Атырауда мұнай цистернасы жарылды
Мұнай қалдықтарынан ауада газ қоспасы жиналып, жарылыс болған.
Атырау қаласы Оңтүстік өндірістік аймағында орналасқан «Batys Petroleum» ЖШС №1 цехындағы жуу-буландыру стансасында жылжымалы темір жол құрамын (цистерна) тазалау кезінде жарылыс болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Мұнай қалдықтарынан ауада газ қоспасы жиналып, жарылыс болған. Салдарынан цех құрылымдарының ішінара бөлігі құлады.
«Бірден автоматты өрт сөндіру құрылғысы іске қосылып, сонымен қатар «Batys Petroleum» ЖШС-мен келісімшартқа отырған мемлекеттік емес «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС өрт сөндіру бөлімшелері өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді», - делінген Атырау облысы ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндіруге Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 48 қызметкер мен 5 бірлік техника, «Апаттар медицинасы орталығынан» 3 қызметкер, 1 бірлік техника, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің 5 адамы, 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Зардап шеккендер жоқ. Атырау облысы ТЖД қызметкерлері барлау жұмыстарын жүргізді.