Мемлекет басшысы БАӘ президентін Қазақстанға сапармен шақырды

Екіжақты ынтымақтастықты талқылау кезінде М.Нұртілеу Әмірліктер Қазақстанның өңірдегі аса маңызды серіктесі екенін және елдерімізді дәстүрлі бауырластық қатынастар байланыстыратынын айтты

Мемлекет басшысы БАӘ президентін Қазақстанға сапармен шақырды
Ашық дереккөз
1057

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің басшысы Заид Әл Нахаянды келер жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырып, бұл іс-шараға қатысуын елімізге ресми сапарымен ұштастыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Шақыру хатты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАӘ Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянға Әбу-Дабиде табыстады, деп хабарлады turkystan.kz Кazinform-ға сілтеме жасап.

ҚР СІМ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, М.Нұртілеу өз әріптесін Дубай қаласында 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қатысушы мемлекеттердің COP28 конференциясын сәтті ұйымдастыруымен құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан мен Әмірліктердің климаттың өзгеруімен күрестегі көшбасшылық саясатын атап өтіп, елдеріміздің халықаралық бастамалары мен ұлттық міндеттемелерінің жоғары маңызына тоқталды.

Екіжақты ынтымақтастықты талқылау кезінде М.Нұртілеу Әмірліктер Қазақстанның өңірдегі аса маңызды серіктесі екенін және елдерімізді дәстүрлі бауырластық қатынастар байланыстыратынын айтты.

«Тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қаңтар айында Әбу-Дабиге жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырып, екі мемлекет басшыларының жақын саяси диалогының Қазақстан-Әмірліктер көпсалалы қарым-қатынастарының жемісті дамуындағы шешуші маңызымен келісті», – делінген сыртқысаясат ведомствосының мәліметінде.

Қазақстан СІМ басшысы әмірлік әріптесіне ҚР Мемлекет басшысының БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның атына 2024 жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақыру хатын табыстап, оның бұл іс-шараға қатысуын елімізге ресми сапарымен ұштастыру мүмкіндігін атап өтті.

«Кездесуде соңғы жылдары дамып келе жатқан инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты қолдау мен сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайтуға баса назар аударылып, тараптар екіжақты сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына жеткізу үшін қолда бар әлеуетті барынша пайдалануға келісті.

Осы мақсатқа жету үшін министрлер екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттігін атап өтті және «Etihad Airways» пен «Air Arabia» компанияларының рейстерін ашу мүмкіндіктерін зерделеуге уағдаласты», - делінген хабарламада.

Кездесу соңында М.Нұртілеу шейх Абдалланы келесі жылы ресми сапармен Астанаға келуге шақырды.

 

Серіктес жаңалықтары