Ядролық қаруға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр: Сыртқы істер министрі ЯҚТСШ конференциясына қатысты

Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның (ICAN) атқарушы директоры Мелиса Парк Қазақстанның ядролық қаруға тиым салу бойынша шартқа қатысушы елдердің үшінші конференциясына төрағалық етуін қолдап, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Ядролық қаруға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр: Сыртқы істер министрі ЯҚТСШ конференциясына қатысты
сурет: gov.kz
796

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Нью-Йорктегі Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің екінші конференциясына қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Конференцияның жоғары деңгейде өткен сессиясында М.Нұртілеу сөз сөйлеп, халықаралық аудиторияның назарын ядролық қаруды сынау мен оны қолданудың зиянды салдарларына аударды. Ол жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында диалог пен сенім шараларын кеңейтуге шақырды.

Қазақстандық дипломат сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік» туралы бастамасына назар аударды. Мемлекет басшысы биылғы қыркүйекте БҰҰ штаб-пәтерінде жариялаған бастама БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқық пен өзара құрметке негізделген «тең диалогты» ілгерілетуді ұсынады.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Кирибатимен бірлесіп, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру үшін Халықаралық сенімді қорын құру бойынша ұсыныстар дайындағанын ерекше атап өтті.

Сонымен бірге сапар барысында Министр М. Нұртілеу БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөздер жүргізді. А. Гутерриш Қазақстанның әлемдегі, әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда маңызды рөлін жоғары бағалап, Мемлекет басшысының тиімді дипломатиясына ерекше тоқталды.

БҰҰ басшылығы еліміздің халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы, әсіресе ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығы мен бастамаларын атап өтіп, жаһандық ұйымның бітімгершілік миссияларына қолдау көрсеткеніміз үшін алғысын білдірді.

БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану мәселелері бойынша орынбасары Изуми Накамицумен кездесуде Қазақстанның ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту және ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бастамалары талқыланды. Тараптар осындай ядролық қарусыз аймақтарға қатысушы елдердің келесі кездесуін 2024 жылы Қазақстанда ұйымдастыруға келісті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру туралы бастамасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

ICAN (Ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық науқан) атқарушы директоры Мелиса Паркпен кездесуде Қазақстанның қарусыздану жөніндегі бастамаларын қолдауға және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігі расталды.

Конференция барысында қазақстандық делегация ядролық сынақтардан зардап шеккендерге қолдау көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіруге арналған екі іс-шара өткізді.

Қазақстан СІМ мен БҰҰ Хатшылығының бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының азаматтары мен ядролық қару сынақтарынан зардап шеккен Тынық мұхиты аймағындағы аралдық мемлекеттердің өкілдерінің конференцияға қатысуына қолғабыс көрсетілді.

Екінші ЯҚТСШ конференциясының қорытындысы бойынша саяси декларацияны қабылдау және Қазақстанға төрағалықты екі жылдық кезеңге беру жоспарлануда.

Серіктес жаңалықтары