттеп кітап жазған Ер­мұхан Бекмаханов пен Елтоқ Ділмұ­хам­ме­довтің ғылыми диссертациялық еңбектері бекер­ленді, біреу сотталды, біреу ғылымнан шет­тетілді. Жанқожа батыр бастаған шаруа­лар көтерілісі туралы жазылған Тілеуқажы Шойынбаевтың еңбегі де мансұқталып, көп­шілікке таратылуына тыйым салынды. Міне, осындай кезеңде қазақ халқы көркем әдеби шығармаларда баяндалған кейбір тарихи оқи­ғалар туралы аздап білгені болмаса, жал­пы қазақ тарихынан бейхабар болды. Сон­дық­тан қазақ халқы тәуелсіз мемлекет құр­ған­нан кейін ғана ұлт тарихы кешенді түрде зерттеліп, ғылыми еңбектер жазыла бастады.

Қазақ – кеше-бүгін пайда болған халық емес, ол арғы прототүркілердің, бергі түркі қа­ға­на­тының, Алтын орда мемлекетінің заң­ды жалғасы. 1465 жылы өз алдына Қазақ хан­дығы атты мем­лекет құрған халық. Бірақ осы­ларды біз соңғы ши­рек ғасырда ғана бі­ліп, көзіміз жетіп отыр. Ал қа­зақ мемлекетінің та­рихын жазып, ұлтқа өз тари­хын таныт­қан­дар­дың алдыңғы қатарында Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі Берекет Кәрібаев тұр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Арал ауданының құрметті азаматы», тарих ғы­лымдарының докторы, профессор, ұстаз-ға­лым Берекет Бақытжанұлының есімі бү­гін­де республика, алыс-жақын шетелдерге та­ны­мал. 
Берекет Бақытжанұлы Қазақстан аума­ғын­­дағы мемлекеттіліктің терең та­ри­хи тамыры мен сабақтастығын, қазақ эт­но­сының ұлттық сипаттағы төл мемлекеті – Қазақ хандығы тарихын жазба деректер мен қазақ халқының ауыз әдебиетінің ма­те­риал­дары негізінде ғылыми саралап, жүйе­ле­ген ғалым. Тарихи жылнамалардағы ақтаң­дақ беттерді қайта қарап, хaлқымыздың ғa­сыp­­дaн-ғaсыpғa мұpa болып жеткен өшпес aсыл қaзынaсын келер ұрпаққа ақиқат тұр­ғы­сынан жеткізуді, ұлттың кемел келешегін ай­қындауды мақсат тұтқан ұстаз бүгінде ме­рейлі алпыс жасқа толып отыр. 
Жаһандану әлемді жайлаған кезеңде гу­ма­нитарлық ғылымда жаңалық ашу да асқан ер­лік. Себебі технократиялық жетістіктер жел­дей ескен заманда рухани, тарихи ашы­лым­дар көпшілікті елең еткізе қоймайтынғы сіз бен бізге белгілі ақиқат. Дегенмен көрнекті фран­цуз ағартушысы, философ Жан Жак Рус­соның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өз­генің уақытын аялау» деген сөзін өмірлік ұс­таным етіп алған академик Берекет Кәрі­баев – саналы ғұмырын ұлттық университетте шәкірт даярлаумен қатар, тарих ғылымының да­муына ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қыз­мет етіп келе жатқан жетекші, отан тари­хы­ның өзекті мәселесі – Қазақ хандығының құ­рылу тарихын тарихи жазба деректер не­гізін­де ғылыми тұжырымдап, ғылыми-көп­ші­лікке Қазақ хандығының құрылу датасын нақ­тылауда өзіндік дара жолы бар ғалым.
1964 жылы 9 қаңтарда Қызылорда облы­сы Арал ауданы Ақеспе ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, 1971-1979 жылдары Ақеспе ауылындағы №80 Сарбасат мектебін үз­дік аяқтаған Берекет Бақытжанұлы 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қатарында аза­мат­тық борышын өтеп, 1985 жылы бүгінде Қа­зақстандағы білім мен ғылымның қара шаңырағы болып саналатын, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситеті, қазіргі таңдағы QS World University Rankings халықаралық рейтингіндегі 200 үздік университеттің қатарындағы әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің та­рих факультетіне оқуға түскен.
Берекет Бақытжанұлы университет қа­быр­ғасындағы алғашқы кіріспе дәрісті тарих ғы­лымдарының кандидаты, белгілі тарихшы-ғалым Әбдікәрім Хасеновтен тыңдайды. Сол дә­рісте Қазақ хандығы туралы ұстазының айт­қандарына елең ете қалған жас шәкірт дә­ріс соңында ұстазынан «Қазақ хандығы қа­шан құрылды?» деп сұрайды. «Бұл мәселе әлі күнге дейін толық зерттелмеген, болашақ зерт­теушілерін күтіп жатқан өзекті мәселе» де­ген доцент Ә.Хасеновтың жауабын естіген Бе­рекет Бақытжанұлы бұл тақырыпқа ерек­ше мән беріп, кейін оны өзінің тарих ғылы­мын­­дағы негізгі зерттеу нысанына айнал­дыр­ған. 
1990 жылы университетті үздік аяқтаған­нан кейін, қызметтік жолын өзі оқыған фа­куль­­тет қабырғасынан бастаған Берекет Ба­қыт­­жанұлы тарих ғылымындағы бар саналы ғұ­мырын Қазақ хандығының құрылуы, Қазақ мем­лекеттігінің біртұтастығы мәселесін зерт­теуге арнаған ардақты ұстаз, танымал ғалым. Үне­мі «Мемлекеті бар халық – бақытты ха­лық. Мемлекеті жоқ халықтың терри­то­рия­сы, экономикасы, тілі, діні, мәдениеті мен ру­ха­ни өмірі болмайды. Тіпті, ондай ха­лық­тың болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан мем­­лекетшіл бағыттағы идеяларды насихат­тап, жастарды патриоттық тәрбиеге бау­луы­мыз қажет» дейтін ол ғылым мен оқы­ту­шы­лық қызметі жолында алғашқы күндерден-ақ та­рих ғылымының марқасқаларымен қыз­мет­тес болды. Тарих факультетінің ұзақ жыл­­дар бойғы деканы, Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафед­ра­сы­ның құрметті меңгерушісі Дулатова Дина Иса­байқызы жасы жетпіске жетіп, кафедра меңгерушісі қызметін өткізгенге дейін ка­федра меңгерушісінің орынбасары қызметін ат­қар­ды. Кеше ғана университетті аяқтаған жас маман үшін факультеттің әкімшілік жұ­мыстарымен айналыса жүріп ғылыммен ай­налысу оңай болмады. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары жаңадан ашылған Қазақстан та­рихы кафедрасының меңгерушісінің орын­ба­сары қызметін атқарудың өз қиындығы бар еді. Ұзақ жылдар бойы «Қазақ КСР тари­хы» болып келген кафедраның «Қазақстан та­­ри­хы» болып өзгертілуінің өзі кафедраның оқу жоспарын өзгертіп, оқу-әдістемелік құ­жат­­тар, пәндік типтік бағдарламаларды жаңа көз­­қарас тұрғысынан қайта дайындауды қа­­жет етсе, бұл кафедра меңгерушісі мен орын­­басарынан жоғары білім мен тәжі­ри­биені, табандылық пен іскерлікті талап етеді. Дегенмен Берекет Бақытжанұлы дәл осы уа­қыттан бастап, яғни Тәуелсіздігіміздің ал­ғаш­қы жылдары-ақ отан тарихының ең өзекті мә­се­лелерін зерттеуде бұрынғы, ескі таптық прин­циптерге негізделген көзқарастардан, жет­піс жылдан астам уақыт үстем болып кел­ген теориялық методологиядан бас тар­тып, тарихты өркениеттік тұрғыда зерттеуді қол­ға алды. 
Ғылыми-теориялық білімі зор Берекет Ба­қытжанұлы осындай қауырт та жауап­кер­ші­лігі жоғары ұстаздық, ұйымдастырушылық қыз­­метпен айналыса жүріп, 1993 жылы «ХV ғ. соңы – ХVІ ғ. басындағы Орталық Азиядағы оқи­­­ғаларға байланысты Қазақ хандығының жүр­­гізген саясаты» атты тырнақалды мақа­ла­­сын ғылыми беделді басылым – әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың «Хабаршы» журна­лы­ның тарих сериясында жариялайды. Одан соң «Ақиқат» журналында жарияланған «М.Шай­бани ханның қазақтарға қарсы жаса­ған төрт жорығы», «Қазақ тарихы» журна­лы­ның 1993 жылғы 3-санында «Қоғамдық та­ри­­хи дамудың нәтижесі» мақалалары өзі зерт­­теп жүрген тақырыпқа қатысты ғылыми ең­­бектер еді. Мұнан кейінгі жылдары «Алаш атауы қалай шыққан», «Қазақ хандарының шығу тегі туралы», «Қазақ хандығының құры­луы» атты мақалалар жүйелі түрде респуб­ли­ка­лық ғылыми басылымдарда басылып, ғы­лы­ми ортаға ғалымның атын танымал етті.
1996 жылы ҰҒА академигі, профессор Бо­лат Ешмұхамедұлы Көмековтің ғылыми же­­­текшілігімен «XV ғ. соңғы – XVI ғ. алғашқы ши­регіндегі Қазақ хандығының Мауереннахр би­леушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық диссерта­ция­сын сәтті қорғады. Ғылыми ізденістері же­міс­­ті болып, 1999 жылы доцент атағына ие бол­­са, 2010 жылы ҰҒА академигі Б.Көмековтің ғы­­лыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта док­торлық дис­сертациясын қорғап, 2011 жылы профес­сор атағын алды. 
Берекет Бақытжанұлы өзі­нің ғы­лыми-шығарма­шы­лық жо­лында XIII-XVIII ғасыр­лар­дағы Қа­зақстан тарихының этни­ка­лық, сая­си, мемлекеттілік тарихы мәсе­ле­лері, қазақ тарихындағы тұл­ға­лар та­рихы жөнінде терең тео­рия­лық ой­лар айтып, көптеген фун­даменталды ғы­лы­ми еңбек жазды. Ол қазіргі кезеңде Алтын Орда дәуіріндегі саяси, этника­лық, жеке тұл­ғалар тарихы, XIV-XV ғғ. Қазақстан аума­ғын­дағы мем­­лекеттік құрылымдар тари­хы, Қа­зақ этногенезі мен «қазақ» этнонимі, Қазақ хан­дығының құрылуы мен күшеюі тарихы, XV-XVIII ғғ. қазақ тарихы, Қазақ тари­хын­да­ғы тұл­ғалар тарихы, Қазақстан аума­ғындағы мем­­лекеттілік мәселелерін зерт­теуде сүбелі ғы­­лыми жұмыс жүргізіп ке­леді. 
Педагогикалық қызметімен қатар, отан­дық тарих ғылымының дамуына мол үлесін қо­сып жүрген Берекет Бақытжанұлының қа­­­ламынан 700-ден астам ғылыми еңбек жа­рық көрсе, оның ішінде 20-сы жеке мо­ног­ра­фия­­лық кітап, 40-тан астамы авторлық ұжым­мен жарияланған еңбектер. Сондай-ақ рес­публикалық, аймақтық мерзімді басы­лым­дар мен журнал беттерінде жүйелі түрде та­нымдық, ғылыми-көпшілік жұмыстарды жариялап отырады. 50-ге жуық халықаралық конференцияларға қатысып, алыс-жақын шет­елдерде және Қазақстанның аумағын­да­ғы аудан, облыс, қалалық, республикалық дең­гейдегі ғылыми конференцияларда XIII-XVIII ғғ. Қазақстан тарихының этникалық, сая­си, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қа­зақ тарихындағы тұлғалар тарихы жөнінде баян­дама жасады. 
Халыққа еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ: 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» бел­гі­сі­мен марапатталған Берекет Бақытжанұлы 1998 жылы Egemen Qazaqstan газетінің рей­тин­гісінде ең үздік тарихшы атанған. 2015 жы­лы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан үле­сі үшін» алтын медалімен мараптталса, дәл осы жылы «ЖОО үздік оқытушысы-2015» рес­публикалық байқауының жеңімпазы атан­ған. 2016 жылы «Құрмет» орденімен ма­рапатталды. Сонымен бірге тарихи оқи­ға­лар мен тарихи тұлғаларға арналған және қо­ғамдық ұйымдардың он шақты медаль­дары­ның иегері.
Б.Кәрібаев 2015 жылы Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығының мерекесін дайындау және өткізу жөнінде құрылған үкіметаралық ко­мис­сияның құрамында жұмыс істеді. 2017-2019 жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанын­да­­ғы «Та­рих», «Археология және этнология» жә­­не «Түр­кология» мамандықтары бойынша фи­­ло­софия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін бере­тін ғылыми кеңестің төрағасы, ал 2018-2020 жж. Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болды.
Қазақстан тарихы бойынша 4 тарихи ани­­­­мациялық фильм сценарийінің авторы, «Ұлы Дала таңы» көркем фильмінің тарих бойын­ша бас кеңесшісі. Жақын күндері бас­па­дан шығады деп күтіліп отырған құнды ең­­бек 7 томдық «Қазақстан тарихы» атты ака­демиялық басылым авторларының бірі.
2012 жылы Ұлттық ғылым академиясы­ның корреспондент-мүшесі, ал 2020 жылы ҰҒА академигі болып сайланды. Содай-ақ оған 2021 жылы «ҚР еңбек сіңірген қайрат­ке­рі» атағы берілді.
«Қазақ хандығының құрылу тарихы» (2015) атты монографиясында Шығыс Дешті Қып­шақ аумағындағы 2,5 мың жылдай уа­қыт­қа созылған этнопроцесс өз мәресіне же­­тіп, ұлттық сипатқа ие болады да қазақ хал­қының қалыптасуының аяқталуымен бір ке­зеңде Қазақ хандығының құрылуы жүзеге ас­қан деген тұжырым жасайды. Қазақ хан­ды­ғының құрылуы Қазақстан аумағындағы этнопроцестердің тарихи қорытындысы екенін ортағасырларда әр тілде жазылған араб, түркі, моңғол, армян, орыс тіліндегі жаз­­ба деректер мәліметтері мен түркі халық­та­ры, қазақ халқының ауыз әдебиеті мате­риал­дарына сүйене отырып Қазақ ханды­ғы­ның құрылу тарихын кешенді түрде зерттеді. Тап­тық көзқарас тұрғысынан түсіндіріліп келген Қазақ хандығының құрылу тарихында ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Қазақ хан­ды­ғы мемлекет емес деген теорияны жоққа шы­ғара отырып, қазақ қоғамы өзіне ғана тән ұлт­тық сипаттағы мемлекет қалыптастырған де­ген объективті ғылыми тұжырымды ұсын­ды. Қазақ хандығының негізін қалаған тари­хи тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетті. 
Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан ау­мағында ежелгі замандардан бері үзілмей үз­діксіз жүріп келген этникалық процестер мен ХІV-ХV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қып­шақ аумағы мен оған көршілес аймақ­тар­дағы саяси құрылымдар дамуының заңды қо­рытындысы болып есептеледі. Сонымен бір­ге бұл маңызды оқиға – Қазақстан аума­ғын­дағы мемлекеттіліктің дамуында белесті бір кезеңі деп қорытынды жасады.
Мұнан кейін баспа бетін көрген ең­бек­терінде ұлттық сипаттағы Қазақ хан­­дығының өрлеуі, нығаюы мен күшею мә­селелері «Қазақ хандығының күшеюі» (2015), «Қазақ хандары туралы зерттеулер» (2019), «Қазақ хандығының басқару инс­ти­тут­тары» (2020) атты сынды бірқатар іргелі ең­бектерінде жүйелі жалғасын тапты.
Ғылыми еңбектерінде Берекет Кәрібаев ор­тағасырлық Қазақстан тарихындағы аса маңыз­ды кезең – ХV ғасырдың ортасы мен ХVІ ғасырдың соңы аралығындағы Қазақ хан­­­­дығының өрлеу, күшею, нығаю кезеңін, Қа­зақ хандығының Мауреннахр билеу­ші­лері­мен Түркістан аймағы үшін жүргізген кү­рес­терінің себеп-салдарын шығыс дерек­тері негізінде саралады. Атап айтсақ, VІІІ-ХІІ ға­сырларда жазылған араб тіліндегі Әбіл­қа­сым Убайдуллах ибн Адаллах ибн Хор­дад­бек­тің, Ахмед ибн Абу Якуб ибн Джафар ибн Ва­хаб ибн Вадих ал-Якубидің еңбектері мен ХІV ғасырдан бастапқы темірліктер дәуірін­де­гі тиесілі туындылар – Низам ад-дин Ша­ми­дың, Абд ар-Раззак Самаркандидың, Муйн ад-дин Натанзидың, Шараф ад-дин Али Йез­дидің еңбектерінен деректер келтірді. Шай­банилар кезеңіне қатысты деректер мен еу­ропалық, революцияға дейінгі, кеңестік ке­зеңдерде жарық көрген зерттеулер не­гі­зін­де Қазақ хандығы тарихындағы ежелден оты­рықшы-егіншілік пен қалалық мәде­ниет­тің дамыған аймағы – Сырдария бойындағы қа­лалардың орнын, ХІV-ХV ғасырлардағы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалардың саяси-әкімшілік, экономикалық, мәдени ор­талық ретіндегі мәнін шебер сипаттап, Дешті Қып­шақ билеушілерінің бұл қалалар үшін Мауреннахр билеушілермен жүргізген күрес­те­рінің тарихи маңызын терең талдады. Түр­кістан аймағының жалпы сипаттамасы мен оның қазақ халқы үшін тарихи маңызын түп деректер негізінде ғылыми тұжырымдама жасады.
ХV ғасырдың ортасынан бастап әртүрлі сая­си атаулардың орнына бір ғана саяси тер­мин – Қазақ хандығы атауы орнығады. Бұл атау ХVІІІ ғасырдың басына дейін Қазақстан ау­мағындағы жалғыз мемлекеттің атауы ре­тінде қолданыста болады. ХІ ғасырдан бері «Деш­ті Қыпшақ» деп аталып келген Ертіс пен Еділ өзендерінің, Сырдария мен Тобылдың жо­ғарғы ағысының аралығындағы орасан зор аймақ Қазақ хандығының құрылуымен оның одан кейінгі ғасырлардағы дамуы жаңа атау­ды тарих сахнасына шығарды. ХVІ ға­сырдың бірінші жартысында «Қазақстан» тер­мині алғаш рет жазба деректерде жа­зы­лып, ол «қазақтардың мекені», «қазақтардың елі» деген ұғымды айшықтады. Дешті Қыпшақ атауы тарихтың еншісінде қалып, жаңа мем­лекет – Қазақ хандығының құрылуы аймақ­тың саяси және этногеографиялық ұғымда­ры­на да әсерін тигізіп, жаңа жағдайларға сай жаңа атауларды қалыптастырды. Қазақ хан­­дығының құрылуымен Қазақстан аума­ғын­дағы бір тарихи дәуір аяқталып, жаңа бір та­рихи дәуірдің негізі қаланғаны Берекет Бақыт­жанұлы еңбектерінде кешенді зерт­те­ліп, ғылыми тұжырымдалды. 
Қазақ хандығы құрылған күннен бастап Тәу­ке хан билігі кезеңіне дейінгі күшею, «уа­қыт­ша» әлсіреу, қайта өрлеу, «текетірес» к­е­зең, жоңғарлармен алғашқы күрестер, бел­гі­сіз жылдар кезеңі және «алтын ғасыр» немесе Тәуке хан билік құрған жылдар деген ке­зең­дерге бөліп қарастырып, тарихи тұлғалардың, хан­дардың тарихи тұлғалық болмысын, қа­зақ тарихындағы алатын орны мен рөлін ашып көрсетеді.
Ғылымда түйінді мәселелерді шешу қа­шанда ғалымдарға артылатын жүк. Сондай күрделі істің түйінін шеше білген ға­лымдардың бірегейі Берекет Бақытжанұлы десек, артық айтпаған боламыз.
ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастау ала­тын Қазақ хандығының құрылған жылы ту­ралы даулы мәселеге ХХ ғасырдың 90-жыл­да­рының басында қазақ халқының тари­хы­ның ақтаңдақ беттерін зерделеу ісінде жаңа көз­қарастың қалыптасуына орай, Қазақ хан­дығының құрылуының нақты датасын бел­гілеу ісі күн тәртібінде басты мәселе бо­лып тұрды. Нақты деректердің болмауынан ғалымдар әртүрлі болжамдарды алға тартты. Өкі­нішке қарай, тарихшылар Қазақ хан­ды­ғының құрылған жылы туралы 1445 жылы (Ә.Хасенов), 1456 жылы (Қ.Салғарин) құрыл­ды деген болжамдар жасады. Тіпті, кейбір тарихшы ғалымдар Керей мен Жәнібек хан­дар ХVІ ғасырдың 30-40 жылдары жеке отау болып шықты деген пікірлерін алға тартты. Осы тұста Берекет Бақытжанұлы бұл жылдар­дың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, жоға­ры­да аталған жылдарды «неге ғылыми орта қа­былдамады?» деген сұраққа жауап іздеді. Зерт­теуші Қазақ хандығының құрылуы бір­не­ше жылдарға созылған үдеріс екенін тұ­жы­рымдап, хандықтың құрылуы 1457 жылғы Керей мен Жәнібек көшінен бастау алып, 1470/71 жылдары олардың бүкіл Шығыс Деш­ті Қыпшақтағы саяси билікті толық қо­лына шоғырландырғанын анықтап берді. 
Ол Қазақ хандығының құрылуы – Қазақ­стан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеп, ол – этникалық дамуды ха­лықтық деңгейге жеткізді, қазақ халқының халық болып қалыптасуының аяқталуына ық­палын тигізді, «қазақ» атты нақты этно­ним­­ді, «Қазақстан» атты жаңа этносаяси тер­­­минді дүниеге алып келді, Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын жаңа тарихи дәуірдің басталуына негіз салды деп санайды. Қазіргі кез­де еліміздің ресми атауы – «Қазақстан Рес­публикасы», халқымыздың атауы – «қа­зақ», жеріміздің атауы «Қазақстан» аталуының негізінде ХV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығы жатыр деген пікірін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. 
Ғалымның Қазақ хандығының тарих тө­ріне көтерілуі мен қазақ этносының қа­лып­тасу тарихын жан-жақты саралап, Қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы үш мың жыл аралығында 20-дан аса саяси құрылым мен мемлекеттердің тарихи сабақтастығын ке­шен­ді түрде зерттеуінің нәтижесінде жарық көр­ген еңбектері қазақ тарихы үшін аса құн­ды.
Ғылымға келу бір күнде пайда болатын құбылыс емес. Оның негізі адамның жасынан кітапқұмар болуында, оқығанын тоқи білетін қабілетінде жатады десек, бүгінде танымал тарихшы ғалым Берекет Бақытжанұлының таң­дап алған жолына ол өскен отбасы тәр­биесінің игі әсері болғанын білеміз. Ғалым­ның әкесі Бақытжан Кәрібайұлының ауыл­дық кітапханада кітапханашы қызметін ат­қар­ған, балаларының бәрін кітап оқуға, оның ішінде пайдалысын үйреткен жан. Анасы Бақытжамал Ділмағамбетқызы – балаларына қазақи тәрбие берген «Батыр Ана». Көпбалалы отбасында өскен Берекет Бақытжанұлы адам­гершілік, ағалық қасиеті де өнеге тұтарлық. Ғалым бойындағы өзіндік шешім қабылдау мен ғылым жолындағы адалдық принцип­терді қатаң ұстануы студент жастардың тұлға ретінде қалыптасуында зор пайдасын тигізер өнеге. Бұл жол – ғалымның жас маман бойын­да тұрақтылықты, ұжымды бір бағытта біріктіре білуді, кәсіби мамандарды даярлау­дағы дара жол дер едік.
Бір кезде жазушы болуды армандап, оқушы кезінде әңгімелері баспасөзге жа­рияланған, кейін әскерде жүргенде тарих ғы­лымына қызығып, содан бергі жерде ғұ­мырын осы ғылым саласына арнап келе жат­­қан Берекет Бақытжанұлының ғылым­дағы жетістіктері қашан да құрметке ие. Әріптес тарихшылар ұжымы оны талапшыл, ғылым жолында адал, зиялы азамат ретінде құрметтейді.
Еуроазиядағы тамыры терең ежелгі мә­дениеттің мұрагері қазақ елі десек, сол елдің төл тарихын зерттеп, Қазақ хандығы туралы ір­гелі еңбектерімен отан тарихының рухын аспандатқан академик Берекет Кәрібаевтың еңбектері болашақ ұрпақ үшін құбыланама­дай ақиқатқа сілтей берері хақ.

М.Дауытбекова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
тарих факультетінің доценті

 

Серіктес жаңалықтары