«Қорқыт» көрерменге жол тартты

Түсірілім аса қиын болған жоқ, бәріне жос­пар бойынша мұқият дайындық жұмыс­тары жүргізілді. Өйткені кино түсіруге н­е­ғұр­лым көп дайындалсаң, түсіру де соғұрлым жеңіл болады. Сол үшін біз алты ай бойы күні-түні жұмыс істеп, түсіретін локацияларды таң­дап, бекітіп, толық дайындалдық.

«Қорқыт» көрерменге жол тартты
ашық дереккөз
1768

Қазақ жерінде кіндік қаны тамған аты әлем­ге белгілі ұлы тұлғалар біздің қандай ұлы мәдениетке ие халық екеніміздің дәлелі. Ұлы оқымысты, әлемнің екінші ұстазы − Әбу На­сыр әл-Фараби, ұлттық музыкамыздың бас­тауында тұрған Қорқыт ата, Мысырды би­леген Бейбарыс Сұлтан, атақты тарихшы Мыр­за Мұхаммед Қайдар Дулат секілді әлем та­рихына аттарын алтын әріппен жазып, жер жүзіне өздері туған елді танытты. Бұ­лар­ды жан-жақты насихаттау − жас ұрпаққа өз бол­мысының қайдан бастау алып жатқанын се­зіндіруге, кеудесінде мақтаныш сезімін оя­тып үлкен тарихтың, тамаша мәдениеттің жал­ғастырушылары екенін танытуға зор әсер ететіні сөзсіз.

Ел тәуелсіздігінің 32 жылдығы қарсаңында Qazaqstan Ұлттық арнасы «Қорқыт» атты төрт бө­лімді телехикая түсіріп ел назарына ұсынды. Қа­зақ кино өнеріндегі бұл жаңалыққа орай біз «Қор­қыт» телехикаясының кеңесшісі, сцена­рис­тердің бірі, белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жү­сіповті, фильм редакторы, ақын Болат Жетек­бай­ды және фильмнің қоюшы режиссері Қанағат Мұ­стафинді сұхбатқа шақырып, сауалдарымызды қой­ған едік.

Берік ЖҮСІП, 
«Қорқыт» телехикаясының сценарийсі:

«Қорқыт» − тамыры терең телехикая

− «Қорқыт» те­ле­хикаясының сце­­нарийін жазу­ға сіз­ден басқа Наргиза Салом, Евгения Па­лехова, Бекзат Мырзахметова, Шол­пан Батырбаевалар қатысыпты. Шынын айт­қанда, бұлардың арасында қазақ іші­не танымалдауы өзіңіз. Сұрағым кел­гені, сценарийдің мәтіні жазылуы ба­ры­сын­да қайсы автордың көзқарасына ба­сымдық берілді? 

− Кәсібилік деген ұғым тұрғанда, та­ны­мал­д­ылық дегеннің кімге қажеті бар екенін біл­медім. «Қорқыт» телехикаясында белгілі бір автордың көзқарасына берілген ерекше ба­сымдық жоқ, керісінше, тәуекел етіп, күр­делі тарихи тақырыпты жәукемдеуге бекінген шы­ғармашылық ұжымның ортақ байламы, әркімнің нақты алып шыққан, өзіне тиесілі жұ­мысы бар. Танымал емес деп отырған Ев­ге­ния Палехова «Согдиана», «Подкидыш», «Же­них напрокат», «Колючка», «У последней чер­ты» сияқты фильмдердің сценарийін жаз­ған, шығармалары Мәскеу театрларында қойы­лып жүрген белгілі драматург. Креатив продюсер Наргиза Салом да тегін сойдан емес, «Домашние войны», «Жібек» «Асыл ар­ман», «Шырағым», «Жүрек сыры», «Алмасай», «Жа­ңа күн», «Өрмек», «Ауыл мұғалімі» секілді туын­дылардың бірлескен авторы. Сценарист, редактор Бекзат Мырзахметова да солай, жиырма шақты телехикаяны бүктеп тастаған маман, аудармашы. Ал бас продюсер Шолпан Батырбаева көзін телехикая түсірумен тыр­нап ашқан, сауатты қыз. Бәлкім, бұлардың ішін­дегі танымал емесі де мен болармын. Жақ­сы, әңгіме ол жайында емес. Былайғы жұрт «Бұларың кім еді?» деген сыңай таныт­па­сын деп айтып жатқаным ғой. Неге екенін біл­медік, осы шығармашылық топтың таң­дауы бізге түсіпті. Бұйырмыс шығар, талантты қарындастарыммен екі жарым жылдай жұ­мыс жасадым. 
Сауалдың ауанына қарай, сондай-ақ жал­пақ оқырманға түсініктірек болуы үшін, мы­на жайттарды шолып өтейін. Жалпы, құра­мына актерлердің жұлдызды тобын көп жинаған, ұлттық танымы жоғары Қанағат Мұстафин сияқты режиссердің қолайына тап келген де осы телехикая. Кез келген кинотуынды – ұжымдық жұмыстың жемісі. Бірігіп, бір-бірінің ығын алып, ойын өткізіп, бастысы, ұлттық идеологияға табан тірей отырып жұмыс жасау – ол да біршама табандылықты талап етеді. Оның бәрін тарқатып, айтып отыруға бұл жерде уақыт тар. Десек те, алдымен кинотуындының ба­ғы­ты айқындалатыны белгілі ғой. Жа­сы­ратыны жоқ, бұл мәселені де ұзақ төңіректеп жүріп алдық. Мың сан тараудан өз жолыңды айқындау, міне, қиындықтың басы осы жер­ден қылтиды. Сол үшін де бізді қай жағынан бол­сын, кеңесші етіп бекіткен болатын. Жаңы­лыспаған шығармыз деп ойлаймын. Ақыры, сынық айдың сәулесі түскен сияқты. Содан соң телехикаяның құрылым, қаңқасы жасалды. Драматургтің керек жері – осы. Бұл тарапта, Евгения Палехова мен Наргиза Саломның есім сойы мен еңбектерін ерекше атап айтпасқа болмайды. Сценарийдің қай ба­ғытта жүретіні, телехикаяда қандай кейіп­керлер болатыны өзара талқыға түсіп, ақыры ортақ шешімге келдік. Ойдың бәрі бір нүктені індете беретін көркем фильмдегідей емес, сан та­рауға шашырайтын романдық сипаттағы телехикаяда мәселе өзгешерек.
Жасыратыны жоқ, бағытымызды анық­тап алған соң да, құрылым-қаңқа жасау ба­ры­сында біз ұсыныс еткен кейбір кейіпкерлер те­лехикаяға енбей қалды. Өйткені, оның әр­қайсысына жеке арналы бағыт – линия жа­сау керек болатын. Тапсырыс беруші «Қа­зақ­стан» корпорациясы тарапынан сце­на­рийдің үшінші нұсқасына тоқтам жасалды. Ошақ басындағы көңілді базардағы нарық бұзатынын білесің. Сөйтіп, шамамызға қарай шақталдық. Әйтпесе, мен алғашында Қорқыт жырлаған эпикалық шығармалардан тарихи бейнесі айқын «Алпамыс – Бәмсі-Байрақ» уа­қиғасын енгізуге байланысты табандап тұрып алғанмын. Артынан шығармашылық топпен келістім, өйткені мұның өзі жеке туындыға жүк екен. Жазсаң, қағаздың беті бәрін көтере береді, әрине. Әйтпесе, Алпамыс баһадүр дүниеге келерде бата беріп, дүние есі­гін ашқан күннен бастап, қамшының қыс­қа сабындай ғұмырында қасында жүріп, бе­тін жабатын осы Қорқыт еді ғой. Сенесің бе, ең қызығы, жыр мәтіндерін сапырып жүріп, қоңырат Алпамыс батырдың нақты неше жасында бақиға аттанғанын есептеп шы­ғар­дым. Амал жоқ, бұл уақиғаны телехикаяға сый­дыра алмадық. Сөйтіп, мұнан да басқа та­лай сөзіміз бен ойымыз қиылып кете барды. Түбінде, бұған байланысты өз алдына жеке көркем фильм немесе телехикая жасау керек болар. Әрине, ол болашақтың үлесінде. Өйткені, ұрпаққа төл тарихын танытатын ту­ра жолдың бірі – тарихи телехикая туын­дыларын көбейту екенін айта кету керек. Бая­ғы білігі түзік, ұрпаққа жөн айтып, жол сіл­тейтін кемпір-шалдың орнын көгілдір эк­ран жаулаған заманда, басқа амал-айлаң да жоқ.
Сонымен, бағытымызды анықтап, Бек­зат Мырзахметова қарындасым сүлде-суретін құрап берген соң, құр қаңқаға жан бі­тіріп, буылтық бұлшық ет жамайтын жер­ден бастап телехикаяның экрандық мәтіні – мо­нолог, диалог, әрбір кейіпкердің әрекетіне қа­тысты жайттарды сөзбен тірілту ісіне бірың­ғай білек сыбанып кірістім. Ол жағы­нан қарымым өзіме мәлім. Кейін, редак­тура­сын жасап шықтым. Телехикаяның қоюшы суретшісі Ұлан Айбергеновпен бірігіп де­корация мен реквизит жобасын тақтап, костюм жөніндегі суретші Жанар Райымова, эскиз сызбаларын әзірлеген Әсел Кен­же­таева­мен де біраз жұмыс жасасып, әуелде мойын­ға алған «миландыру» қызметін өз дәрежесінде атқарып шықтым деп ойлаймын. Несін айтасың, дәуір тым алыс болғандықтан, тақырып қызық әрі қиын, жауапкершіліктің патпан жүгі өз алдына. Шапанға қадайтын түй­ме, киімнің өңі, желбаудың ою-өрнегіне дейін шұқшиған соң, бұл «кеңесшіңе» не дерің бар? Оның бәрін тәптіштеп, түсіндіріп отыру мүмкін емес...

− Қорқыт − берісі түркіге, арысы күл­лі әлемге белгілі тұлға ғой. Ол туралы нақ­ты тарихи деректен гөрі аңыздар көп. Бірақ Сырдарияның бойында ту­ғаны, сол жерде зиратының болғаны ту­ралы деректер бар. Сіздер «Қорқыт» фи­льмінің сценарийін жазғанда неге сүйендіңіздер? Қазақ арасындағы аңыз­дарға ма, әлде өзге де деректерді пай­да­ландыңыздар ма? 

– Қай дерек жайында айтып отыр­ға­ның­ды білмедім, ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен, ре­жиссер Б.Барысбеков түсірген «Қорқыт» деректі фильмінде оны «Жанкентте туған...» деп жаңсақ мәлімет айтып қалғаным үшін әлі күнге дейін өкінемін. Әттеген-ай, сөзім тас­паланып кетті. Негізі, тарихи деректер мен қазақ аңыз-әпсаналардың куәләндыруы бойынша, Қорқыт дүниеге келген жер – Қараспан, жамбасы тиген күрең топырақ – Жо­салы. Алайда түркі халықтары арасында түрлі мәліметтер барын да жоққа шығаруға бол­майды. Мысалы, түріктер үшін ол – ел билеуші, түрікмендер сейіс есебінде таниды, қа­зақ жыраулығына иланады. Осыдан келіп, бәл­кім, «Әр жұрттың өз Қорқыты болған шы­ғар?» деген де ой кеулейді. Мүмкін, бәрі мүм­кін. Эпикалық туынды мәліметтеріне сүйе­не отырып, байопикалық жанр аясында тү­сірілген телехикаяда Ер Қорқыт бейнесін за­маналар қатпары жинақтаған мифтік, қиял-ғажайып, мистикалық сипат, аңыз-әпсана тұманынан арылтып, оғыз мемлекеті жабғуларының оң тізесін басып, билік айтқан тарихи жырау, ойшыл абыз келбетін, қаһарман кейпін қайта қалыптауға ты­рыс­тық. Шынын айтқанда, ол жайында тарихи дерек те, аңыз-әпсаналар да көп емес. Нақты Қор­қыт туралы болмағанымен, әрідегі түркі, түр­геш, оғыз дәуірін сипаттаған еңбектер бар­шылық. Қорқыт өмір сүрген дәуір кел­бе­тін солардың іргесінде жатқан еміс сұлбадан көреміз. Ал оның ақ-қарасын ажыратып алу, ол енді басқа әңгіме. Бұған байланысты бай­лам­дарды төрт бөлімді телехикаяның әр қал­тарыс, бұлтарысынан ұшыратуға болады. 
Біз алдымен тарихи, ғылыми деректерді елеп шықтық. Әрине, мен үшін оның пә­лендей қиындығы бола қойған жоқ. Өйт­кені, бала күнімнен көзімді ашып, таңдайыма тат­қаным осы тақырып болған соң ол жа­ғы­нан қамшы салдыра қойған жоқпын. «Қа­зақ­стан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін) бес томдығын, Қорқытқа қатысты түрлі аңыз, әпсана, қария сөз, ғылыми еңбектер, әсіресе Қорқыт жайында айсыз түнде адастырмайтын айғақтар қалдырған Ә.Марғұлан, Ә.Қоңы­рат­баев, Ш.Ыбыраев, Т.Қоңыратбай шығармала­рын, сондай-ақ шығыстанушы В.Бартольд бас­таған орыс, еуропа ғалымдарының бай­лам­дарын басшылыққа алып отырдық. Де­генмен мұның бәрін телехикаяға пайдалана ал­майтынымыз белгілі ғой. Шығармашылық топты осылай бір жарақтандырып алып, Қорқыт жырлаған эпикалық жырға ойыстық. Көзі ашық жұртқа мағұлым, Ә.Қоңыратбаев пен Ш.Ыбыраев аудармасындағы Қорқыт жыр­лаған он екі туынды Дирсе хан ұлы Бұ­қаш­жан, Қазан солардың ауылын жау шап­қа­ны (хан талапай), Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ, Қазан бектің баласы Оразбектің жауға қалай тұтқын болғаны, Тоқа баласы ержүрек Домрул, оғыз Қаңлы баласы Қан-Тө­рәлі, оғыз Қазылық баласы Иекенк, Тө­бе­көз дәуді өлтірген Бисат, Бекілұлы Әміран батыр, оғыз Ұшан баласы Секірек, Қазан солардың жауға тұтқын болғаны және оны баласы Ораз­дың азат етуі, сыртқы оғыздардың ішкі оғыз­дарға қарсы бас көтеруі және Байрақтың қалай өлтірілгені жайында баяндалады. Әри­не, мұның бәрінің қазақ тарихымен толық бет­тесе бермейтіні белгілі. Біз, негізінен, осы дерек­терді төңіректеп, соның біріне табан тіредік. Мұнан басқа қазақта ғана сақталған Қор­қыттың музыкалық мұрасы, керек жеріне қарай оның аңыз-тарихы да қамтылып отыр­ды. Жалпы, мен телехикаяның беташары етіп, «Бұл – ақиқаттан туған аңыз, аңызға ай­налған ақиқат» деген сөзді бекер жазған жоқпын. Патша көңілді көрермен алдымен осыған назар аударғаны абзал. Міне, біз дайындық жарағын осылай сайладық!  

Болат ЖЕТЕКБАЙ, «Қорқыт» телехикаясының редакторы:

Редактор үшін қиындық
диалогтарға байланысты болды

− «Қорқыт» фильмінің редакторы өзіңіз екенсіз. Өзіңізге бекітілген істі қа­лай алып шықтыңыз? 

− Дайындық кезеңінің өзі екі жылға со­зыл­ған бұл жобаға мен басынан қатысқан жоқ­пын. Сценарий дайын болып, кино тобы ж­асақталып, актерлер таңдалып алынып, киім, басқа да реквизиттер түгел қамтылып, тү­сіру орындары анықталып, енді кешік­тір­мей түсірілім басталу керек деген кезде, қою­шы режиссерлікке Қанағат Мұстафин бе­кі­тіліп, «Қазақстан» ұлттық арнасының сол кез­дегі директоры Болат Мүрсәлім мені ре­дакторлыққа ұсынған екен. Сонымен, жұ­мыс­қа аяқ астынан  кірістім. Бірінші талап – диа­лог­тардың мәтінін кино тіліне оңтайландыру болды. Сценарий авторларының бірі, фильм кеңес­шісі Берік Жүсіп өзі жазған мәтінге ешқандай өзгеріс жасалмауын, қысқар­ты­ла­тын немесе түзетілетін әр сөз, сөйлемді өзі қа­рап, қадағалап отыруы керегін төтесінен қой­­ған екен. Әлбетте, байланыс ұстамайтын, интернеті жоқ түсірім алаңына барғасын әр сәт сайын Бекеңмен хабарласып отырудың мүмкін еместігі белгілі ғой. Түсіру барысында мәтінде, оқиғалар желісінде де өзгерістердің аяқ астынан жасалуы – заңдылық. Редак­тор­дың қажет жері де – сондайда. Мәтін тілі әде­би әрі қазіргі заманда қолданыста жоқ кө­не тіркестер көп қолданылатындықтан, ак­терлердің барлық репетициясын өзім өт­кізіп, сахналық көріністерге дайындадым. Кей­де киім, ескілікті заттарды қолдану бойын­ша суретшілер жұмысына да ескерту­лер жасайтын кездер болады. Әлдебір сауал туындаса, редактор жауабын беруге тиіс.  

− Жұмыс үстінде қандай қиындықтар бол­ды? 

− Қазір сериал жалпы көрермен назарына ұсы­нылып, әр көрермен дерлік өз ойын біл­діріп жатқан кезде фильмнің тілі туралы пі­кір екіге жарылғаны байқалады. Алғашқы­ла­ры сүйсініп, тілі қандай көркем, шұрайлы, ескі дәуірдің лебі еседі деп көтеріңкі баға бе­ріп жатса, екіншілері диалогтар тым шұ­ба­лаңқы, лепірме пафосты деп шорт кесті. Біз осы­лай боларын әу басынан бағамдағанбыз. Қор­қыт туралы аңыздың өзі жырмен жет­кен­діктен фильмнің поэтикалық желісі табиғат кө­ріністері, қобыз сарыны, қосалқы эффек­ті­лер, диалогтар арқылы берілуі, тілінің тым әдеби болуы да жанрға жат емес деп шештік. Бә­рі­бір редактор үшін қиындық сол диалог­тар­ға байланысты болды. Кино тілінен тым ауа жайылып кетпеу де шарт қой. Сосынғы мә­селе актерлердің «тілін сындыру» еді. Олар­ға айтылар сөздің түпкі мәнін, дұрыс ай­тылуын түсіндіріп отыру керек болды деген­дей.
Кино экспедициясы деген қашан да қиындықтардан тұрады ғой. Таң ала­кеуім­нен тұрып, қиыр шеттегі түсіру алаңына жету, сөйтіп бәрінің бас-аяғы жиналғанша кү­тіп жүру – оңай емес. Оның үстіне түсірілім күз­гі салқынмен басталғандықтан тоңып-ша­шыраған кездер де болды. Айтпақшы, Іле бойын­дағы «қалада» бір сахна минус отыз гра­дуста түсірілді...

− Киноның тіліне, сюжетіне, диалог­та­рына қандай талаптар қойдыңыз, сіз­дің талаптарыңыз кино түсіру ба­ры­сында есепке алынды ма? 

− Басында айттым ғой, жобаға мен кейі­ні­рек қосылдым. Сондықтан түсірілім үстінде аяқ астынан ойластырылған жаңа сахналарға ара­ласқаным болмаса, жалпы сценарийге ұсы­ныс-ескертпе енгізген жоқпын. Оған уа­қы­тым да болған жоқ, бірден «алғы шепке», май­данға барып түстім емес пе? Уақыт тығыз, мер­зім аз. Ал жұмыс үдесінде қойған азды-кем­ді талаптарым, ұсыныстарымның ешқай­сы­сы жерде қалған емес. Қоюшы режиссер әр мә­селеде менімен кеңесіп отырды.
Айта кетейін, бас продюсер Шолпан Ба­тыр­баева, екінші режиссер Жанара Тұрпатова, сон­дай-ақ әр салаға жауапты барлық азамат­тар­дың  зор ұйымдастырушылық қабілет­те­рі­нің арқасында жұмыс іркіліссіз жүрді. Кино то­бы сондай ауызбіршілікте, жұмыла қызмет ат­қарды.
Бұдан былайғы жерде жасалған шы­ғар­ма­шылық туындының  − «Қорқыт» се­­риа­лының өз өрісі, өз тағдыры бар. Оған – уа­қыт және көрермен төреші. Өз басым бұл жо­баға қатысқаныма ризамын, бітірген ісі­мізге көңілім толады. Бүгінгі һәм болашақтағы кө­рер­мен еншісіне жақсы тарихи фильм тиді де­ген пікірдемін.

Қанағат МҰСТАФИН, 
«Қорқыт» телехикаясының қоюшы режиссері:

Фильмнің негізгі оқиғасы
Қорқыт туралы он екі аңыздан алынған

− Сіздің кино өнерінде біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқаныңызды бі­леміз. Бірнеше фильм, сериалдарды тү­сірген режиссерсіз. Дегенмен біздің бай­қауымызша «Қорқыт» фильмі сіздің та­рихи жанрда түсіріп отырған филь­міңіз. Аты әлемге белгілі Қорқыт секілді тұл­ғаны түсіру сізге қиын болмады ма? Жал­пы, Қорқыт туралы бұрыннан жақ­сы білетін бе едіңіз?

− Әкем − белгілі қазақ жазушысы Құр­ман­ғазы Қараманұлы кішкентай кезімде қасына мені ертіп, туған жері Оралға бара жатқанда Сыр бойына арнайы соғып, Қорқыт ескерткіші тұрған жерді көрсеткен. Оның осы өлкеде мазары болғанын айтқан. 
Мектепте, одан соң университетте оқып жүрген кезімде де Қорқыт ата жайында айтылатын аңыз әңгімелермен, ол ту­ралы жазылған еңбектермен таныстым. Бір сөз­бен айтқанда, Қорқыт туралы жас кезім­нен білемін.
«Қорқыт» телехикаясы туралы айтар бол­сам, бұл туындының идеясы Satti Media ком­паниясының директоры Шолпан Батыр­баева­нікі. Мені жобаға шақырған да сол кісі. «Қор­қыт» телехикаясын түсіруге дайындық екі жыл бұрын басталған, бірақ одан бері екі рет режиссер ауысыпты. Алғашқы режиссер тү­сіре алмаймын өзі бас тартқан, екіншісі бас­қа жобаға кетіп қалған ба, сондай бір се­беп­пен ол да түсірмеген. Маған түсіруге алты ай қалғанда хабарласты. Сол алты айдың ішінде мен Qazaqstan Ұлттық телеарнасы бекіткен сценарий бойынша жұмысымды бастадым. 
Телехикаяның басты сценарийсі белгілі өнер зерттеуші, қорқыттанушы Берік Жүсіп аға­­мыз. Мен телехикаяны түсіруге келіп, Бе­рік ағамен кездескенімде оған «Қор­қыт­тың» тілін әдеби қылып, ол өмір сүрген кезеңге сай етіп жасаңыз» дегенмін. Сонда ол кісі «Фи­льм­­нің тілін тым күрделі етсек, кейбір сөз­дерді көрермендер, оның ішінде жастар тү­сін­­бей қалуы мүмкін ғой» деген еді. Мен айт­тым: «Егер қазақ сөздерін түсінбей қала­тын қазақтар болса, кінә өздерінде» деп.
Шынын айту керек, бүгінде ана тілі­міз­де сөйлеп, жазып жүргендердің көбінің тілді терең игеруге, дұрыс қолдануға жете мән бермей жүргенінің кесірінен, қазақ тілі өзінің байырғы тереңдігінен, ажарынан айырылып бара жатқан секілді. Бұл қазақ ті­лінің қадірін кетіретін құбылыс. Берік Жү­сіп ағамызға тарихи телехикаяның тілін байыр­ғы қазақ сөздерін молынан қолдануы­мыз қажет дегенімнің себебі сол еді.
Түсірілім аса қиын болған жоқ, бәріне жос­пар бойынша мұқият дайындық жұмыс­тары жүргізілді. Өйткені кино түсіруге н­е­ғұр­лым көп дайындалсаң, түсіру де соғұрлым жеңіл болады. Сол үшін біз алты ай бойы күні-түні жұмыс істеп, түсіретін локацияларды таң­дап, бекітіп, толық дайындалдық.
Тек қана түсірілімнің Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен кезеңі сәл қиындау бол­ды. Біз онда қоюшылармен (постановщик) барған кезде тіл мәселесінен аздап қиналдық. Себебі ол жақта телехикаяға қатысқан өзбек ко­мандасының жартысы қазақша не орысша тү­сінбейді екен. Бір ау­дармашымыз болған, ол жарты сағатқа бір жерге барып келейін деп кетіп, үш сағат бойы кел­мей қойды. Сол кезде массовкада (көп­шілік сценада) жүрген өз­бек-қазақ тіл­де­рін жақ­сы білетін қара­қал­пақстандық қа­зақ жі­гіті көмекке келді. Сол қан­дасы­мыз­дың ау­дармашылық көмегімен Хиуадағы түсірі­лім­ді толық аяқтап шықтық. Тек осы жағдай болмаса, басқасының бәрі еш қиындықсыз өз деңгейінде орындалды.

− «Қорқыт» фильмін халық теледи­дар­дан көрді және қазір YouTube желі­сінен көріп жатыр. Ол туралы түрлі пі­кір­­лер бар. Әркім әртүрлі қабылдап жат­­­қан сияқты, біреулер фильмді мис­ти­­калық бағытта түсіргенде нанымды­рақ болар еді дейді, тағы біреулер сырт­тың деректерінен гөрі өз деректерімізді кө­бірек пайдаланғанда болар дейді. Бұ­ған не айтасыз? Фильм туралы өз пі­кіріңіз қалай, Қорқытты аңыздық тұлға ретінде көрсете алдыңыз ба?

− Иә, біздің сериалымыздың тұсаукесері жа­­қында өтті, Qazaqstan Ұлттық телеарна­сы­нан көрсетілді, қазір YouTube желісінен де көру­ге болады. Төрт сериалы телехикая жұрт­тың көңілінен шығып жатыр деп ой­лай­мын. YouTube «Қорқытты» көргендердің ком­­ментарийлерін оқып шықтым, байқауым­ша, көрермендердің 80 пайызына ұнаған сияқты.
«Мистикалық бағытта түсіргенде болар еді» дейтіндерге айтарым, Қорқыт туралы те­ле­хикаяны таза мистикалық жанрда тү­сіруге болмайды, себебі ол тарихта болған адам. Ол туралы нақты деректерден аңыз-әп­саналар көп болса да Қорқыт ата ІХ ғасырда өмір сүрген кісі екені белгілі. 
Берік Жүсіп бастаған сценарийстер Қор­қытқа қатысты аңыз әңгімелерді, түрлі дерек­терді мұқият зерттеген. Телехикаяның негізгі сюжеті Қорқыт туралы он екі аңыздан құрал­ған. Бұл өте дұрыс шешім болды.
Көрермендер әлі де өз ойларын айта жа­-тар, дегенмен біздің телехикаямыз тарихи тұл­ғаны кинода өз деңгейінде сәтті бейнелей алды деп ойлаймын.

Сұхбаттарды жүргізген – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

 

Серіктес жаңалықтары