16 желтоқсан күні елімізде 13 мектеп ашылады
16 желтоқсан қарсаңында елімізде 7344 орындық 13 жаңа мектеп ашылады.
Оқу-ағарту министрлігі үш ауысымды, апатты мектептердің мәселелерін, сондай-ақ оқушылар орнының тапшылығын жүйелі шешу үшін жаңа білім беру нысандарын іске қосу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде, деп хабарлады turkystan.kz.
16 желтоқсан қарсаңында елімізде 7344 орындық 13 жаңа мектептің ашылуы жоспарлануда. Осылайша, биылғы жылдың басынан бері пайдалануға берілетін 95 344 орындық жаңа мектептердің саны 109-ды құрайды.
«Жалпы, осы жылдың аяғына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 132 мың оқушы орынға арналған 154 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 76 738 орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін, 113 елді мекендегі оқушы орындарының тапшылығын шешеді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асуда. Биыл 217 мектептің құрылысы басталды, олар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба ең алдымен қалалар мен келешегі бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептерді салуға, оқушылар мен педагогтерге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектеп салу жоспарлануда.