Қарағанды облысында екпеден қайтыс болған ер адамға қатысты тың дерек шықты

Марқұмның артында жары мен үш баласы қалды.

Қарағанды облысында екпеден қайтыс болған ер адамға қатысты тың дерек шықты
ашық дереккөз

Қарағанды облысында аллергиясы бар препарат алған жігіт тілге келмей жан тапсырған, деп хабарлады turkystan.kz.

«КТК» арнасының мәліметінше, Қарағанды облысында ауруханада жан тапсырған жігіттің отбасы дәрігерлерді қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр.

Айтуларынша, жоспарлы ота жасауға барған адамға дәрігерлер науқастың аллергиясы бар антибиотик егіп жіберген. Соның салдарынан ол анафилактикалық шок алып, комаға түсіп, екі күннен кейін тілге келмей бақилық болыпты.

«Аллергияға сынама қалайша теріс нәтиже берген? Ол мүмкін емес. Ауруханаға келгенде сол антибиотикке аллергиясы бары айтылып, жазылып алынды. Білегіне аллергиясы бар дегенді білдіретін көк түсті бау байланды. Соны мейірбике көре тұра, ЦЕФ 3 егіп отыр. Бірден реакция берген», – деді марқұмның жары Гүлмира Мақашева.

Төрежан Мақашев облыстық ауруханаға жоспарлы түрде тікішегіне ота жасатуға әйелі екеуі бірге келген. ЦЕФ 3 антибиотигіне аллергиясы бар екені ауруханаға кіргеннен айтылыпты. Науқасты қабылдаған құжатттардың бәрінде ол ақпарат жазылған. Бірақ ота жасалардың алдында алған екпеден кейін оның жүрегі тоқтап қалған. Реаниматологтар 20 минут дегенде жүрегін қайта соққызғанымен, науқас комаға түсіпті. Ақыры, екі тәулік есін жимай жатып жан тапсырған.

Марқұмның артында жары мен үш баласы қалды. Әйелі екеуі Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде қатар қызмет еткен. Марқұмның жары Төрежанға аллергиясы бар препаратты егуге жол бергендер жазасын алсын деп отыр. Ал дәрігерлер антибиотикке аллергиясы бар-жоғы тексерілген дейді. Мұны Медициналық қызмет сапасын қадағалау басқармасындағылар да растады. Дегенмен науқастың өліміне нақты не себеп болғанын кешенді тексеріс пен тергеу анықтауға тиіс.

 «Отадан бұрын тері іші сынама жасалынады. Оның қорытындысы бойынша ол теріс болып бағаланады. Науқасқа ота алдында ЦеФ 3 дәрісі салынған. Сот медициналық сараптамасының болжамы бойынша, науқас анафилактикалық шоктан қайтыс болған», – деді Қарағанды облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бас маманы Ардақ Бейісова.