Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады

«Шығанақ өңіріндегі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі - Сауд Арабиясымен тығыз ынтымақтастығымыздың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін».

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады
akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі, ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудты және барша сауд халқын «EXPO-2030» халықаралық көрмесін Рияд қаласында өткізуге қатысты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады, деп хабарлады turkystan.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Еліңіздің айтулы шараны өткізуші ретінде таңдалуы Корольдіктің жаһандық деңгейдегі мәртебесін, сондай-ақ саудтықтардың қажырлы ұмтылысы мен мемлекет басшылығының жігерлі табандылығын тағы да дәлелдейді. Шығанақ өңіріндегі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі Сауд Арабиясымен тығыз ынтымақтастығымыздың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында әлеуеті жоғары қарым-қатынастарымызды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамыта түсетінімізге кәміл сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі, ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал бауырлас сауд халқына құт-береке тіледі.