Ас беру: ысырап па, сауап па?

Шариғат пен дәстүрге сәйкес кел­мейтін, пайдасынан зияны көп кейбір  әдеттердің ел арасында кең етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.

Ас беру: ысырап па, сауап па?
ашық дереккөз

Қай кезеңде болмасын, бақилық болған жанды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салу, бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – артында қалған тірілерге үлкен міндет әрі сын. Адамды мәңгілік са­парға аттандыру түрлі тарихи даму жолынан өтіп барып, бүгінгі көрініске ие болып отыр. Бүгінде қайтқан адамға берілетін ас тойдан кем өтпейтіні аз айтылып жүрген жоқ. Қалталы адамдарға аста көкпар шаптырып, арқан тарттырып, балуандарды күрестіріп, бақилық болған ата-бабасының даң­қын асыру қиын емес шығар, алайда біздің қоғамның той мен өлімде бәсекеге түсіп, бірінен-бірі асып түскісі келетіні жасырын емес. Оны көзіміз көріп жүр. Шариғат пен дәстүрге сәйкес кел­мейтін, пайдасынан зияны көп кейбір  әдеттердің ел арасында кең етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. 

Біз қозғағалы отырған маңызды мә­селе туралы Қазақстан Мұ­сыл­мандар Діни Басқармасының баста­ма­сымен жарық көрген «Ас беру әдебі» кі­та­бында: «Әсіресе, қайтыс болған кісіні ару­лап көміп, жаназасын шығарғанда, же­тісі, қырық күндігі, жыл толуына бай­ла­нысты және тағы басқа шараларда дас­тарқан жайылғанда дінімізде нақты та­лап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай кел­мейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдет­тер қоғамда белең ала бастады. Мы­салы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – пер­зенттік міндетіміз» деп шектен тыс шы­ғын жасап, аста-төк, ағын-төгін дас­тар­қан жаюда. Бұл – орташа табысы бар көп­теген отбасыға ауыртпашылық туды­ра­тыны сөзсіз. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағ­дайы төмен және орташа отба­сы­лар­дың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осы­дан келе жұрттан қарыз алып, қау­ға­ланып «парызымды орындаймын» деп дү­ниеден өткен жандарға ас беріп, шы­ғындалып жүргендер де жоқ емес», деп жа­зылған екен. 
Халқымызда құдайы ас беру жо­рал­ғысын өткізудің жылдар бойы қалып­тас­қан өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Қазақ бақилық болған жанға ас беру, Құран оқыту, дұға-тілек жасау қайтыс бол­ған кісіге сауабын тигізеді деп сенеді. Ал марқұмға ас бермеу «ата-бабасын сый­ламау, аруақтарды құрметтемеу» деп са­налған. Алайда бұл «ата-бабама ас бер­ме­сем елден ұят болады, перзенттік абы­ройым­нан айырыламын» деген түсінікке алып келіп отырғандай. Өйткені бүгінде құ­дайы ас бергенде өлілер қамы емес, тірі­лер ризашылығы ерекше назарға алы­натын болды. Мәселен, мейрамханада ас өткізу, қымбат дастарқан мәзіріне мән беру бұл тірілердің көңілінен шығуға ты­рысу екені жасырын емес. Осы ретте тірі­лерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тие­тін дүниелерге бірдей мән берген дұ­рыс екенін үлкендер жиі айтып жүр. 
Әсіресе, ас берем деп қарыз алып, банк­ке берешек болып жатқан­дар­дың ісі берекесіздік десек, артық айт­паған болармыз. Мұндайда «Қарғa қаз бо­лам деп аяғын үсітіпті» немесе «Тоқал еш­кі мүйіз сұраймын деп құлағынан айы­рылыпты» дейді қазақ. Бай-бағландар ата-бабасына асты қалай өткізсе де жа­ра­сады, өйткені байлығы жеткілікті. Бірақ оларда да ысырап болмауы керек дейді дін мамандары. Осы орайда әдет-ғұрып­тар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүм­кін. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мә­селесі шариғат заңдары мен салт-дәс­түр бойынша реттеуді талап етеді. 
Алайда қазақ тарихына үңілсек, бүкіл ха­лыққа белгілі тұлғалардың қайтыс бол­ғанына жыл толғанда сауын айтып, ас бер­ген. Яғни, төрт тарап жұртқа, астың өті­летіні туралы алдын-ала хабар беріледі. 
– Хабар тиген жұрт ас болатын жерге төрт тараптан жиыла бастайды. Ас бір күн­дік шара емес, кемі үш күнге созылады. Ас өткізуді және асқа келген қонақтарды күту үшін, ас берушінің жақын туыстары, ру­ластары сойыстан үлкен шығын шы­ғара отырып, аста ат бәйгесі, күрес, айтыс, ән өнері, жамбы ату секілді ұлттық ойын­дар да ұйымдастырылады. «Алтын тай тұяқ», «алтын жамбы» бастаған бәйгелерді тоғыз-тоғыздан туысқандары бөліп-бөліп алған. Асқа келген қонақтар тек ішіп-жеу үшін ғана емес ел көріп, жер тану үшін, аста көрсетілетін түрлі халықтық өнерді та­машалап, өзіне бір рухани тәрбие алу үшін келеді. Паң Нұрмағамбет өткізген «Са­ғынай асы», Құнанбай өткізген «Өскенбай асы», қырғыздағы «Шәбден Ма­нап» асының даңқы мен дақпырты бізге бүгінге дейін жеткен, – дейді жур­налист, тіл маманы Дастан Қастай. 
«Абай жолында» жазушы М.Әуезов Бө­жейдің асын: «Табақ тартуға өңшең жор­ға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бас­тарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғыта жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кез­де, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қа­сына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мін­сін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, кү­рес, ат үсті сауық басталмақ» деп сурет­тейді. 
Үш жүздің басын түгел қосқан Ерей­­мен жеріндегі Керей Сағы­найдың асы ту­р­алы аңыз күні бүгінге дейін халық арасында аңыз ретінде айты­лып келеді. Белгілі қаламгер, атбегі, құс­бегі Қажытай Ілияс ас туралы: «Бір ғана Нұр­мағамбеттің дәулетін оның әкесі Сағы­найға жасаған асынан көруге болады. Сә­кен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ ке­шуінде» Сағынайдың дәулеті сөз бо­ла­ды. Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэ­ма­сында, Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері­сін­де» аталған астың ауқымы мен оған кет­кен аста-төк байлық суреттеледі», дей­ді. Ал Мәдениет қайраткері, өнер­тану­шы Жұмабай Есекеев: «Паң Нұрмағамбет» бо­лыс болған. Үлкен болысты басқарған. Паң Нұрмағамбеттің әкесі – Сағынай. Са­ғынайдың жомарт не сараң екенін айта ал­маймын», дейді. 
Кей деректерде Сағынайдың асына жұм­салған дүние Тәж-Махал ке­сенесіне жұмсалған қаржыдан асып ке­теді делінеді. Қазақ даласының дәулетін су­рет­тейтін мұндай астар жер-жерде бо­лып отырған дейді тарихшылар. Мәселен, 1886 жылы өткен Сағынайдың асында 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілін­ген. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқ­тар Ташкент пен Қазан қалаларынан алын­ған деседі. 10 мың көрпе-жастық, қо­нақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әке­лініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі са­тып алынған. 20 мың қой, 100 жылқы сойыл­ған.

Болат БОПАЙҰЛЫ, 
Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, 
салт-дәстүр академиясының академигі, 
Мәдениет саласының үздігі, 
жазушы, этнограф:

Өліні разы қыламын деп тірі қиналса, түкке пайдасы жоқ

– Қазақ тарихында ас беру дәстүрі ға­сыр­лар бойы дамуды бастан кешкен әдет-ғұрып заңына кіреді. Асты бұрындары халыққа та­­­нымал, батыр, балуан, көсем, шешен, дана, хан, сұлтандар қайтыс болғаннан кейін 10, 20, 40, 50 жыл, бір, тіпті бірнеше ғасыр өткен­нен кейін де ұрпақтары бір жыл бұрын бүкіл ауыл-аймаққа, ел-жұртқа, ру-тайпасына, туыс-туғанына сауын айтқан. Балуан шығарып, көкпар тартып, ақын айтыстырып, той ретінде ас беретін. Оған қора-қора мал соятын. Сағынайға, Құнанбайға, Бөжейге берілген астар әлі күнге ел аузында. 
Астар үлкен, орта, кіші деп бөлінеді. Қайтыс болған қарапайым бір от­­басының адамына сол әулеттің мүшелері ас береді. Ал жалпы ас бергенде тірі­ге ат мінгізіп, сәлем салдыртып, шапан кигізіп, құрмет көрсетіп, жақ­сылық жасап, сый-сияпат көрсетілсе, бақиға кеткендерге Құран хатым түсіреді. Заттық дүние бақилық адамға керек емес. Аруақ деген ар-рух деген екі сөзден тұрады. Кеткен адамның ары мен ұжданы, артына қалдырып кет­кен толағай еңбегі, істеген игі істері, қалдырған рухани мұрасы, тағы­лым­ды сөздері, ел мен жер қорғаған керемет батырлығы, көсемдер мен ше­шендердің кемеңгерлігі аста насихатталып, бақилық болған адамды еске тү­сіру арқылы артынан өсіп-өркендеп, көгеріп-көктеп келе жатқан ұр­пақтарға, ғұрыпты, салтты сақтаудың үлгісін көрсеткен. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Сондықтан о дүниеге кеткен адамды құрметтеу мақсатында адамның атынан естелік бұйымдар таратылатын болған. Алайда қазір кредит алып, шамадан тыс шашылып ас беріп жатқандар баршылық. Астың мақсаты – о дүниелік адамға Құран хатым түсіру. Жердің бетіне 40-50 метр алтыннан, күмістен, қыштан, асыл тастан кере­мет­тей мұнара орнатқанмен оның бақиға кеткен адам­ға сауабы жоқ. Тән – жердің, топырақтың ама­наты. Жердің астында жатқан тән қан­ша­лық­ты топыраққа айналып кетсе, соншалықты жақ­сы. Жан – Алланың аманаты, көзге көрін­бейтін рух әлемінде өмір сүреді. Оның қандай кейіпте екенін ешкім білмейді, бүгінгі ғылым да дәлелдей алмай отыр. Қазақ ақыл-парасатқа салып, өзінің әдебін, дәстүрін, мәдениетін сақ­тап, әдет-ғұрпын атқарып келеді. Ас беру – адам­дардың рухани тазаруы. Өткенді ұмытпай, көнені еске түсірмей жаңа еске түспейді деп, ата-бабаларды ұмытып қалмауға әрекет ету. Сон­дықтан болар астың басы жерленген адамның адами қасиеттерін ұмытып қалмау үшін жа­сал­ғанымен, соңы бақилық адамды еске салатын тойға ай­налады. Астың тірі адамға берілгені той бо­лады да, бақи болған адамға берілгені –  ас деп ата­лады. 
Алайда ас беруде ысырапшылдыққа жол бермеген дұрыс.  Қазақ нанның қоқымын жерге тастатпаған. Ашып кеткен тамақты қоқысқа төгудің өзі – ысырап. Сондықтан бірінен-бірі асамыз деп, «Анау ата-бабасына бәленбай мал сойыпты, бәленбай жыртыс жыртыпты, бәленбай мүлік таратыпты, біз неге қалысамыз» деген сияқты бәсеке дұрыс емес. Мұндай бәсекенің бақиға кеткен адамға титімдей пайдасы жоқ. О дүниелік адамның кітабын шығарса, тағылымдарын жеткізсе, міне, бұл – керемет. Халықтың бүгінгі күнге, жағдайына байланысты тамақпен, киіммен, мал союмен бәстесудің керегі жоқ. Өліні бәсекелестікпен разы қылмай-ақ қоялық. Өйткені аруақ тек Құран дәметеді. 
 

Асқар СӘБДИН, 
Исламтанушы, теолог: 

Ас бергенде «алтын орталықты» 
ұстану керек

– Бұрынғы кезде берілген үлкен астардың екі қызметі болған.  Біріншіден, мемлекеттік деңгейдегі мәселелер осындай астарда шешілген.  Кімнің болыс, кімнің би болатыны секілді мәселелер қаралған. Өйткені ол кезде қазіргідей Мәжіліс, Мәслихат, Сенат жоқ, үш жүздің басын бір жерге құрау да оңай болмаған. Тек құрылтай ғана болған. Міне, құрылтай мен осындай астарда мемлекеттік деңгейдегі істер қаралған. Сол үшін астарды сипаттағанда 
3 күн бойы өтті, 100 жылқы, мыңдаған қой сойылды деп сипаттайды. Екіншіден, қайтқан адамның аруағына арнап мал шалынып, құран оқытылып, өмірдегі тағылымды істері естелік болып айтылып, ұрпақтарына  өнеге берілген. Мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешу ісі астан бөлінгеннен кейін асты мейлінше ысырапшылыққа жол бермей, адамдарды кредитке батырмай, бәсекелеспей жасаған дұрыс. 
Діни тұрғыдан қарасақ, ас беру – сауап. Адамға тамақ беру туралы Құранда көп айтылған. Ондай аяттар өте көп. Бірақ тамақ бергенде де ас беруші қауым, қазалы үй қарызға кірмесе екен деп ойлаймын. Қолда барды ұқсатып, орта жолды сақтау керек. 
Ал жалпы қайтыс болған адам туралы имам жаназа өткізген кезде көпшіліктен: «Мына адам қандай адам еді?» деп сұрағанда бүкіл халық тұрып: «Мына адам жақсы адам еді» деп куәлік жасайды. Адамдар аста сол адамның жақсылығын айтып, куәлігін жасайды. Ол куәлік діни тұрғыдан да заңды және легитимді болып есептеледі. Себебі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жақсы адам деген кезде бұл кісіге міндеті болды деп айтқан. Бірде қайтыс болған кісіні жаназаға жиналғандар жамандайды. Ол кісілерге де Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) міндетті болды деп айтқан. «Не міндетті болды?» дегенде «Жақсы деп айтқан адамға жұмақ міндетті болды, жаман деп айтқан адамға тозақ міндетті болды. Себебі сіздер куәгерлерсіздер» дейді. Сол үшін бізге жеткен хадисте сіздің қайтыс болған адамға куәлігіңіз оның жақсы ма, жаман ба, баратын жері жұмақ па, тозақ па, соның бәріне әсер етеді деп айтылған. Сол үшін діни қызметкерлер жүрген жерлерінде бекітілген мәзір бойынша дастарқан жайылса, ысырапшылдыққа жол бермес едік деген ойды халыққа жиі айтып жүргенін қолдаймын. 

Серікбол ХАМАНҰЛЫ, 
Астана қаласы Әлжан Ана мешітінің наиб-имамы: 

Ұстанатын қағидамыз 
Құран мен салт-дәстүріміз болуы керек

– Қарахан дәуірінен ислам дінін ұстанып келе жатырмыз. Сондай-ақ қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріміз бар. Сондықтан қандай жағдай болмасын, біз мұсылман болғаннан кейін дінімізден, салт-дәстүрімізден озбай, дін мен дәстүріміздің шеңберінен шықпай амал жасайтын болсақ, үлкен ысырапшылыққа бармас едік. Сондықтан біздің ең үлкен ұстанатын қағидамыз осы Құран мен салт-дәстүріміз болуы керек. Құранда Алла Тағала: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Аъраф» сүресі, 31-аят) дейді. Алла Тағала бізге өзінің халал еткенінен қалағанымызша ішіп-жеуге рұқсат етті. Бірақ ысырап етуге тыйым салды. Адал нәрсені де өзінің мөлшерінен артық қолданатын болсақ – ысырап. «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» деген мақал бар. Сондықтан бір адам өзінің байлығы бар екен деп оны барынша, мөлшерінен асыра шашса ысырапқа алып барады. Ал елден қалмауым керек деп тыраштану, қарызданып-қауғалану, соңында банкке берешек болып, оны төлей алмауда нағыз ысырап.  Құранда ысырап сөзінің өзі 2-ге бөлінеді. Біріншісі, халал нәрсенің өзін шегінен тыс қолдану деп келсе, екіншісі харам нәрсеге (құмар ойын, арақ-шарап) ақша жұмсауды шариғатта тәбзир дейді. Ол да ысырап. 
Мен Павлодар облысында қатысқан жаназада дастарқанға бауырсақ, сары май, құрт, ірімшік, жент, қант қойылғанын көрдім. Бұл негізінде ең дұрыс нәрсе. Қызығушылық танытып басқа имамдардан бұл нәрсеге қалай қол жеткізгендерін сұрадық. Олар басында халық тарапынан қарсылық болғанын, бірақ уақыт өте келе дұрыс шешім екенін, кедей мен байдың дастарқанында ешқандай айырмашылық жоқ екенін біліп, басқалай да пайдаларын көргеннен кейін халық мұны құптады. Кейін ешқандай қарсылық танытпады деп жауап берді.
Алланың тыйған нәрсесі адам баласына тек пайда алып келеді. Демек, халық ысырапшылықтан тыйылды, халық пайдасын көрді, мақұлдады. 
Негізі ас беру мәзірі Мүфтияттан бекітілген, айтылған. Бірақ орындау жергілікті жерлерге байланысты болып отыр. Ауылдың бас көтерер ақсақалдары осыны қолға алса, құба-құп болар еді.