"Күштік құрылым қызметкерлері тірідей мәйіт қаздырып, азаптаған": Ринат Зайытов құқық қорғау саласындағы бассыздыққа шүйлікті

Ринат Зайытов халық күштік құрылым қызметкерлері өздерінің қызметін асыра пайдаланып, жеке бас пайдасына қызмет ететініне жиі шағымданатын жеткізді.

"Күштік құрылым қызметкерлері тірідей мәйіт қаздырып, азаптаған": Ринат Зайытов құқық қорғау саласындағы бассыздыққа шүйлікті
сурет: parlam.kz
2555

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов құқық қорғау саласындағы бассыздықты жою үшін бірқатар ұсыныс айтып, Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. 

Біле білсеңіздер, Қазақстан Республикасы өз билігін күш құрылымдарына пәрменді есірсін деп емес, ескерсін деп береді. Халықты қорласын деп емес, қорғасын деп береді. Сондықтан, бүгін шұғыл сауал жолдауымыздың себебі – қарапайым халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-арызын Сіздерге жеткізудің соңғы амалы десек те болатын шығар. Өйткені, шарасыз халық біздер – депутаттарға соңғы инстация ретінде, басқа органдардан көмек күте алмаған соң ғана жүгінеді. Депутаттардың атына шағымдардың арасында аймақтардағы күштік құрылымдардың қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданатын хаттардың саны баршылық. Оларға Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Жаңаөзен және т.б. қалаларынан келіп түскен бір қатар шағымдарды жатқыза аламыз, – деді депутат.

Ринат Зайытов халық күштік құрылым қызметкерлері өздерінің қызметін асыра пайдаланып, жеке бас пайдасына қызмет ететініне жиі шағымданатына тоқталды.

Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны, жалғыз басты ананың ұлы алаяққа тап болып, шамамамен 4 млн теңгеден айырылған екен, бұл фактіні анықтап, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына арызымен жүгінген. Алайда, өтініш иесінің айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен таныстығының арқасында, айыпталушының үстінен қозғалған қылмыстық іс, белгісіз себептермен бірнеше рет тоқтатылған және жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілген. Сонымен, 2021 жылдың тамызында қозғалған іс бүгінгі таңға дейін сотқа жетпеген. Сондай-ақ, Қоғамдық қабылдауға келген Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны, өтініш иесі арыз қалдырып, айтып жеткізген жайт тіптен ойға қонымсыз. Оның айтуынша жәбірленушінің өзіне аймақтық күштік құрылым қызметкерлері тірідей мәйіт қаздырып, азаптаған. Осындай істі сотқа дейін жеткізбеу, не тіпті істі қозғамау, билігін асыра пайдалану және тағы да сол сияқты іс-әрекеттер туралы менің осындағы әріптестерім де айта алады. Сондай-ақ, бұл Ішкі істер министрлігіндегі «оборотней в погонах» өз қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыз зорлау фактісімен өздері ұсталып отыр. Осы ретте, бұларға сенім қайдан болсын?! – деп нақты мысал келтірді ол.

Сонымен қатар, депутат мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныс айтты.

Құзыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайдаланатын қызметкерлерге неге шара қолданбаймыз? Осыған орай, құқық қорғау саласындағы жекелеген бассыздықты жою үшін, алдымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппараттарының өкілдерінен Тұрақты әрекет ету тобын құруды, екіншіден, аталған топқа қылмысы дәлелденген күштік құрылым қызметкерлерінің құзыретінде болған істерді қайта қарап, шын кінәлілерді анықтауды ұсынамыз, – деді Ринат Зайытов.

Серіктес жаңалықтары