Алматы автопарктерінде түнгі кезекшілік ұйымдастырылды

Барлық автопарктерде кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді.

Алматы автопарктерінде түнгі кезекшілік ұйымдастырылды
almaty.tv
838

Алматыда жауған қалың қарға қарамастан қоғамдық көліктің шығуы 91% болып, үзіліссіз жұмыс істеді, деп хабарлады turkystan.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін қалалық Мобильділік басқармасының нұсқаулығымен қаладағы тасымалдаушы мекемелер көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау бойынша қажетті іс-шара жүргізген еді. Алайда автобустарды жолға шығару кезінде ауа райына байланысты техникалық ақаулар анықталып жатты. Сол себепті автобустардың бір бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз болды.

«Тасымалдаушылар тарапынан ақауларды жою бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Барлық автопарктерде кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Түнде желіге уақтылы шығу үшін қозғалтқышты бірнеше рет жылыту жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, рейстердің жүйелілігіне қала бойынша орын алған үлкен кептелістер де әсерін тигізді. Коммуналдық қызметтер қаланың барлық аумағында қар тазалау және жолдарды тазалау жұмысын қарқынды жүргізуде. Синоптиктердің айтуынша, бір күнде жауын-шашынның айлық мөлшерінің 28%-ы түскен. Бүгінде Алматыда 176 тұрақты қалалық және қала маңындағы маршруттар бар. Барлығы 2297 бірлік автобус пен троллейбус қызмет көрсетеді. Маршруттарға «Алматыэлектротранс» ЖШС 23 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі қызмет көрсетеді.

Биыл газбен жүретін 600 автобусы мен 100 троллейбус сатып алынды. Сондай-ақ, жеке автопарктер де қосымша жылжымалы бірліктерді сатып алуда. Бұл шара қаланың қолданыстағы автопаркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары