Умраға жолдама: Lego-дан Меккедегі мешітті құраған 10 жастағы Нұрали

Lego-дан құрастырылған Меккедегі әл-Харам мешітінің макеті қажылық компаниясына сыйға тартылады.

Умраға жолдама: Lego-дан Меккедегі мешітті құраған 10 жастағы Нұрали
5358

Желіде Lego-дан Меккедегі әл-Харам мешітін құраған 10 жастағы Нұрали Жұмабектің бейнежазбасы аз уақыт ішінде 2 миллионнан астам қаралым жинады. Оның бұл туындысына тәнті болған көпшілік тілекті қарша боратып, тілектестік білдірді. Turkystan.kz тілшісі желі жұлдызына айналған баланың анасына хабарласып, аз-кем әңгімелескен болатын.

Нұрали Құдіретоллаұлы Алматы қаласында тұрады. Кішкентайынан зерек, қолөнерге жақын болып өскен ол 4 жасынан бастап конструктор құрауға қызыға бастапты.

«Нұрали қазір Damu зияткерлік мектебінде 5-сыныпта оқиды. Өзі  – отбасымыздың тұңғышы, артынан 2 қарындасы мен інісі еріп келеді. Жалпы, бала атаулы ойыншыққа құмар келеді емес пе? Нұрали де кішкентайынан түрлі ойыншыққа әуес болды. Жасынан зерек, өз затына ұқыпты қарайтын баламның барлық ойыншығы әлі күнге дейін өз қалпында сақтаулы тұр. Ал Lego-ға деген қызығушылығын 4 жасында байқадық. Бастапқыда ебін таппай, конструктор құрамын деп қиналған баламның қасында өзім отырып, көмектестім. Кітабын бірге оқып, бағыт-бағдар көрсеттім», – дейді Нұралидің анасы Айдана Оқас.

Бейімін байқаған ата-ана баласының бұл қабілетін ұштай түсу үшін балабақшадағы «робототехника» үйірмесіне жазады.

«Нұрали барған балабақшада «робототехника» сабағы қосымша түрде жүргізілді. Балам бірде-бір сабақтан қалмай, қатысып жүрді. Ал мектеп табалдырығын аттаған күннен 3-сыныпқа дейін «Робототехника» үйірмесіне барып жүрді. Қазір «Ағаш өңдеу» үйірмесіне қатысып, шеберлігін шыңдап жүр. Алайда, робототехникадан бас тартқан емес. Сабақтан бос уақытында түрлі конструкторды құрайды», – дейді анасы.

Алғашқыда кішкентай көліктерді құрастыруды қолға алған Нұрали бірте-бірте үлкен туындыларды құрастыруға көшкен. Оның ішінде 700-800 бөлшектен тұратын қайық та бар.

«Нұралидің әкесі – өнер адамы. «Өнер қырандары» театрының актері – Құдіретолла Жұмабек. Бір күні жолдасымның жұмысына біреулер келіп Lego-ны сатқан. Жұмысына сәл кешігіп келген жолдасыма конструктор жетпей қалады. Сатып алған әріптестеріне қанша өтінгенімен, ешкім оған сатқысы келмепті. Сонымен, тағы 1 ай күтіп, Lego-ны алдыртқан. Балам сол конструкторды 1-2 апта ішінде, сабақтан тыс уақытында құрап бітірді», – дейді Айдана Оқас.

Нұралидің айтуынша, Нұрали құрастырған туындылардың ішіндегі ең үлкені әрі күрделісі – Меккедегі әл-Харам мешіті екен.

«Мешітті «тұрғызуға» 2,5 апта уақытым кетті. 2 300 детальдан құралған. Биіктігі – 22 см, ұзындығы – 62,2 см, ал ені – 43,4 см», – дейді Нұрали Жұмабек.

Анасының айтуынша, Нұрали ол Lego-ны 2 рет бұзып, қайта құраған.

«Жалпы, Lego – өте қиын. Оны құрап жүргендер жақсы біледі. Себебі бір детальдің орны ауысса, құрап жақтан дүние шықпай қалады. Әл-Харам мешітін құрауда Нұрали 3 рет «сынақтан» өтті. Бірінші рет құрау барысында балам мектепке кеткенде, үйдегі мысық оның құрағанын шашып тастады. Екіншісінде, қарындасы абайсызда бұзып алды. Бір қызығы, конструктор жартылай бұзылса да, балам өзі толық шашып тастап, қайтадан құрайды. Себебі бөлшектердің орны ауысса, туындыны жалғастырып құрау – өте қиын. Ал соңғысында өзі қисық тұрған бір бөлшегін дұрыстаймын деп құлатып алды. Кейін балам «Еңбегімнің зая кеткені ме сонда?» деп біраз қынжылды. Содан кейін екеуміз екі жақтан ұстап, ақырында балам жылап отырып, құрап бітті», – дейді анасы.

Нұралидің құрастырылуы қиын бұл туындыны неліктен таңдағанын анасы былай түсіндіреді.

«Балам дінге жақын. Иманы берік жан. Биыл 3 ай жазғы каникул кезінде Ыстамбұл қаласындағы медреседе білім алып келді. Алланың қалауымен қазір Құран оқи алады. Умраға баруды армандайды. Әкесі, 2 қарындасы және мен Меккеге барып келдік. Нұрали «Мен қашан барамын?» деп жиі сұрап жүретін. Меккеге табан тіресем деп ниеттенген балам әл-Харам мешітін құрап шықты. Баламның тілегі қабыл болғанына өте ризамыз», – дейді ол.

Нұралидің арманын «Ниет» қажылық компаниясы орындамақшы. Аталған мекеме Нұралидің еңбегі мен қасиетті мекенге деген махаббаты үшін оған Умра қажылығын өтеуге жолдама берді.

«Конструкторды құрап біткен соң, әкесі дос-жаран, туған-туыс отыратын чаттарға видео, фото жіберіп, баласымен мақтанған. Айтып өткенімдей, әкесі – өнер адамы. «Ниет» қажылық компаниясының басшысын танитын. Сол кісіге де видеоны жібереді. Кім де болса, жетістікке жеткен баласын айтып, марқайғысы келеді ғой. Компанияның басшысы видеоны көрген бойда, өзі хабарласып, Умраға жолдаманы сыйға тартатынын айтты», – деп тебіренді Нұралидің анасы.

Анасы сөз соңында баласының Lego-дан құрастырылған Меккедегі әл-Харам мешітінің макетін қажылық компаниясына сыйға тартқысы келетінін айтты.

 

 

Серіктес жаңалықтары