Павлодарда қасақана адам өлтірген 2 тұрғын сотталды

Олар жәбірленуші полицияға хабар береді деген үреймен оны өлтірген.

Павлодарда қасақана адам өлтірген 2 тұрғын сотталды
ашық дереккөз
641

Павлодарда телефон үшін қасақана адам өлтірген екі тұрғын сотталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, олар жәбірленуші полицияға хабар береді деген үреймен оны басынан ұрып өлтірген.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш бап бойынша қылмыстық істер қаралды. Екі тұрғын ҚК-нің 99-бабы  2-бөлігі 7-тармақ (Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыс), ҚК-нің 191-бабы  2-бөлігі 1-тармақ (Тонау) және ҚК 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша айыпталды. 

«Биыл наурыз айында екі ер адам алдын ала сөз байласу арқылы басқа тұрғынға күш қолданып, ұялы телефонын тартып алған. Жәбірленуші қашып бара жатқан кезде оны қуып жетіп, жерге құлатып, соққыға жыққан. Ер адам есінен танып қалады», – делінген хабарламада.

Екі ер адам қылмыс орнынан кетіп бара жатқан кезде қайтадан оралып, жәбірленушінің басынан аяғымен теуіп, өлтіріп тастаған.

«Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жағдайды – масаң күйінде қылмыс жасағанын ескере отырып, бір ер адамға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті өтеуге 16 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады», – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінде. 

Екінші тұрғынға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушінің моральдық зиянды өндіріп алу бөлігіндегі талабы толық көлемде 6 миллион  теңге сомасында, үлестік тәртіппен әрқайсысынан 3 миллион теңгеден қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары