Астана әуежайында дабыл жарияланды

Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметі жолаушының қол жүгін тексеріп, жолаушыны желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды.

Астана әуежайында дабыл жарияланды
Фото: ult.kz

Астана халықаралық әуежайының Авиациялық қауіпсіздік қызметі әуежай аумағында дабыл жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.  

Әуежайдың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Астанадан Алматыға КС954 рейсімен ұшқалы тұрған 44 жастағы азамат тіркеу кезінде жол жүгінде қару мен есірткі алып бара жатқанын жеткізген. Әуежай қызметкерлері бірден «қауіпті» жолаушы тұрған аймақты қоршауға алып, Мемлекеттік күзет, Ұлттық қаіпсіздік қызметі, терроризмге қарсы орталыққа жедел хабарланды.

Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметі жолаушының қол жүгін тексеріп, жолаушыны желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды. Жолаушы желілік полиция қызметкерлеріне берген түсініктемесінде қол жүгінде қару мен есірткі барын әзіл ретінде хабарлағанын жеткізген.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің нұсқамасымен Астана халықаралық әуежайында дабыл алынып тасталды. Аталған оқиға ҚР Қылмыстық Кодексінің 273 бабы, дайындалып жатқан терроризм актісі бойынша жалған ақпарат тарату бойынша 5 000 АЕК (17 млн теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлеуге немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылуға алып келеді.