Көркем фильмінің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілген. Бүкілодақтық премьера 1971 жылы Мәскеу қаласында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Қыз Жібектің» алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталған. Жібек рөліне 400-ге жуық үміткерден ұсыныс хат түскен. Олардың ішінде 15 қыз ғана іріктеуден өтіп, тек Жібектің құрбылары ретінде бекітілді.
Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, ақ жалтыр темірден батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекей жасап шығарды.
Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы.
Фильмнің музыкасын Нұрғиса Тілендиев, сөзін Қадыр Мырза Әлі жазған.
Фильм 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Режиссер – Сұлтан Қожықов, сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған актерлер – Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Айта кетейік, биыл Республика күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Меруерт Өтекешоваға «Қазақстанның халық әртісі» атағы табысталды.