TÚRKISTAN-да жарияланған дүние жерде қалмайды

Сіздерге дейін «қандас» немесе «оралман» сөзінің мағынасы мен үшін басқаша болатын. Ал сіздер менің көзімді ашып, көп нәрсе түсін­дір­діңіздер. Біз, Еуропа қазақтарынан басқа, жалпы әлем бойынша бэкграунды басқа бол­са да, проблемасы бізбен ортақ қандас көп екенін байқат­ты­ңыз­­дар. Мен TÚR­KIS­TAN секілді басылым­ның барына өте қуа­ныш­ты­мын. Сіз­дер маған қа­раң­ғы­да жол көр­сететін шы­­рағдан бол­ды­ңыз­­дар.

TÚRKISTAN-да жарияланған дүние жерде қалмайды
1619

«Баспасөзге жазылған дүние оқыл­май­ды. Оған билік назар аудармайды» деген — бекер әңгіме. «Төртінші билік» әлі тұ­ғы­ры­­нан түскен жоқ. Оған биыл TÚRKISTAN га­зетіне жарияланып, ше­ші­мін тапқан мы­на мақалалар дәлел бола ала­ды. Мар­хаб­бат, оқып шығыңыз, қадір­лі оқырман!

 

«Қазақстан Президенті  TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын»


Тұп-тура бір жыл бұрын былтыр 30 жел­тоқсан күні Мәскеуде TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері мемлекеттік наг­­радаға лайық деп танылған еді. Қазақ­стан­ның Ресей Федерациясындағы сол кез­дегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Кө­­­шербаев Мәскеудегі елшілік ғимаратында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығы бойын­ша «Омбы қазақтары» ұйымының не­гізін қалаған Торғын Әшенова мен Крас­ноярс­кідегі «Ақ Жайық» қазақ ұлттық-мә­дени автономиясының негізін қалау­шы­лар­дың бірі Гүлнара Төлешоваға «Шапағат» ме­далін табыс етті.

Омбы облысы губер­на­то­ры­ның сыйлығын, өз аймағында «Жыл адамы» атағын иеленсе де, бұл марапаттың бәрі­нен биік екенін айтқан Торғын «Қа­зақ­стан Президенті TÚRKISTAN газеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын. Ра­сымен, TÚRKISTAN Президенттің бізді та­нып-білуіне үлкен септігін тигізді», – деп ағы­нан жарылған еді. Ал Гүлнара «Қа­зір­гідей жас кезімде «Ша­пағат» секілді мем­лекеттік на­г­ра­даны алғаныма әлі күн­ге дейін сене алар емеспін. Өз мә­дениетін «иығына» салып, арқалап жүр­ген әрбір азамат ме­нің сезінгенімді се­зін­сін, мен секілді тө­бесі көкке көтерілсін деп тілеймін», – деп га­зет ұжымына алғысын жеткізген болатын.

«Сұхбат газетке шыққан соң, ұжымда күтпеген тосынсый көп болды»


Биылғы басты мәдени жаңалық деп Ас­та­на қаласындағы Музыкалық жас кө­рермен театрының ұжымы сахналаған «Гауһартас» музыкалық драмасын айтсақ қа­те­леспейміз. Премьерасы өткен күннен бас­тап, маусым аяқталғанға дейін, жалпы саны 8 ай ішінде 155 мәрте көрермен назарына ұсы­нылған Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасы расымен ел ішінде үлкен ре­зонанс туғызды. «Гауһартастан» бөлек, Му­зы­калық жас көрермен театрының ре­пер­туарында көрермен ықыласына бөленген тағы 18 қойылым бар. Олар «Гауһартас» се­кіл­ді аншлагқа толы қойылым болғанын теат­р­сүйер қауым жақсы біледі. Сондықтан атал­ған театр қызметкерлері үшін 2023 жыл өте табысты жыл болды деуге болады. Бұл та­бысты еселей түсуде TÚRKISTAN-ның да үле­сі бар.
«Мен TÚRKISTAN газетінің бас редакторы Бауыр­жан Бабажанұлына берген сұхбатым ба­сы­лымның 4 тамыз күнгі санына «Қайта жар­қыраған «Гауһартас» атты тақырыппен шық­қан болатын. Сол сұхбат Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілі­ніпті. Соның арқасында 7 қыркүйек күні Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қа­ласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Пре­зидент әкімшілігінен әлеуметтік салаға жауап­ты адамдар театрдың 4-маусымашарына ар­найы келіп қатысып, «Гауһартас» музы­ка­лық драмасының авторы, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Иса­бековпен бірге спектакльдің 100-көр­сеті­лімін тамашалады. Спектакль біткен соң Пре­зидент Қасым-Жомарт Кемелұлының аты­нан арнайы ықы­­лас гүлі салта­нат­­ты түр­де табыс етілді. Мемлекет бас­шысының назар ау­­даруы жас актер­лер­дің ерекше құл­шы­­ны­сын оятты, ұжым­да ерекше шы­ғар­машылық сер­пі­ліс пайда болды», – дейді Музыкалық жас көрермен теат­ры­ның директоры Асхат Маемиров.

Сол сұхбатта театрда қызмет ететін жас әр­тістердің әлеуметтік мәселелері сөз етілген болатын. Белгілі болғандай ол мәселелер қазір рет-ретімен шешімін тауып жатса ке­рек. Мысалы, Астана қаласы әкімдігі тұрғын үй алуға кезекте тұрған, театрда жұмыс іс­тейтін 6 отбасыға қызметтік пәтер беріпті. «Бұл – ұжым үшін мүлде күтпеген тосынсый бол­ды. Президентіміздің баспасөзде жа­рия­ланған дүниелерді жіті қадағалап, нақты ш­ешім қабылдайтынының куәсі болдық. Осы ара­да айта кетейін, қалың көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленген «Гауһартас» му­зы­ка­лық драмасы – «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңім­пазы болып, «2023 жылдың ең үздік му­зыкалық драма қойылымы» атанды. «Қа­зақ­стан театр сыншылары» халықаралық бір­­­лестігінің шешімімен «Гауһартас» му­зы­калық драмасындағы Салтанат бейнесі үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова «Жыл­дың үздік актрисасы» атанды. «Гауһартас» музыкалық драмасындағы басты бейне Қайыр­кенді сомдаған Асылхан Төлепов ту­ған жері – Ақтөбе облысы «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атанды. Ұжымның басқа да жетістіктері көп. Ең бастысы, сұхбатта ай­тылғандай, «Гауһартас» қайта жарқырады. Ал Мемлекет басшысының ыстық ықы­ла­сынан кейін ұжымда ер­теңге деген сенім пайда болды. Бұл шығар­ма­шылық адамдары үшін аз олжа емес. Сол үшін де TÚRKISTAN газетінің ұжымына ерекше ал­ғыс айтамыз», – дейді Асхат Маемиров театр ұжымы үшін келер жылы да табысқа то­лы жыл болатынына сенім білдіріп.

«TÚRKISTAN кейіпкері мен үшін аспаннан түскен ғажайып болды»


TÚRKISTAN газетінің 2022 жылғы №47 (1476) санында «Емделуге келген қандас­та­ры­на үйін тегін беретін Ыстанбұл қазағы» де­ген атпен Түркиядағы беделді адвокат әрі кә­сіпкер Нұрабдуллах Жәдіктен алған сұхбат жа­рияланған болатын. Онда Нұрабдуллах аға соң­ғы төрт жарым жылда Түркияға дертіне шипа іздеп барған 60-қа жуық қандасқа қол ұшын созып, Ыстанбұлда бос тұрған үйінде тегін тұрғызатынын айтып, көпшіліктің ықы­­ласына бөленген еді. Бізге берген сұх­ба­тын­да «Онсыз да қиналып жүрген бауыр­ла­рым Түркияға келгенде баспана іздеп, шарқ ұрып, ешкімге жалтақтамауы керек. Жарық, су, газ, интернеттің ақысын да өзім төлеймін. Қай әуежайдан түсетінін сұраймын, қолым бос болса өзім күтіп аламын. Үйге алып келе­мін. Сосын қолдарына сим-карта беремін, олар оны телефондарына орнатып, осындағы кли­ника дәрігерлерімен хабарласа алады», – деп барлық жағдайды жасап қойғанын айтқан болатын. Сол сұхбаттан соң Түркияға ем-дом алу­ды жоспарлап жүргенін айтып, хабарлас­қан­дардың қатары көп болды. Одан бөлек, өзіміз де ата-анасын, туған-туысын шетелге ем­детуге апарғысы келетін біраз адамға «Түр­кияда осындай жанашыр қандасымыз бар. Хабарласып көрсеңіз болады» деп айтып жүр­дік. Солардың бірі – әріптесіміз Марғұлан Ақан­ның анасы. ол кісі 5 жылдан бері  омы­рау безі обырымен күресіп келеді. Мар­ғұлан анасының жағдайы биыл күрт өз­гер­ген соң дереу шетелге апарып қарату тура­лы шешім қа­былдап, ақырында Түркия­ның Ыстанбұл қа­ласындағы Liv Hospital кли­никасының дәрі­герлерімен келіссөз жүр­гізеді. «Кететін қар­жы да аз емес, 20 миллион теңгенің үстін­дегі қомақты ақша. Ағайын-туыс болып жинасақ та, бұл ақшаны бірден табу қиын екенін білдім де, айналамдағы дос-жаранның қолдауымен анамның емі үшін арнайы қор ашып, керек соманың 90 пайызын жинап, Ыстанбұлға жол тарттық. Алайда аталған қорды ашқан кезде бүкіл мәселе шешіліп кеткен жоқ. Ұшақ билетінен бастап, жүріп-тұру, бірнеше айға созылатын емді алу үшін тұратын тұрақты үй керек еді. Ыстанбұл секілді ірі қалада үй жал­дап тұруға ай сайын 1000-1200 АҚШ дол­лары кетеді екен. Оның сыртында төлемдері бө­лек жү­реді. Сондықтан Ыстанбұлдағы таныстар арқылы үй мәселесін реттеу керек деген ой сап ете қалды», – дейді Марғұлан сол кездегі шарасыз күйін есіне алып. «Бірнеше күн бойы бір ғана үйдің мәселесімен жүрген кезде TÚRKISTAN газетінің тілшісі әрі әріп­тесім Әлия Тілеужанқызы қасыма келіп, үйдің жайын сұрады. Мен әлі таба алмай, сар­саңға түсіп отырғанымды айттым. Әлия Нұра­б­дул­лах мырза Ыстанбұлға емделуге келген қа­зақтарға үйін тегін беретінін, қанша ай бол­са да, тұрып, емін алып кетуге бола­ты­нын айтқан. Аштықта жеген құйқаның дәмі тәт­ті де­мекші, Әлияның айтқан кейіпкері мен үшін сол кезде аспаннан түскен ғажайып бол­ды.

TÚRKISTAN газетіндегі Әлияның жаз­ған сұхбатының арқасында Нұрабдуллах аға­ның үйінде тегін бір жарым ай бойы тұр­дық. Ағаның және әпкесі Нұрила апаның да жақсылығын бір адамдай көрдік. Айтпақшы, Ыстанбұлға барғанда Нұрабдуллах ағамызға өзі шыққан TÚRKISTAN газетін апарып бер­дім. Газетті ары-бері қарап, қуанышында шек болмады. Кейін үйге барған кезде газетті бәрі­не ұсы­нып, өзі­нің сонда сұх­­­бат бер­генін, біз­дің де сол сұхбат ар­­­қылы осы үйді та­уып кел­генімізді ай­тып, жа­дырап қал­ды», – дей­ді Мар­ғұ­лан Нұ­рабдуллах аға­ның біз­дің басы­лымды көргенде бойын қуа­­ныш кернегенін айтып. 

«Қосағаш қазақтары сіздердің басылымдарыңызға дән риза»


Біздің басылым Ресей Федерациясы Алтай Республикасына қарасты Қо­са­ғаш ауданында тұратын қазақтардың тұр­мыс-тіршілігі туралы жиі жазады. Қосағаш ауда­нына таралатын «Шүйдің нұры» газетінің ре­дакторы әрі ондағы қазақтар ұйымының тө­рағасы Арқалық Рысбекұлы TÚRKISTAN-ға «Ресейдегі ұлттық болмысы таза сақталған қа­­зақтар Қосағашта тұрады» деген атпен шық­қан сұхбатында 15 мың қазақтың басын біріктіріп, берекесін арттыруды мақсат етіп, қазақша оқулықтар басып шығарып, қазақ кү­ресін айрықша дәріптеп жүргенін айтқан бо­латын. Алайда ол қазақ күресі десе ішер асын жерге қоятын қандастарға күртеше же­тіс­пейтінін айтып, «Ресейдің қай өңіріне ба­­рып қазақ күресінен киім сұрайсың? Кім бол­­са да, «Дұрысы, атамекеніңнен сұра­саң­шы» дейді ғой» деп көмек сұраған еді. Бұл сұхбатты оқыған қазақстандық кәсіпкер Айталап Қорғамбаев біздің редакцияға ха­барласып, Қосағаш балуан­дарына көмек­тес­кісі келетінін, оларға күртешені қалай жі­беру­ге болатынын сұра­ған еді.
«Қосағашта қазақилығымызды сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатқан соң, ұлттық спортымыз да қалыс қалмасын деп қазақ күресін дамытуды қолға алдық. Алай­да, бізде бір үлкен кедергі болды. Бір­не­ше жыл бұрын ауданда бірінші рет қазақ кү­ре­сінен Азия чемпионаты өткен болатын. Сол кезде ұйымдастырушылар күртешелер алып келген болатын. Бірақ бүгінде ол киім­дер тоз-тозы шығып, жыртылып қалды. Ал мұн­дай киім Ресейде, Моңғолияда да тігіл­мей­ді. Қазақтың күресі болған соң, ол киімді Қазақстаннан басқа қай елден сұраймыз? Осыны сіздерге берген сұхбатта тілге тиек етіп айтқан едім. Аз уақыттан соң атаме­кен­дегі ұлтжанды бір азамат хабарласып, сіздерде шыққан сұхбатты оқығанын, 10 күртеше беріп жібергісі келетінін айтты. Ол кәсіпкердің есімін ұмытып отырмын. Моң­ғолиядан атажұртқа көшіп барған аза­маттар екені есімде қалып кетіпті. Олар әлгі күртешелерді Алматыдан Баян-Өлгейге, со­сын ол жақтағылар такси арқылы бізге салып жіберді. Қатты риза болдық. Бәрінен бұрын қазақ күресін танытқысы келетін намысшыл атлеттеріміз дән риза болды. Содан соң Алтай республикасынан жиналған балуан­дар­дың басын қо­сып, қазақ күресі­нен турнир ұйым­­дас­­тырдық. Сол кез­де балуан­да­ры­мыз бозкі­лем­ге ал­матылық кәсіп­кер­лер беріп жібер­ген сол күртешелер­ді киіп шықты. Мұ­ны бақылап тұрған мен сол кезде кере­мет сезімде бол­дым!», – дейді Арқа­лық қуанышын жасырмай.
Арқалық өзі журналист болған соң, мұң-мұқ­­тажын айтып, көмек сұрайтын кейіп­кер­лермен кері байланыс орнатудың «ғажабын» бір кісідей түсінетінін айтады. «Тек Қазақ­стан­ды мекендеген халықтардың пробле­ма­сын тізіп шықпай, бізді, шетте тұратын қа­зақтарды да ұмыт қалдырмай, бізді үнемі іздеп, хат-хабар жіберіп тұратын сіздерге дән ризамын. Қандастарды назардан тыс қал­дырмай, сіздерді бағыттап отырған бас ре­дак­торларыңызға да алғысымды жеткізгім келеді. Алладан қайтсын! Оқырман көп бол­сын! Қазақ көп шоғырланған Ресей мен Қа­зақстан арасында алтын көпір болып жүре беріңіздер! Содан соң, әлбетте, бізге 10 бірдей күртеше жіберіп, көңілімізді көкке көтерген бауырларыма да ризашылығымды білдіремін. Олар біздің басымыз қатып жүрген мәселені сіздердің басылымдарыңыздан оқып білді ғой. Демек, олар – TÚRKISTAN-ның тұрақты оқыр­маны. Біздің оларға айрықша алғыс айт­қымыз келетінін, бүкіл Қосағаш жастары олар­ға риза екенін де осы басылымнан оқи­тын болар. Осындай бауырмал азама­т­тары­мыз көп болсын! Атамекеніміздің айбыны әр­кез асқақ болсын! Көк Туымыз құламай, мәң­гі желбіреп тұрсын! Қазақстанның шетте тұра­тын қазақтарға деген көзқарасы өте жақ­сы. Мен мұны Алтай қазақтарының аты­нан нық сеніммен айта аламын!», – дейді Ар­­­қалық Қазақстан тарапынан қолдаудан кенде емес екенін айтып. 
TÚRKISTAN арқылы көмек сұраған тағы бір қосағаштық – Қосағаш ауданында ал­ды­мен ауыл әкімі, сосын аудан әкімінің орын­басары қызметтерін атқарған, кейін «Қазақ нұры» деген атпен ұлттық мәдени ұйым құр­ған Ерболат Бөленханұлы.

Біздің басы­лымға бір ай бұрын «Ресейде қазақтілді те­леарна ашқан тұңғыш қазақ» деген атпен шыққан сұхбатында ол бір жыл бұрын ашқан Қосағаш ТВ телеарнасының эфирін толтыру үшін материалдар ауадай қажет екенін айтқан болатын. Ол: «Бізге керегі – қазақша кинолар, концерттер мен мультфильмдер ғой. Үлкендеріміз қазақша кино көргісі келеді. Немерелері де қазақша мультфильм көріп өссе дейді. Мен қазір осындай дүниелер іздеп, сұрастырып жүрмін. Рұқсатсыз таратуға әсте болмайды. Ол үшін алдымен келісімшарт жасасу керек. Қазақстандық телеарналардың эфирден талай жыл бұрын көрсетілген, архивке салып тастаған ескі дүниелері бізге жарайтын еді. Осы жағынан телеарнаны тізгіндеп отырған бауырлар бізге көмектесіп жіберсе деймін», – деп отандық телеарна басшыларынан көмек сұраған болатын. Бұл сұхбат шыққанның ертесі бірқатар республикалық және аймақтық телеарна басшылары редакцияға хабарласып, архивтегі қорды беруге әзір екенін, Қосағаштағы қандастардан ештеңе аянып қалмайтынын айтып жеткізді.
«TÚRKISTAN газетінің ұжымына, соның ішінде журналист Әлия қарындасыма ерекше алғысымды айтқым келеді. Расында, біздің ауданда телеарна ашылғанын бірі білсе, бірі білмейтін. Сол сұхбаттан соң, атажұрттағы көпшілік хабардар болып, маған хабарласып, не қажет екенін сұрады. Бірінші болып «Ха­бар» агенттігінің өкілдері хабарласып, мән-жайды сұрастырды. Бәрін егжей-тегжей тү­сін­діріп бердім. Ақырында біз оларға қажет құ­жаттарымызды жі­бердік. Ал олар бол­са, біз­ге қажет көр­кем фи­льм, де­рек­ті фи­льм, мульт­фильм, кон­церт бағ­дар­ла­малары­ның ті­зімін жі­берді. Қат­ты риза бол­дым! Ке­ліссөз жүр­гізу уа­қы­ты Жа­ңа жылмен тұс­­па-тұс келіп қал­ды. Бұйыр­са Жаңа жыл­дан соң келісімшарт жасасамыз. Одан бө­лек, өзге аймақтағы журналистер де ха­бар­ласып, қолдау білдірді. «Не керек, соны айт» деп ыстық лебіздерін білдірді. Өте қуа­ныш­тымын», – дейді Ерболат Бөленханұлы келесі жылы өзі ашқан телеарнаның жұмысы жандана түсетініне ерекше қуанып. 

 «TÚRKISTAN менің көзімді ашты»


Биыл TÚRKISTAN арқылы өз үнін жет­кіз­гісі келетіндердің қатарында Иран, Германия қазақтары да болды. TÚRKISTAN га­зетінің 2023 жылғы 20 қазанда шыққан №42 (1522) санында «Қазақстанға қазақ еке­ні­мізді дәлелдей алмай жүрміз» деген та­қы­рыппен «Иран қазақтары кеңесінің» төрағасы Таеф Бегейдің сұхбаты жарияланған болатын. Онда ол соңғы отыз жылда Иран жерін мекен еткен қазақтардың бар ойы атажұртқа көшу екенін, алайда төлқұжаттарында ұлты жа­зыл­майтындықтан тарихи Отанына көше алмай отыр­ғанын айтып, көмек сұраған еді. «Біз – шетел қазақтары аш емеспіз. Кедей емеспіз. «Ана жерде тұратын қазақтардың тұрмысы нашар» деген көзқарастан арылу керек. Біз тіпті де ондай емеспіз. Біз жағдайымызды жақ­сартқымыз келгеннен емес, атажұртқа аң­сарымыз ауып тұратындықтан, жүре­гі­міз­дің бір бөлшегі жетіспейтіндіктен көшкіміз келеді», – деп ағынан жарылған ол Ирандағы қандас бауырлардың жан айқайын жеткізіп, жауапты органдардан бұл мәселенің шешімін тезірек табуға үндеген болатын.

Оның бұл сұх­батын оқыған бір топ депутат бұл істі бей­жай қалдырмайтынын айтып, көмек қо­лын созатынын айтқан болатын. Айтқандай-ақ, кеше Мәжілістің биылғы соңғы отыры­сын­да Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракция­сының мүшесі Болат Керімбек атамекенге келем деген ағайындарға қолдан кедергі жасап отырғанымызды айтып, мәлімдеме жасады. «Түркия, Иран, Пәкістан, Сауд Ара­биясы және Еуропа қазақтары үшін өте өзекті мәселе – ол төлқұжаттарында ұлты көрсетіл­меуі. Осының салдарынан қандастарымыздың жеңілдетілген виза, азаматтық алу мәселелері қиындап отыр. Бұл шетелден атажұртқа кел­ген азаматтардың этникалық қазақ еке­нін айқындайтын нормативтік-құқықтық негіздердің болмауын көрсетіп отыр. Қазір ұлтының қазақ екенін растау үшін қайда жүгінуі керегін сұраған қандастардың қа­тары көбейіп отыр. Бұл – үлкен проблема», – деді Болат Керімбек өз мәлімдемесінде.
«Отандастар» форумына келген кезде елде TÚRKISTAN секілді қандастар туралы жа­затын басылым бар екенін білдім. Сөйтіп, бізді алаңдатқан, кө­кейімізді тесіп бара жат­қан мәсе­ле­лердің бә­рін ба­сы­лым жур­на­лисіне айтып бер­дім. Расында, TÚR­KIS­TAN – қан­дас­тар­дың мұңын мұң­дап, жоғын жоқ­тай­тын басылым екен. Мың алғыс! Көп дү­­ние­міз­ге арқау бол­­ды. Сол басы­лым­­ға шық­қан соң, Мә­жіліс депутат­тары, біздің, Иран қазақ­та­рының жағдайынан хабардар болып, біз­бен кері байланыс ор­нат­ты. Ресми хат жазып, онда мәселенің мән-жайын тізіп, депутаттарға жол­дадық. Құдай қа­ласа, келер жылы бұл мә­селелер оң шеші­мін тауып, бәрі жақсы бола­ды деп сенемін», – дейді Таеф Бегей тұра­лап қалған бұл мәселенің бақылауға алын­ғанына риза болып.
TÚRKISTAN газетінің 2023 жылғы 27 қа­занда шыққан №43 (1523) санында Түркияда туып, Германияда өсіп-өнген, алайда екі ай бұрын Астанаға қо­ныс аударған ІТ ма­ма­ны Исмаил Че­тин­көз­бен сұхбат жа­рияланған бола­тын. Онда білікті ма­ман «Тарихи Отан­­ға оралуыма се­беп бол­ған екі нәр­се бар. Бірін­шісі – ұлттық бі­регейлік. Қазақ­станда мен – қазақ­пын. Екіншісі – халықаралық компанияларда жинаған тәжірибемді осында кіріктіріп, бар білгенімді ортаға салғым келеді», – деп көңіліндегісін бүкпей жеткізген болатын. Алайда кейін виза рәсімдеу жағынан бірқатар кедергілерге тап болған ол Германияға қайтуға мәжүр болған еді. Атажұртына арман қуып келген Исмаил жоғарыда айтып өткен «Иран қазақтары кеңесінің» төрағасы Таеф Бегей секілді этникалық қазақ екенін дә­лелдей алмай, тіпті этникалық қазақтарға бе­рілетін визаға қатысты туындаған кедер­гілердің себебін түсінбей аң-таң болған еді. 

«Ең алдымен TÚRKISTAN ұжымына және «Отандастар қорына» алғыс айтқым келеді. Сіздер менің көзімді аштыңыздар. Сіздерге дейін «қандас» немесе «оралман» сөзінің мағынасы мен үшін басқаша болатын. Бұл сөзді сипаттауға қиналатынмын. Ал сіздер менің көзімді ашып, көп нәрсе түсін­дір­діңіздер. Біз, Еуропа қазақтарынан басқа, жалпы әлем бойынша бэкграунды басқа бол­са да, проблемасы бізбен ортақ қандас көп екенін байқат­ты­ңыз­­дар. Мен TÚR­KIS­TAN секілді басылым­ның барына өте қуа­ныш­ты­мын. Сіз­дер маған қа­раң­ғы­да жол көр­сететін шы­­рағдан бол­ды­ңыз­­дар. Мұ­ны кейде Еуропа қа­зақ­тары түгілі, Қа­зақ­стан қа­зақтары да байқа­май жата­ды. Сіздер біз бұ­рын-соңды көр­­ме­ген түрлі си­туа­ция­ға «жарық» сый­лай білдіңіздер. Алдағы уақытта TÚRKISTAN қандас­тар арасында бұ­рын­­ғыдан бетер көп байланыс орнатуға, бір-біріміздің мәселемізді оңай түсінетіндей дең­гейге жеткізетін басылым болады деп сенемін», – дейді Исмаил.

P.S.
Байқап отырғандарыңыздай, TÚRKISTAN-да жарияланған дүние жерде қалмайды. Бұл – біздің газетіміз көтеріп, шешімін тапқан мәселелердің бір парасы ғана. TÚRKISTAN-ға мәселесін айтып келетін, хат жазатын оқырман көп. Әсіресе, тағдыр тәлкегімен дүниенің төртбұрышына тарап кеткен қандастарымыздың біздің газетке ерекше сенім артатыны қуантады. Біз де сол сенімнің үдесінен шығуға тырысамыз.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
 

 

Серіктес жаңалықтары