«Ғылыммен айналысқым келеді»: 6-сынып оқушысы Тәуке ханның портретін сөйлетті

Бұл портреттің ерекшелігі – сөйлейтін сурет Қазақ хандығында Тәуке хан кезінде қабылданған «Жеті жарғы» заңын баяндап, әңгімелеп береді.

«Ғылыммен айналысқым келеді»: 6-сынып оқушысы Тәуке ханның портретін сөйлетті
сурет: turkystan.kz
1758

Жомарт Азаматұлы өзі ойлап тапқан құрылғысымен Тәуке ханның портретін сөйлетті. Ол – Ақтөбе облысына қарасты Хромтау қаласының №3 Хромтау орта мектебінің 6-сынып оқушысы. Бұл – оның алғашқы жобасы. Turkystan.kz тілшісі жас өнертапқышпен тілдесіп, жасап шығарған құрылғысы туралы сұрап білді.

Бұл портреттің ерекшелігі – сөйлейтін сурет Қазақ хандығында Тәуке хан кезінде қабылданған «Жеті жарғы» заңын баяндап, әңгімелеп береді. Жас өнертапқыш неліктен таңдауы Тәуке ханға түскенін  айтып берді.

«Тәуке ханның портретін таңдаған себебім – маған оның «Жеті жарғы» заңы ұнады. Ол сол заңдар жинағы арқылы қазақ халқын біріктірді», – дейді ол.

Оқушы портретті әзірлеуде түрлі техника құралдарын пайдаланған, оған шамамен бір жылдай уақыты кетіпті. Портрет mp3-құрылғысымен, сенсорлы өшіру түймелерімен және 12 В қуат көзімен жабдықталған.

«Портретті әзірлеуге 1 жылдай уақыт кетті. Оны жасауға көптеген құрал керек болды. Құралдарды бірден таба алмағандықтан, біршама уақытымды жұмсадым», – дейді Жомарт.

Оның айтуынша, жобаны әзірлеуге тарих пәнінің мұғалімі Дина Еркінқызы мен әкесі көмектескен.

«Бұл портретті сабақта көрнекілік ретінде пайдалануға болады. Осы портрет арқылы айтылған мәлімет оқушылардың есінде жақсы сақталады», – дейді оқушы.

Сондай-ақ Жомарт Азаматұлы алдағы жоспары туралы айтып өтті.

«Тарихи тұлғалардың портреттерін сөйлету арқылы жастарға халқымыздың тарихын насихаттауды қалаймын. Енді мен Бауыржан Момышұлының портретін сөйлеткім келеді. Ол кісінің дауысы архивте сақталған. Сол дауысын қолдану жоспарда бар. Ұлы жеңістің 79 жылдығына арнап халық батырының портретін сөйлетуді жоспарлап отырмын», – дейді ол.

Жас өнертапқыш болашақта ғылыммен айналысқысы келеді. Өйткені оған тың жаңалықтар ашқан ұнайды.

Сонымен қатар Жомарт өзі сияқты оқушыларға кеңесін айтты.

«Сабақты жақсы оқып, ата-аналарын тыңдап, бос уақытын тиімді пайдалануға кеңес беремін», – дейді ол.

 

Серіктес жаңалықтары