Қымбат қолтаңба және ұмытылмас бата

Надежда Лушникованың өнерін бағалаған Бауыржан Момышұлы ақын қарындасына “Лира” атты алтын сағат тарту етеді.

Қымбат қолтаңба  және ұмытылмас бата
3240

Надежда Лушникованың есімі аталған жерде 60-70 жылдары жаңғырған айтыс өнері, орыс қызының қазақ мәдениетіне, тіліне деген құрметі, отаншыл шынайы сезімі, ел ішіндегі, ортасындағы жайдары мінезі мен адамгершілік қасиеті еске түседі.

Қаскелеңде, қазақ арасында туып-өскен Надежда Андрейқызы Қызылорда педагогика училищесінде оқып жүргенде-ақ өлең жазып, айтыста бағын сынай бастаған. Облыстық газет редакциясында әдеби қызметкер бола жүріп, алғашқы жыр жинағын шығарады. Бұл 1963 жыл еді. Кейін Абай атындағы ҚазПИ-ді тәмамдағаннан кейін мамандығына сай ауыл мектебіне орналасып, табан аудармай отыз жылдай ұстаздық етеді. Ал 1985 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев музейінің уығын қадап, шаңырағын көтерді. Бүкіл жәдігерін жинап, құрады, бас ғылыми қызметкері, директоры қызметтерін атқарып, құрметті демалысқа шықты.

Бұдан кейін де зейнеттемін де үнсіз қалмады. Қоғамдық іске араласып, үзіліссіз ұлттық мәдениет, өнер, салт-дәстүр салаларын насихаттап келеді.

Айтары да, жазары да көп тұлғаның бүлдіршін кезіндегі бір оқиға есінде қалыпты. Шамалғанда перзенттері соғыстан оралмаған, сол күйіктен кемпірлері де өмірден ерте озған қара Омар, сары Омар есімді кісілер жасапты. Күн сайын ауылдастары кезектесіп мүсәпір екі қарияға ыстық тамақ апарып тұрады екен. Бір жолы Надежда анасының сәлем-сауқатын апарса, сары Омар атты қария: “Айналайын, қолыңды жай, бата берейін!”, – депті. Алақанының кішкентайлығын білген қыз бала көбірек алмақ ниетпен етегін тоса қояды. Сонда мейірімді ақсақал: “Етегің елге толсын!” деп бата берген екен.

Уақыт өте келе, Сүйінбай мен Жамбылды дүниеге әкелген топырақта ауыз әдебиетінен сусындаған, жыр алыбының өзінен бата алған, қазақ тілін мүлтіксіз меңгерген орыс қызы жарқ ете қалады. Ол домбырасын тастамай, талай айтысқа қатысып, халық ықыласына бөленіп, "қазақтың сары шашты аяулы өз қызы" атана бастайды.

Тегі жағынан славян, жаны тұрғысынан қазақ Надежда Лушникованың “Елім менің”, “Көңіл қошы”, “Сағынарсыңдар мені де», «Қазақтың бір қызымын» атты кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Айтыстары “Жыр шашу”, “Мәңгі көктем” жинақтарына енді.

Надежда Лушникованың Манап Көкеновпен, Әбдікерім Манаповпен, Әлімқұл Жамбыловпен айтысы осы өнердің жақұты деуге лайықты.

Надежда Лушникова ғұмырбаянының тағы да бір ерекше сәті бар.

Ол бес жыл ”Жазушы” баспасының проза бөлімінде редактор болып істеген кезінде біртуар батыр Бауыржан Момышұлының екі томдығын әзірлеуге атсалысады. Автор мен редактор арасындағы шығармашылық байланыстың қорытынды кезеңінде Надежда атына сырттай қанық Баукең ақын қыздың еңбегіне ризашылығын білдіріп, кітабына қолтаңба қойып береді.

Енді бірде Шымкентте өткен өңірлік айтыста Надежда Лушникованың өнерін бағалаған Бауыржан Момышұлы ақын қарындасына “Лира” атты алтын сағат тарту етеді. Онда “Надя, шеберлігің үшін” деген естелік жазуы бар (1964 жыл, ақпан, 21-25 күндері).

Айтыс өнері тарихына үңілсек, әйел қауымынан шыққан Айқын, Күйкентай, Манат, Шәріп, Дәме, Бодық, Ұлбике, Рысжан, Шөкей, Тыныштық, Хадиша, Жамал, Сара, Ақбала, Ақсұлу, Тәбия сынды тұлғалар есімін кездестіреміз. Бұл - өнердің зеттеушісін күтіп жатқан арнасы.

Осы орайда айтар ұсынысымыз да бар: Жамбыл облысы Қаратау қаласында қыз-келіншектер арасында Ұлбике атындағы дәстүрлі республикалық айтыс өткізу - уақыт талабы деп білеміз.

Бұл өнерге совет кезеңінде келген Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Надежда Лушникова және басқа да талантты ақындар даңқты апалар жолын лайықты жалғастырды. Шәкірт тәрбиеледі, ұлт даналығымен өзін де, айналасын да өсірді.

Осы ретте Жамбыл ауылының келіні Надежда Андрейқызының өмірдегі абыройы, өнердегі жетістігі 70-80 жылдары қазақ сахнасына көтерілген үш Татьянаға (Мартыненко, Бурмистрова, Полтавская) ықпал еткені сөзсіз.

Бұл игі бастама тәуелсіздік жылдары орайымен жалғасты. Түрлі этностан қазақша ән айтатын отандық және шетелдік таланттар көбейіп келеді. Соның жарқын мысалы - түркі әлемнің рухани астанасы Түркістан қаласында жыл сайын өткізілетін “Voice of Turan”, яғни, “Тұран даусы” халықаралық ән байқауы. Аргентина, Куба, Португалия, Испания, Болгария т.б. елдерден және бауырлас Орталық Азия мемлекеттерінен келген кәсіби әншілер қазақ тілінде ән шырқап, Қазақстанның дәстүрлі, классикалық, эстрадалық музыкасын насихатта жүр. Фестиваль мақсаты - ән арқылы қазақ халқын дүние жүзіне таныту. Бұл - музыка өнерінде ұлттық төлтума ерекшеліктің өрісін кеңейту деген сөз.

Сондықтан мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері ішінен сөз маржанын терген ақындар шығып, айтыста бақ сынап жатса, өнерсүйер халқымыз әрдайым қуана қолдайды, алақанына салып ардақтайды.

Надежда Андрейқызы өміріндегі қазақ қариясының батасы мен ұлт батырының өз қолтаңбасымен жазған тілек-ниеті кейінгі буынға да жұғысты болғай.

Дархан МЫҢБАЙ

Серіктес жаңалықтары