2050 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің саны 28%-ға өседі

2050 жылға қарай республика халқы шамамен 27,5 млн адамды құрайды деп күтілуде.

2050 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің саны 28%-ға өседі
classpic.ru

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары дайындаған 2050 жылға дейінгі демографиялық болжамға сәйкес едәуір ықтимал сценарийде 2026 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің саны 9,5 млн адам деңгейінде тұрақтанады, 2028 жылдан бастап белсенді өсе бастайды және 2050 жылға қарай 12 млн адамға жетеді, деп хабарлады turkystan.kz.

«2027 жылға дейін жұмыс күшінің көрсеткіші объективті факторларға байланысты аз немесе мүлдем өспейді деп күтілуде. Бізде жұмыс күшінің азды-көпті белсенді өсуі шамамен 2028 жылдан басталады деп күтілуде. 2031 жылға қарай біз 10 миллион адамға, 2040 жылға – 11 миллионға жақындаймыз. Осылайша, жұмыс күші жылына шамамен 100 мың адамға өседі. 2050 жылға қарай біз 12 млн адамнан тұратын деңгейге жетеміз, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (9,256 млн) өсім 28%-ды құрайды», – деді ЕРДО Болжау және зерттеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өңірлер бөлінісінде бірінші кезекте мегаполистерде, оның ішінде Астанада жұмыс күші санының өсімі күтілуде. Онда 2050 жылға қарай өсім 2,4 есе болуы мүмкін. Алматыда жұмыс күші іс жүзінде екі есеге артады, Маңғыстау және Алматы облыстарында оның саны 80 %-ға өседі.

«Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күшінің 45%-ға қысқару қаупі бар. Сондай-ақ, төмендеу күтілетін өңірлер тізімінде Қостанай (-29%), Абай (-25%), Павлодар (-24%) облыстары бар.

Жетісу бойынша мәселе әлі де ашық күйде қалуда. Қазіргі уақытта облыста жұмыс күші қысқара ма әлде өсе ме белгісіз, оны  анықтау үшін деректер жеткіліксіз. Әзірге ондағы болжамдар қысқарады деп көрсетуде», – деді сарапшы.

Сондай-ақ болжам шеңберінде 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті жастан кіші және одан жоғары жастағы халықтың жылдам өсуі есебінен еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлесі (59 %-дан 57 %-ға дейін) аздап төмендейтіні атап өтілді.

Бұл ретте еңбекке қабілетті халықтың саны 2050 жылға қарай 33%-ға ұлғайып,15,68 млн-ға жетеді. Еңбекке қабілетті жастан кіші халық 36%-ға, 8,18 млн-ға дейін, ал еңбекке қабілетті жастан асқан халық 68%-ға, 3,7 млн-ға дейін өседі.

Жалпы, 2050 жылға қарай республика халқы шамамен 27,5 млн адамды құрайды деп күтілуде, олардың үштен екісі мегаполистер мен оңтүстік өңірлерде тұратын болады.