QAZAQ TILI қорына алғашқы жарнаны Президент аударды
Мемлекет басшысы өз қаражатынан қосқан жеке жарна көлемі – 7 млн теңге.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдау мақсатымен құрылған QAZAQ TILI Endowment Qory-на алғашқы жарнаны аударды.
Мемлекет басшысы өз қаражатынан қосқан жеке жарна көлемі – 7 млн теңге.
QAZAQ TILI Endowment Qory халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының бастамасымен құрылған. Негізгі міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
Биыл 12 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының басшысымен кездесуінде мемлекеттік тілді дамыту мақсатымен арнайы эндаумент қорын құру бастамасына қолдау білдірген болатын.
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қаражат толықтай басқаруға беріледі және инвестицияланады. Эндаумент қорының инвестициялық қызметінен түскен табысы бенефициар ұйымның жарғылық міндеттерін орындауға жұмсалады. Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған.
Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Елімізде ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп жатыр.