«AMANAT» партиясы кітапхана ісін қолдайды

№3 балалар кітапханасының кітап қоры мол, тұрақты оқырманы көп.

«AMANAT» партиясы кітапхана ісін қолдайды
1058

Ел Президентінің Астана қаласын дамыту жөніндегі биылғы тапсырмасына сәйкес елордада 4 кітапхана ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Солардың бірі №3 балалар кітапханасы заман талабына сай қайта жаңғырып, жас оқырмандарына есігін қайта ашты.

Бүгін «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова жаңарған кітапхананың жұмысымен танысты. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мадибаева қонақтарға күрделі жөндеуден кейінгі балалар кітапханасының ғимаратында экскурсия жүргізді.

Жөндеуден кейін кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қала тұрғындары мен кітапхана оқырмандарына ыңғайлы болу үшін заманауи эргономикалық жиһаздар алынған. Сонымен қатар мұнда кіреберісті жаңарту, сыртқы жарықтандыруды ауыстыру, лайт-бокс орнату сияқты ауқымды жұмыс атқарылды.

«Кітапханаға жоғары жылдамдықты интернет орнатылып, компьютерлік техника сатып алынды. Енгізілген өзгерістер елорда жұртшылығы арасында кітап оқуды насихаттауға көмектеседі және қазірдің өзінде тиімділігін көрсетуде. Келер жылы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ теңгеріміне берілген тағы 4 ғимаратқа және қолданыстағы 4 кітапханаға жаңғырту жұмысын жүргіземіз. Ал 2025-2026 жылдары 10 кітапхананы жөндеу жоспарланып отыр», – деді Гүлбадан Мадибаева.

№3 балалар кітапханасының кітап қоры мол, тұрақты оқырманы көп. Бұл кітап үйі жақсы іс-шаралардың өтуіне, тың бастамалардың жүзеге асуына бастамашы болып келеді.

Осы орайда «AMANAT» Хатшысы Шолпан Каринова мәдениетті дамыту ұлттың рухани бірлігінің негізі екенін, сондықтан да партия оған ұдайы қолдау білдіретінін баса айтты.

«Дүниенің ілім-білімі, ақыл жауһары – кітапта. Адамзат қоғамын биік өркениетке жеткізген де осы кітапхана. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені» деген болатын. Сіздердің де кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында жемісті жетістіктерге жететіндеріңізге сенемін. Осы жайлы кітапханаларда оқырман сарқылмас білім алып, өзін жан-жақты кемелдендіре алады. Заман талабына сай жаңарған кітапхана құтты болғай!», – деген партия Хатшысы кітапхананың жас оқырмандарымен де тілдесті.

Бірі Бауыржан Момышұлының кітабын оқып, енді бірі Әлия Молдағұлова туралы реферат жазып, тағы бірі кинозалда кітап туралы ақпарат тамашалап отырған Астана қаласындағы №14 мектеп-гимназиясының оқушыларына Шолпан Каринова жақсы тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, партия Хатшысы кітапханаға балаларды тарту мақсатында мектептердің арасында оқушылары кітапханаға ең көп келетін білім ошағы деген сайыс ұйымдастырылса деген ұсынысын ортаға салды.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы мәдениетке, руханиятқа қашанда ерекше көңіл бөліп келеді. Оның ішінде, оқырмандарды кітап әлеміне қайта тарту үшін көптеген жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Оның бір ғана дәлелі ретінде осы күзден бастап партия қолға алған «Кітап-AMANAT» жобасын айтуға болады. Жоба аясында әр өңірде кітап орталықтары ашылып жатыр. Партия әлем елдерінің осы саладағы озық тәжірибесін үлгі ете отырып, отандық әдебиетті дамытуға күш салмақ.

«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында жыл сайын театр, кітапхана, коммуникация, білім беру және демалыс орталықтарын қоса алғанда, 300-ге жуық мәдениет нысанын салу және жаңғырту жоспарланған. Мұнымен қоса, мәдениет, мұрағат пен кітапхана қызметкерлерінің жалақысын екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Серіктес жаңалықтары