Халықтың жиған-тергенін Үкімет қайда жұмсамақ?
Еліміздегі энергетика инфрақұрылымдарының әбден тозғаны күдік келтірмейтін, көңілді күпті ететін мәселе. Жаңартылған балама энергияға көшу тұрмақ, инфрақұрылымымыз қазіргі жүктемені де көтеруге қауқарсыз болып барады. Жел соқса, жарығы жалп ететін ауылдар тұрмақ, жақында Астананың өзі бір кеш бойы тұтас жарықсыз қалды. Дегенмен инфрақұрылымды жаңартуға неліктен халықтың зейнетақы қорындағы ақша жұмсалмақ? Үкімет отырысынан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан алынатын қаражатты қарыз деп атап, қарыздың қорға қайтарылатынына кепілдік берген болатын. Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме? Міне, мәселе осында болып отыр.
Өткен айдың аяғында халықтың зейнетақы жинағынан ақша алынатыны туралы ақпарат тараған еді. 23 қарашада Премьер-Министр Әлихан Смайылов Бірыңғай зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге қаражат алынатынын растап, бұл ақшаны инфрақұрылым жобаларына инвестициялау көзделіп отырғанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, бұл қаражат энергетика инфрақұрылымының жобаларына жұмсалмақ. Одан бөлек, БЖЗҚ активтерін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазынаның» облигацияларына инвестициялау жоспарланып отырғаны да мәлім болды. Бұл жаңалықты қоғам да, сарапшылар да қызу талқылады. Ал өткен аптада желіде бұл шешімге қарсы петиция жарияланды.
Сонымен, БЖЗҚ қаражаты қалай алынбақ, қалай жұмсалмақ? Оған кім жауапты болады? Оның пайдасы қандай, зияны не?
Қаржы қайда жұмсалмақ?
Қарашада Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың 1,5 триллион теңгесі инфрақұрылым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. «ҚазТаг» агенттігі «Бәйтерек» холдингінің Энергетика министрлігіне жолдаған құжатында қаржы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны айтылғанын жазды.
Бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген «Бәйтерек» холдингі шешім қабылданса, инвестициялық жобаларға қор қаражаты тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сонымен, аталған құжатта қаржы сәуір айындағы экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес бөлінетіні жазылған. Биыл жыл соңына дейін 500 миллиард теңге, 2024 жылы тағы 1 триллион теңге инвестициялануға тиіс. Қаражатты Қазақстанның Даму банкі мен Индустриялық даму қоры тікелей алмақ. Айтып өткеніміздей, құжатта энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыру туралы айтылған. Бұл бастамаға қолданыстағы инфрақұрылымның, ең алдымен, генерациялау қуатының тозуы себеп болыпты. Осы себепті біз көмір мен оны пайдаланатын электр стансаларынан біртіндеп бас тартуымыз керек. БЖЗҚ қаражатын, сонымен қатар, газ, су, жел және күн электр стансаларын салу мен жаңғыртуға жұмсау да жоспарланған. Құжатта жазылған жобалар қатарында газға көшірілетін Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, Ақтөбе облысындағы жел электр стансасы, Қарағанды облысындағы Балқаш көліндегі күн электр станцсасы, Ақмола облысындағы ЖЭО бар.
Еліміздегі энергетика инфрақұрылымдарының әбден тозғаны күдік келтірмейтін, көңілді күпті ететін мәселе. Жаңартылған балама энергияға көшу тұрмақ, инфрақұрылымымыз қазіргі жүктемені де көтеруге қауқарсыз болып барады. Жел соқса, жарығы жалп ететін ауылдар тұрмақ, жақында Астананың өзі бір кеш бойы тұтас жарықсыз қалды. Дегенмен инфрақұрылымды жаңартуға неліктен халықтың зейнетақы қорындағы ақша жұмсалмақ? Үкімет отырысынан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан алынатын қаражатты қарыз деп атап, қарыздың қорға қайтарылатынына кепілдік берген болатын. Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме? Міне, мәселе осында болып отыр.
«Халықтан қарызға ала тұрамыз»
Сонымен, Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұл қаражат Үкіметтің алған қарызы екенін айтып, оның қайтарылуына мемлекет кепілдік беретінін айты.
– Егер Үкімет қарыз алса, оны кері қайтаруға кепілдік береді. Бұл үкіметтік қарыздар қатарына жатып, оны республикалық немесе квазимемлекеттік компаниялар есебінен қайтарады. Сондықтан бұл қаражат міндетті түрде қайтарылады, – деді Смайылов.
Премьер-Министр зейнетақы қоры салымшылардың активтерін көбейту үшін оны инвестициялауы керек екенін де айтты.
– Қазір Үкімет индустриализация, көлік, инфраструктура саласында ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оларға инвестиция тартудың әртүрлі жолдары қаралып жатыр. Оның ішінде зейнетақы қорынан қаржы алу да бар, – деді.
Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл мәселеге қатысты Мәжіліс қабырғасында пікір білдіріп, сұрақтарға жауап берген болатын. Оның сөзінше, энергетика жобаларына қаржы салу – өте сенімді инвестиция.
– Бүкіл әлемде энергетикаға қаржы салу өте сенімді инвестиция саналады. Әсіресе, ел ішінде, өйткені мемлекет бағаны реттеп отырады. Біз төлем тәртібін қатаң сақтаймыз. Оған қоса жылдан-жылға энергия тапшылығы сезіліп келеді, сондықтан энергия өндіретін нысандардың бәрі қамтылады. Тікелей шетелдік инвестиция тартылатын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарлама бар. Яғни, энергетика саласы өсіп-дамиды, бұл сала инвестиция үшін тартымды бола түседі, – деп түсіндірді Сәтқалиев.
Министр энергетика саласын дамыту Үкіметтің басты міндетінің бірі екеніне де тоқталып өтті. Ол егер зейнетақы қоры активтерін энергетика саласындағы жобаларға инвестициялаған жөн деп шешсе, қаржы сенімді және қамтамасыз етілген жобаларға салынатынына сенімді екенін де жеткізді.
– Егер қарызды «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компаниялар алса, Үкімет акционер ретінде қарыздың тиімді жұмсалып, уақтылы қайтарылуын қадағалай алады. Яғни, бұл ақша нарықтық бағада кіріс әкелуімен қатар, пайдалы болады. Инфрақұрылыммен қатар, экономиканы, энергетика саласын дамытуға мүмкіндік беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өнеркәсіпті дамытуға алғышарт пайда болады. Оған қоса БЖЗҚ жақсы инвестициялық кіріс алады, – деді Энергетика министрі.
Яғни, олжасыз қалатын ешкім жоқ деп сендірді. Сонымен қатар министр өз саласының мұң-мұқтажын да санамалап берді. Оның сөзінше, дәл қазір энергетика саласы 5 триллион теңге инвестицияға мұқтаж. Жалпы, министр бұл қадамды қолдайтынын айтты.
12 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Бірыңғай зейнетақы қорынан инфрақұрылым нысандарына бағытталатын қазақстандықтардың 1,5 триллион теңге зейнетақы жинағының сақталуына алаңдаушылық болмауы керек екенін мәлімдеген болатын.
Ал Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ел азаматтарының ақшасы мемлекет экономикасына жұмыс істеуге тиіс екенін айтып, ақшаны инвестициялаудың маңызын түсіндірді. Төрағаның сөзінше, қазіргі зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің шамамен 70 пайызы өз нарығымызға инвестицияланды.
– БЖЗҚ – Қазақстан экономикасындағы ірі институционалдық инвестор, сондықтан да мұндай инвестицияларды дұрыс түсіну қажет. Өйткені қазақстандықтардың ақшасы, бірінші кезекте, өз экономикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді, – деді Әлия Молдабекова.
Төраға орынбасары келтірген мәліметке сүйенсек, 2023 жылғы 11 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгеге жеткен.
– Жалпы, зейнетақы активтерінің қазіргі көлемі – 17,3 трлн теңге. Оның шамамен 70 пайызы жергілікті нарыққа инвестицияланған. Бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына салынған инвестициялар, – деді ол.
Ал зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы – шетел қаржы нарықтарындағы дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары екен.
Жалпы, ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі БЖЗҚ-да 17 228,7 млрд теңге жинақталған. Бұл ретте Ұлттық Банк тің сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі – 17 216,9 млрд теңге болса, ал ИПБ басқаруына 11,8 млрд теңге берілген екен. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін негізінен Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (48,11 пайыз), Квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына (10,25 пайыз), Екінші деңгейдегі банктерінің облигацияларына (5,19 пайыз), Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына (4,51 пайыз), Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына (2,20 пайыз), ҰБ депозиттеріне (2,64 пайыз) және ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына (1,62 пайыз) инвестициялайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банк тің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,55 пайыз, есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 914,1 млрд теңге болған.
Әлия Молдабекова жалпы, ақша жұмыс істеуі керек екенін, әйтпесе, инфляция құнсыздандыратынын айтты. Оның айтуынша, бұл – бүкіл әлемдегі зейнетақы қорлары қолданатын стандартты тәжірибе. Ол инвестициялар салымшылар арасында бөлініп, сол арқылы олардың зейнетақы жинақтарын сақтап, көбейтіп отыратын инвестициялық табыс әкеледі.
Ақшаны кім «ұстайды»?
Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов энергетикалық нысандарды жаңғырту үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңгенің қалай бөлінетінін түсіндірді.
– Бұл тетік қалай жұмыс істейтінін айтайын. «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» өз облигацияларын шығарады, ал бұл облигацияларды БЖЗҚ сатып алады. Сонда ғана «Бәйтерек» пен «Самұрық» нақты жобаларды өздері қаржыландыратын болады. Зейнетақы қорының алдында, яғни болашақ және қазіргі зейнеткерлердің алдында нақты жобалар емес, «Бәйтерек» пен «Самұрық» жауапты болады, – деді Ұлттық Банк төрағасы.
Ұлттық Банк басшысы олардың қаражатты басқаруынан қауіп көрмейтінін де айтып өтті.
– Қазақстанның егемендік рейтингі ВВВ деңгейінде, «Бәйтеректің» де, «Самұрықтың» да рейтингі шамамен бірдей. Бұл жоғары рейтингті, өте сенімді компаниялар, сондықтан зейнетақы қорын «Самұрық» және «Бәйтерек» облигацияларына инвестициялау – қалыпты нарық тәжірибесі. Мен қазақстандықтардың қаражаты Қазақстанда кәдеге жаратылуы керек деп есептеймін. Біз қордағы ақшаның экономикамызға, нақты секторымызға салынуын қамтамасыз етуге тырысуымыз керек. Дұрыс көзқараспен мұны жүзеге асыруға болады деп ойлаймын, бірақ бұл қосымша талқылауды қажет етеді, – деді Сүлейменов.
Жалпы, Ұлттық Банк бұл қаражатты зейнетақы қорынан шығару қажеттігі туралы Үкіметтің ұстанымымен келіседі. Алайда 1,5 триллион теңгенің барлығын тек инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға болмайтынын да атап өтті. Яғни, бәрін бір салаға, бір бағытқа ғана инвестицияламай, әртараптандыру керек екеніне тоқталды.
– Ол жерде қаражатты бөлу шамамен былай болуға тиіс: үштен бірі инфрақұрылымдық жобаларға, қалған ақша экономиканы әртараптандыруға және ішкі ұсынысты арттыруға қатысты жобаларға бағытталуы керек. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өңдеу өнеркәсібі және тағы басқа жоғары өнімді қызметтер. Бұл мәселені Үкімет, «Бәйтерек», «Самұрық» компаниялары талқылауы керек. Өйткені, экономика солардың құзырында, – деді ол.
Одан соң төрағаның орынбасары Әлия Молдабекова да 2023-2024 жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» квазимемлекеттік компанияларының облигацияларына инвестициялау жоспарда бар екенін мәлімдеді.
– «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нарықтық шарттарда облигациялар шығарады, ал БЖЗҚ осы бағалы қағаздарға қаражат салады. Бұл тетік толығымен ашық тетік болып табылады. Облигациялар Қазақстанның қор биржасында орналастырылады, оған БЖЗҚ-дан басқа барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады, – деді Әлия Молдабекова.
Сонымен қатар Тимур Сүлейменов БЖЗҚ-ның «Самұрық-Қазына» қорына немесе «Бәйтерек» холдингіне салған кез келген инвестициясы тек қана нарықтық мөлшерлеме бойынша болуы керектігін айтты.
Осылайша, квазимемлекеттік компаниялардың өздері оларды өңдеу өнеркәсібіндегі және экономика үшін маңызды басқа да салалардағы ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттайтын болады.
Яғни, жауаптылар мен шенділер бұл шешімнің пайдасы мол екеніне сенімді. Тозған инфрақұрылымды жөндеу тұрғысынан болсын, еліміздегі шетел инвесторлары қызыға бермейтін, бірақ өзіміз үшін маңызды жобаларды қолдау жағынан болсын тиімді екенін айтады. Одан бөлек, халықтың ақшасы да еселене береді, инфляцияға «жем болмайды». Яғни, бір оқпен бірнеше қоян атуға мүмкіндік беретініне сендіріп отыр. Дегенмен халық, кейбір сайлаған депутат бұл шешімге сын көзбен қарап отыр.
Үрейлену керек пе, үміттену керек пе?
Мәселен, өткен аптада бұл шешімге қатысты петиция жарияланды. «Қазақстан үкіметі халықтан сұрамай-ақ, өз қалауынша, халықтың ондаған жылдар бойы тынымсыз еңбекпен жиналған ақшасын небір түсініксіз жобаларға салғысы келеді. Біз, петицияға қол қойған азаматтар, бұл бастамаға қарсымыз! Әлі күнге дейін қарызын өтемеген олигархтар мен екінші деңгейлі банктердің ақшасын Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға салсын!» деп жазылған петиция мәтінінде. Бұған себеп те жоқ емес.
Оның алдында қазақстандықтардың 1,5 триллион теңге зейнетақы жинағын инфрақұрылымдық жобаларға жұмсағысы келетінін, ал қаражатты шетелге шығарған ескі Қазақстан өкілдері бенефициар болуы мүмкін екені туралы алып-қашпа сөз тараған болатын. Халықаралық валюта қоры түсініктеме беріп, бұның жалған ақпарат екенін айтты. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 1,5 триллион теңге зейнетақы жинақтарының энергетика саласына инвестициялау туралы жалған ақпарат пен араб инвесторлары мен ескі Қазақстан өкілдері арасындағы байланысты жоққа шығарды.
Одан бөлек, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекет 1,5 триллион теңге зейнетақыны алып тастау туралы шешім қабылдаса, инфрақұрылымға үнемдеу, инвесторлардың жоғалған пайдасын өтеуі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын салықтан босатуы керек, өйткені Үкімет бұл қаражатқа азаматтардың келісімінсіз саңылауларды жамап жатыр деп есептейтінін мәлімдеген еді.
Ал депутат Ирина Смирнова да Үкіметтің БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге шығару жоспарын сынға алып, Қазақстан Министрлер Кабинеті жоспарларының даулы екеніне өз дәлелін келтірді.
Тағы бір Парламент депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, Үкіметтің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге көлеміндегі қазақстандықтардың жинақталған зейнетақы қаражатын алу, сондай-ақ салықты ұлғайту жоспарына түсініктеме бере отырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салықты көтермей, басқаруды жақсартуды тапсырғанын еске салды.
Сынды сенаторлар да айтты. Сенатор Жанна Асанова БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге шығару жоспарына түсініктеме бере отырып, бюджетті дұрыс оңтайландыру қажет деген пікір білдірді.
21 желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрге сауал жолдаған сенатор Бекболат Орынбеков БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын төлеу кезіндегі салықты жоюды ұсынды.
Абзал Нарымбетов,
энергетика саласының сарапшысы:
Жоспарды толықтай түсіну аса маңызды
Зейнетақы жарнасы елдің әрбір азаматының қаржы жоспары үшін аса маңызды екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, инвестициялардың қайда құйылатыны, оларды қалай басқаратынын, көбейту үшін қандай инвестициялық құралдарға салынатынын және жалпы БЖЗҚ-ның ұзақ мерзімге қойып отырған даму стратегиясын түсіну аса маңызды.
2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңдегі деректерге талдау жүргізіп, ел азаматтарының зейнетақы қаражаты жүйесіндегі өзгерісті байқататын динамиканы байқадық. Долларлық баламада көрсетілген зейнетақы жинақтары 2016 жылы күрт төмендегенін көрсетеді, бұл 2015 жылғы тамызда Ұлттық валютаны еркін айналымға жіберу туралы шешімге байланысты деуге болады.
Кейінгі жылдары зейнетақы салымдарының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2019-2020 жылдарға қарай бұл көрсеткіш алдыңғы көрсеткішіне дейін жетіп, қалпына келеді және одан әрі өсіп жатыр.
2021 жылы азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға немесе емделуге және басқа да түрлі әлеуметтік мақсатқа пайдалану құқығы берілді. 2022 жылғы тамыздан бастап азаматтардың зейнетақы қорларын толтырудағы белсенділігінің қалпына келгені байқалады.
Атап айтқанда, 2022 жылы жиынтық зейнетақы жинақтары 13 трлн теңге болды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 4 трлн теңгеге артып, 17 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім азаматтардың зейнетақы шоттарын толықтыруға қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Осындай өсімі бар қыруар қаражат мемлекеттік органдардың назарын аудартатыны да – анық нәрсе. Энергетика саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңгені пайдаланудың соңғы жоспарлары осыған дәлел бола алады. Сондықтан зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін сақтау зейнеткерлердің бүгіні мен болашағы үшін маңызды болып қала беретінін тағы да атап өткім келеді.
Қорыта айтқанда, жауаптылар бұл жұмыстың жемісті болатынына сендіріп отыр. Ал тапқан-таянғанынан жырып, жинап жатқан қаражаты жұмсалатынын естіген халықтың үрейленетіндей жөні бар. Себебі қазанға түскеннің қапқа қайта түсе бермейтіні елді елеңдеткіш еткен. Сондықтан құзырлы мекемелердің ашық жұмыс істеуі, әр тиынның қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы есеп беруі, жұмыстың жай-жапсарын түсіндіруі аса маңызды.