4 бестселлер кітап аудан кітапханаларына жол тартты
Олар – «Блокчейн технологиясы», «Ақшаның қысқаша тарихы», «Криптовалюта дәуірі» және «Ақиқат машинасы» кітаптары.
Кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының негізін қалаушы Исламбек Салжанов жақында елорда жастарымен кездесу өткізді. Меценат Исламбек Салжанов еліміздің барлық аудандық және қалалық кітапханаларына инновациялық технология туралы 4 кітаптың 8 мың данасын сыйға тартты.
Іс-шара барысында Исламбек Салжанов қазақ тілінің білім берудегі өзектілігіне тоқталып, кітаптарды қазақша аудару – еліміз үшін басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
– Бүгін біз, Altyn Qyran Foundation, Қазақстан блокчейн технологиялары және деректер орталықтары қауымдастығы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен, сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханамен және «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп атқарған игі ісімізді бөліскіміз келеді. Қазақ тіліндегі жаңа технология туралы төрт әлемдік бестселлер еліміздің барлық қалалық және облыстық кітапханаларының сөрелеріне жіберіледі. Олар – «Блокчейн технологиясы», «Ақшаның қысқаша тарихы», «Криптовалюта дәуірі» және «Ақиқат машинасы» кітаптары. Бұл – ең қолжетімді және блокчейн технологиясы, криптоиндустрия, WEB3 қандай екені және прогресс қайда бара жатқаны туралы өте қызық мәліметтерге толы 4 әлемдік кітап», – деді меценат.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл кітаптардың бәрі онлайн форматта «Алтын қыран» қорының ресми сайтында тұр. Тағы бір айта кететін жайт, бұл кітаптар тек қағаз түрінде ғана емес, электронды форматта да қолжетімді. Сондықтан кітапты QR сілтеме арқылы смартфонға жүктеп алып, кез келген жерден тегін оқуға болады.
– Қазір біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бәрімізге блокчейн технологиясы, жасанды интеллект, заттар интернеті, кеңейтілген виртуалды шындық және т.б. жаңа технологияларды меңгеру керек. Ал болашақта оларға өзіміз де бір нәрсе қосуға тиіспіз. Бұл технологиялар әлі даму сатысында. Ал біз, қазақстандықтар, ең алдымен, жастар осы үдерістердің басы-қасында болуымыз керек. Бұл кітаптарды еліміздің барлық 168 аудандық кітапханасына жеткізу арқылы Қазақстанның ауыл жастарының жаһандық инновациялық білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береміз. Кітаптар әр қазақстандыққа онлайн қолжетімді, бұл олардың инновациялық технологияларды меңгеруіне жол ашады, – деді спикер жастарға.
Блокчейн технологиялары және дата орталықтары қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашев Блокчейн, криптоиндустрия және Web3 туралы айта келіп:
– Блокчейн жаңа технология мен инновацияларды дамытуға айтарлықтай әсер етеді. Бүгінде жас кәсіпкерлер орталықтандырылмаған жобаларды құру, қаржылық инклюзияны жақсарту және білім, үкімет, энергетика, логистика, денсаулық сақтау және экономикамыздың басқа секторлары сияқты әртүрлі салалардағы ашықтықты арттыру үшін блокчейнді пайдаланып жүр, – деді ол.
«Блокчейн технологиясы», «Ақшаның қысқаша тарихы», «Криптовалюта дәуірі» және «Шындық машинасы» – бұл аталған төрт кітап интернет, блокчейн дегеніміз не деген сұрақтарға жауап іздей отырып, оқырмандарға прогрестің келешек бет алысы жайында толық, қолжетімді әрі қызықты деректер ұсынады.