Ордабасы ауданында 9-сынып оқушысын өлтірген 2 ауылдасына қатысты сот үкімі шықты

Сот шешімімен  19 жастағы жігіт 16 жылға сотталды.

Ордабасы ауданында 9-сынып оқушысын өлтірген 2 ауылдасына қатысты сот үкімі шықты
Фото: otyrar.kz
1061

Түркістанда 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайды қатыгездікпен өлтіргендерге қатысты үкім шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

Оtyrar.kz-тің жазуынша, сот шешімімен  19 жастағы жігіт 16 жылға сотталды. Ал қылмысқа қалай барғанын толық мәлімдеген 17 жастағы екінші сотталушы 1 жыл төрт айға бас бостандығынан шектелді. Алайда оған прокурор 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

«Сот үкімімен сотталушы Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 1-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 10,14-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу жазасы тағайындалған. Сотталушы Т.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  434-бабымен кінәлі деп танып, оған 1 жыл 4 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындаған. Үкім заңды күшіне енген жоқ» – дейді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев. 

Жасөспірім қызды 11-ші сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы өлтірді деген күдікке ілініп еді. Олар марқұмның фотосын әлеуметтік желіге жарияламас үшін миллион теңге талап еткен. Алайда Аружан бұл жайында туыстарына хабар бермек болған. Сондықтан жоғарыда аталған екеу оны пышақтап арыққа ағызып жіберген. Қаза тапқан қыздың анасы сот шешімімен келіспейтінін, сондықтан аппелияцияға жүгінетінін айтады.

«Бейбарыс деген баланың қатысы бар екен. Төлеп деген бала бұл жерде қызымды шығарып берген екен. Бірақ ол да қызымды өлтіруге қатысты емес пе? Сондықтан соттың шығарған шешіміне мүлде келіспеймін. Адам өлтіріп тұрып бір баланы 16 жылға соттаса, екіншісін 1 жарым жылға ғана үй қамаққа жібереді. Ол бұрынғы әкімнің баласы, бірақ кімнің баласы болса да жасаған қылмысының жазасын алу керек. Мен бұған қарсы болып отырмын» – дейді марқұмның анасы Динара Зілғараева.

Серіктес жаңалықтары