Атырауда полиция қызметкері сотталды

Ол полиция капитаны арнайы атағынан айырылды

Атырауда полиция қызметкері сотталды
polisia.kz
1031

Атырауда полиция қызметкері сотталды, деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Атырау қаласының №2 сотында алаяқтық жасаған және лауазымды адамға пара беруге итермелеген полицейге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, 2021-2023 жылдар аралығында өз лауазымдық өкілеттіктерін пайда табу және артықшылық алу мақсатында, қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, екі әйелден әркез ақша қаражаттарын қарыз есебінде алып, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген.

Бұдан басқа 2021 жылғы 7 желтоқсанда сотталушы заңсыз есірткі затын сатумен айналысқан әйелге қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесуге уәде беріп, оны алдап, лауазымды тұлғаға пара беруге итермелеген.

Сотталушының кінәсі куәлардің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы түбіртектермен және басқа іс құжаттарымен өз дәлелін тапты.

Сонымен қатар айыптау тарапымен полицей ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігімен, яғни 2021 жылғы 6 желтоқсанда күдікті ретінде ұсталған азаматқа қатысты жеке тінту тергеу әрекетін жүргізу кезінде соңғысынан алынған ұялы телефоны мен әмиянын кері қайтармай, өзі иемденіп алғаны айыпталған. Бұл айып сот тергеуінде өз дәлелін таппады.

Сотпен жаза тағайындау барысында жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның асырауында төрт жас баласының болуы, жәбірленушілерге мүліктік залалдың толық өтелуі, ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзуы танылды. Сот сотталушы А.А.-ны ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен, 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 2-бөлігімен, 361-бабы 2-1 бабымен кінәлі деп таныды. Оған белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен, ҚК-тің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, полиция капитаны арнайы атағынан айырылды, – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары