Real Madrid, Disney, Nickelodeon-ді қызықтырған қазақ

«Басты мақсатым – 100 түрлі әдіспен сурет салу. Қазір 86 тә­сіл­ді меңгердім».

Real Madrid, Disney, Nickelodeon-ді қызықтырған қазақ
Коллаж авторы: Нұрсұлтан Жорабаев

Ас содасы, шоколад, тосап, тұз, шеге мен гипс­­тен сурет салуға болатынын білетін бе еді­ңіз? Ал жаһанды жапыраққа сыйдыруға бо­лады десем, сенесіз бе? Үш жыл бұрын Real Madrid клубының капитаны болған Серхио Рамостың бейнесін  жапыраққа салып, күллі әлемге танылған Қанат Нұртазин бүгінде су­рет салудың 86 әдісін меңгерген. Ешкімге ұқ­самайтын стилінің арқасында Nickelodeon, Warner Bros. Games, Disney секілді алпа­уыт компаниялардан тапсырыс алған ол жа­­­пыраққа жан бітіру арқылы әлемді мойын­­­датуға болатынын дәлелдеп берді. Ал­­­дағы уақытта Marvel, Netflix компания­ла­ры­­­мен байланыс орнатқысы келетін Қанат­қа хабарласып, әңгімелескен едік.

– Сіз секілді шетелде ІТ мамандығы бойын­ша білімін жетілдірген отан­дастарымыз көбіне сонда жұмысқа тұ­рып, қалып қойып жатады. Ал сіз ел­ге қайтып келген соң бейнелеу өне­ріне бет бұрып, әлемде бұрын-соңды еш­кім қолданбаған жапыраққа сурет­ті қиып салу әдісін таныттыңыз. Бірақ кейін білгеніміздей, сіз тек жа­пы­рақ­тан емес, басқа материалдардан да су­рет салуды хоббиге айналдырған екен­сіз.

– Мен Малайзия университетінде то­лы­ғымен ІТ саласы бойынша емес, ІТ тех­но­логияларын қолдану арқылы бизнесті бас­қару ісін меңгердім. Алайда оқу бітіріп елге оралған соң, мамандығым бойынша жұ­мыс табу қиынға соқты. Жұмыс іздеп жүр­ген сол аралықта құр отырмайын деп су­рет салуды қолға алдым. Тек қағаз бетіне салу­мен шектеліп қалғым келген жоқ. Бір­неше әдісті қолданып көрдім. Бірде далада қап­тап жатқан жапыраққа көзім түсіп, жа­пыраққа ойып салып көрейін деп шеш­тім. Жапырақ пен қағаз екеуі ұқсас ма­те­риал болғандықтан, маған бұл аса қиынға соқ­қан жоқ. Осылайша, бұл өнердің қызы­ғы­на батып, артынша түрлі материал, түрлі тех­ника қолдана бастадым. Тосап, шоколад, гипс, шеге, жіптен сурет салдым. Ақырында мұ­ны «Сурет салудың 100 әдісі» деген атпен арт жобаға айналдырдым. Басты мақсатым – 100 түрлі әдіспен сурет салу. Қазір 86 тә­сіл­ді меңгердім.

Жұмыс процесін, жасаған жо­бамды Instagram-ға жариялап, менің өне­ріме тәнті жазылушыларға бәрін баян­дап отырамын. Негізі, мен әлеуметтік же­лі­ні 2013 жылдан бастап белсенді қол­да­на­мын. Уақыт өте келе парақшама жазылушы­лар саны артып, ақырында олар маған идея тастап, ойға ой қосатын болды.

– 86 тәсілдің бәрін үйрену үшін әл­де­бір курсқа немесе арнайы бір се­ми­нар­ға барған жоқсыз ғой?

– Жоқ. Бар болғаны досыммен бәс­тес­тім. Ол көркемөнер мектебінде оқыған. Ал мен бала кезде тіпті де сурет салмағанмын. Әлгі досым суретшінің оқуын оқымай сурет салу қиын екенін баса айтты. Шыны керек, оның бұл айтқаны намысыма тиіп кетті. Сол кезде түбі сурет саламын деп өз-өзіме уә­де бердім. Осылайша, сурет салудың қыр-сы­рын меңгеру азартқа айналып, ақырында бұл сүйікті ісіме айналып кетті. 2018 жылы Ас­танада Бейбітшілік және келісім са­райын­да жеке көрмем өтті. Мұнда да келу­ші­лерге тек бір емес, түрлі әдіспен салу про­цесін танытқым келді. Көпшілікке жа­­­пыраққа қиып салатын суретші ретінде та­нылғанмен, жапыраққа сурет салу әдісі – менің жобам­ның бір ғана бөлігі.

– Біз сізді әйгілі Real Madrid клубы бас­таған челленджге қатысқан сә­тіңіз­ден бастап таныдық. Алайда сіз оған дейін шетелдік балалар телеарнасы Nickelodeon және Disney компания­сы­мен бірлесіп жұмыс істеген екенсіз. Олар да сізді Real Madrid өкілдері се­кіл­ді Instagram-нан байқап, байланыс­қа шықты ма?

– Иә. Парақшама жүктеген сурет-ви­део­ла­­рымды көптеген парақша мен халық­ара­лық сайттар өздеріне жүктеп алатын бол­ды. Соның ішінде 80 млн жазылушысы бар 9gag парақшасы менің бір жұмысымды өз­деріне салғаны есімде. Содан соң маған әлемдік компаниялардан ұсыныстар келіп түсе бастады. Бірінші болып Nickelodeon балалар телеарнасының өкілдері жазды. Олар көктемгі маусымға сары жапыраққа түрлі кейіпкерлерді қиып салу туралы ұсы­ныс айтты. Одан соң Disney компа­ния­сы­ның өкілдері байланысқа шықты. Оларға «Суық жүрек-2» және «Малефисента-2» сю­жеттеріне сурет салып бердім. Сосын Nickelodeon-ның еншілес компаниясы Nick Jr-дан хабарласып, олармен әріптестік орнаттым. Әлем көрерменін жаулап алған Пэддингтон, Спанч Боб және Сквидвард, Чаки мен Пепа торай секілді кейіпкерлердің суреттерін қиып салдым. Сосын 2020 жылы ис­паниялық Real Madrid клубы коман­да­ның ойын барысын бейнелейтін арт жобалар байқауын жариялады. Ол кезде менің қоржынымда клуб капитаны Серхио Рамостың бейнесі қиып салынған жапырақ бо­латын. Мұны байқауға жібергенімде, олар оны ұнатып қалып, ізінше клубтың 149 млн жазылушысы бар жеке парақ­ша­сына жүктеп қойды. Олар тек жүктеп салу­мен шектелген жоқ, хабарласып, байланыс ор­нат­ты. Күні кешеге дейін бірлесіп жұмыс іс­тедік. Алдағы жылы да бұл келісімшарт жал­ғасады деп сенемін.

– Биыл тамыз айында «Mortal Combat 1 амбассадоры атанып, әлемнің әр бұ­рышынан келген 17 суретші бар ко­манда құрамына болғанына қуа­ныш­тымын. Былтыр желтоқсан айы­нан бері осы жаңалықты іште сақтау өте қиын болды» деп жазған едіңіз. Әй­гілі Warner Bros. Games компаниясы бастаған жарнама кампаниясы кезінде үздіктер қатарына ілігуге ерекше сти­ліңіз түрткі болды ма? Әлем сурет­ші­лері­нің арасынан іріктеліп алынған 17 өнер­паздың ішінде сізден басқа жапы­рақ­пен салатын ешкім болмаған шы­ғар?

– Былтыр қараша айында Warner Bros. Games компаниясы Mortal Combat 1 ойы­нына жарнама кампаниясына дайындық бас­тады. Сол кезде компания өкілдері ме­нің бұл жобаны қалай түсінетінімді әрі мұ­ны қандай аралықта істей алатынымды сұра­ды. Одан бөлек, бұл атақты ойынмен ме­ні не байланыстыратынын жазу керек бол­ды. Сосын қаңтар айында іріктеп алған 17 финалистің қатарына ілініп, амбассадор атандым. Он жетіміз он жеті стильде сурет са­­­ламыз. Мені жапыраққа қиып салатыным үшін таңдаған секілді. Кейін наурыз айын­да жарнама кампаниясы басталған кезде Сарышаян мен Джейннің суретін салу бақы­ты бұйырды. Ал тамыз айында Mortal Combat 1 ойынының басты кейіпкері Лю Кан­ның бейнесінен стоп моушн жасауды ұсын­ды. Сөйтіп, оларға бас кейіпкердің 43 жа­пыраққа салынған суретін кезек-кезек су­ретке түсіріп, бейнематериал әзірлеп бер­дім.

– Instagram-дағы жеке парақ­шаңыз­дан Дубайдағы әйгілі Legoland сая­ба­ғында түскен суретіңізді байқап қал­дым. Олардан да ұсыныстар келіп түсті ме?

– Біріккен Араб Әмірлігінің Туризм ми­нистрілігімен етене жақын жұмыс іс­те­дім. Олар мені Дубайға шақырып, қаланың кө­рік­ті жерлерін бейнелейтін суреттер серия­сын әзірлеуді ұсынды. Келісімшарт ере­жесіне сәйкес, Legoland саябағын тегін ара­лауға мүмкіндік берілген болатын. Бұл жо­баны жуырда аяқтадым. 

– БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілді­гі­мен бірлесіп істеген зорлық-зомбы­лық­ түр­лері туралы әзірлеген бей­не­ро­ли­гіңіз де ешкімді бейжай қалдырмады...

– Иә. 25 қарашада БҰҰ-ның гендерлік зор­лық-зомбылыққа қарсы 16 күндік жаһандық кампаниясы басталған болатын. БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінен зор­лық-зомбылықтың түрлі әдістерін бей­не­лейтін суреттер сериясын салу туралы тап­­­сырыс алдым. Бұл кампания желтоқсан айы­ның ортасына дейін жалғасады. Өкіл­діктің Instagram-дағы ресми парақшасында әр апта сайын түрлі суреттер қамтылған бей­нероликтер мен маңызды ақпарат са­лынып отырады.

– Мені қызықтыратын сұрақ: Әлгі ірі компаниялардың тапсырысын пош­тамен салып жібересіз бе?

– Иә, поштамен жіберемін. Жуырда аяқ­­­­талған Mortal Combat 1-тың суреттерін пош­тамен жібердім. Nickelodeon мен Real Madrid тапсырыстарын да поштамен жі­бер­генмін.

– Мұны сұраған себебім – жапырақ­тар ұзаққа шыдай ма? Тез қурап қал­май ма?

– Негізі, жапырақ ұзаққа шыдайды. Бәрі қай­да және қалай сақтағаныңа байланысты. Мен әдетте кітаптың арасына салып қоя­мын. Онда бірнеше жыл сақтауға болады. Мен­де жапырақты ұзақ сақтаудың тағы бір тә­сілі бар. Мен оны эпоксидті шайырға саламын. Одан алып, оны кептірген соң, ол әйнек се­кілді көрінеді. 

– Жапырақтарды Астананың қай же­рінен теріп аласыз?

– Астананың саябақтарынан жинап ала­мын. Орталық саябақ, сосын Бейбітшілік жә­не келісім сарайының қасындағы сая­бақ­тан аламын. Жалпы, қыдырып жүргенде пі­шіні ерекше жапырақ көріп қалсам, жи­нап жүремін. Өзіммен бірге қойын дәптер ұстап жүремін. Соған салып аламын. 

– Астананың қысы ұзаққа жалға­са­тын­дықтан, жарты жылға жетер жа­пы­рақ жинап алатын шығарсыз?

– Менде былтыр, алдыңғы жылдан қал­ған жапырақтар бар. Оларды жинап алған соң, өңдеймін. Сосын «Мына бір жобаға ке­рек болады-ау» деп сақтап қоямын.

– Сізге идея қайдан келеді? «Мы­на­ны мына күні қиып саламын. Ертең анау суретті салуым керек» деген жос­пар жоқ шығар сізде?

– Негізі, менде идея жетіп артылады. Ойы­ма түскенін қойын дәптеріме түртіп оты­­­­рамын. Қол босаған кезде немесе ерек­ше шабыттанған сәтте соны іске асырамын. Одан бұрын әлемде және елімізде болған оқи­ғаларға да бейжай қарай алмаймын. Мы­салы, жуырда ел ішінде үлкен резонанс ту­дырған зорлық-зомбылық оқиғасына қар­сылығымды білдіргім келіп сынған әй­нек­ке сурет қашап салдым. Сондықтан ті­зім­де тұрған идеялардан бөлек, осындай жаңа­лықтарға да өз «үнімді» қосып оты­ра­мын.

– Астананы насихаттайтын жоба­ла­рыңыз бір төбе. Өз басыма Бейжің па­лас­тың қасында түсірген айдаһар­дың суреті ерекше ұнайды.

– Астананың көрікті жерлерін осы­лай­ша насихаттағым келді. Қала ішін аралап жүр­генде жан-жағыма зер салып қараймын. Егер бір ғимаратқа бірдең жетіспей тұрған­дай көрінсе, қиялыма ерік беремін. 

– Қарағандының картасына Го­лов­кин­нің суретін гель қаламсаппен салу да өз идеяңыз ба?

– Иә. Негізі, оған дейін оның бірнеше су­ре­тін салғанмын. Ас содасының көме­гі­мен, сосын жапыраққа қиып салғаным бар. 2015 жылы Назарбаев университетіне кел­ген кезде гуашьпен салған суретін өзіне та­­быстадым. Сосын Қазақстандағы қала­лар­дың картасына сол аймақтан шыққан та­нымал тұлғалардың суретін салу идеясын қол­ға алдым. Сол кезде Головкиннің суре­тін Қарағандының картасына қара түсті гель қаламсаппен салғанмын. Әзірше бұл жо­ба тоқтап тұр. Үлгере алмай жатырмын.

– Ас содасынан да сурет салуға бо­ла­­тынын бірінші рет естіп тұрмын.

– Әйгілі актер Киллиан Мерфидің, Вик­тор Цойдың бейнесін ас содасының кө­ме­гі­мен салдым. Соданы төгіп, оның үстіне мақ­та таяқшасы немесе тіс тазартқыштан бей­не құрап шығасың. Өкініштісі сол, бұл жұ­мыс ұзаққа шыдамайды. Алайда бұл да бір өнер. 

– Осыдан үш жыл бұрын сізге әлем­нің ал­пауыт компанияларынан ұсы­ныс келіп жатқанын естіген кезде шет­елге қоныс аударып, сонда жұмыс істеп жатқан болар деп ойлаған едім. Сіз­ге хабарласқан кезде де басқа елде тұ­рып жатқан шығар деген ойда бол­дым. Алайда сіз Астанада тіс емханалар же­лісінің шаруасымен жүгіріп жүр­ге­ніңізді айтып қалдыңыз. Шақыру көп ке­ліп түскенмен, Астанадан ары асып кет­кіңіз келмеді ме?

– Көпшілік сіз секілді мені шетелде тұ­ра­ды деп ойлайды екен. Мен Астанада тұра­мын. Қазір жаһандану заманында адам­дар немесе компаниямен байланыс ор­нату оңай ғой. Көбіне клиенттер өздері бірінші жазады. Ұзақ мерзімге жалғасатын бол­са, шетелге барып қайтуда тұрған дә­неңе жоқ. Ал бірақ түбегейлі көшіп кетудің мә­нін көріп тұрған жоқпын. Ондай ойым да жоқ.

– Қазір сурет салу ісін кейінге ысы­рып қойдыңыз ба сонда?

– Негізі, сурет салу ешқашан менің н­е­гіз­гі табыс көзім болмаған. Бұл мен үшін хоб­би іспетті. Мен бұған коммерциялық жо­ба ретінде қарамағанмын. Мұнымен тек бос уақытта айналысамын. Ал қалған уа­қыт­та басқа жұмыс істедім. Қазір тіс емха­на­лар желісінің директоры қызметін ат­қара­мын.

– Дегенмен бірнеше әлемдік ком­пания­мен әріптестік орнатқан соң, «Ендігі ке­зек­те мынадай әлемдік ком­паниямен жұмыс істесем ғой» деген ар­ман жоқ емес шығар.

– Әрине, бар. Мен күллі әлем комик­сте­рі­не қызығатын Marvel, DC компа­ния­лары, сон­дай-ақ Netflix компа­ния­сымен бірлесіп жұ­мыс істегім келеді. Осы мақсатқа қол жет­кізу үшін өз-өзім­ді жетілдіріп, қабі­ле­тімді ұштап жүр­мін.

– Сізді көпшілік Қазақстанда жа­пырақ­қа сурет қиып салатын жалғыз суретші деп атай­ды. Nickelodeon, Warner Bros. Games, Disney секілді алпауыт компаниялардан тап­сырыс алып жүрген сіз тек Қазақстанда емес, күллі әлем бойынша мұндай стильде сурет салатын жалғыз суретші шығарсыз?

– Солай сияқты. Әлем бойынша жа­пы­рақты қолданатын бір-екі суретшінің жұ­мысын көргенмін. Алайда олардың бірі өрнекті бейнелесе, екіншісі тек оюды қиып са­лады. Мен секілді егжей-тегжей деталь­дар­ды қамтымайды. Сондықтан олардың жұ­мысын менікімен салыстыруға бола ма, бол­май ма, суретшілер айта жатар. Ал Қа­зақстанда әзірше менен өзге жапырақты қол­данатын ешкімді байқамадым.

– Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ