Мегаполис – мүмкіндік мекені

2050 жылға қарай Қазақстанда миллион тұрғыны бар 5 қала болады.

Мегаполис – мүмкіндік мекені
ашық дереккөз
1232

Өркениет пен мәдениеттің сеңдей соғылысып, селдей сапырылысуы мегаполистердің мәңгілік мәселесіне айналды. «Дала мәдениетінің» қала мәдениетіне жұтылуы тұрғындарының саны миллиондық межені бағындырған шаһарларға қызығы мен шыжығын қатар ұсына бастады. Жаһандық құбылыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ.

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайтын болсақ, арғы тарихта дүниежүзі бойынша халқының саны миллионға жеткен алғашқы қала Рим екенін айтуымыз керек.

Римнің жолын Қытайдың Сиань, кейін Ирактың қазіргі астанасы Бағдад жалғады. Ал бергі тарихта, яғни жаһанның жаңа тарихында ең алғаш рет 1800 жылы Жапонияның бұрынғы Эдо, қазіргі Токио шаһары миллионер қала атанды. 1850 жылы бұл тізімге Шанхай қосылды. Арада 5 жыл өткенде жұмыр жерде тұрғындарының саны 1 миллионды құрайтын 273 қала пайда болды. Айта кетейік, Қытайда миллион тұрғынды құрайтын - 123, Үндістанда – 54, Индонезияда - 17, Ресейде – 15, Бразилияда - 14, Жапонияда - 12, АҚШ-та - 9 қала бар. Бұл тізімнен Қазақстанның 3 қаласы: Астана, Алматы және Шымкент ойып тұрып орын алды.

Қазір дүниенің төрт бұрышындағы 548 қала миллиондық межені бағындырғанын ресми тіркеген. Оның 33-де халық саны 10 миллионнан асады. 2030 жылға қарай млн тұрғыны бар қалалардың саны 703-ке жетеді. Осылардың арасында 43 қалада өмір сүретіндердің қарасы 10 млн тұрғын болады деген болжам бар.

БҰҰ дерегінше, дүниежүзіндегі ең үлкен қала – Токио. Одан кейінгі орында Нью-Дели. Алғашқысында - 37 млн, соңғысында - 29 млн адам тұрады. Үздік үштікті Шанхай түйіндеп тұр. Мұнда өмір сүретіндердің саны 26 млн адамды құрайды. Алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижесі 2030 жылға қарай Үндістан астанасы Нью Дели 39 млн тұрғыны бар қалаға айналатынын көрсетіп отыр.

2022 жылғы 15 қарашада әлем халқының саны 8 млрд адамға жетті. Халық саны 1998 жылдан бастап санағанда 2 млрд адамға өсті. 2050 жылы әлем халқының саны 9,7 млрд-қа, 2080 жылдардың ортасында 10,4 млрд-қа жетуі мүмкін.

Қазақстанда көшке ілесіп келеді. 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да еліміздің әртүрлі аймақтарында бір уақытта дүниеге келген 5 бала 20 миллионыншы азамат ретінде анықталды.

Атап көрсетерлігі барлық мегаполисте күрмеуі шешіліп, түйіні тарқамаған мәселе бар. Десекте әрқайсының өзіне тән ерекшелігі болатынын ескеру қажет.

Алып қалалардың «ауруы»

Жалт-жұлт, жарқ-жұрқ етіп көзді арбағанмен миллиондарға мекен болған мегаполистердің мәселесі шаш етектен.

Рас, мегаполис – мүмкіндік мекені. Тәуекел еткендердің жұлдызын жағып, маңдайының бағын бес елі етуі мүмкін. Бірақ алып қалаға келіп «ішерге ас, киерге киім» таппай сандалғандардың саны асығы алшысынан түскендерге қарағанда айтарлықтай көп болады.

Алып қалалардың «ауруына» қылмыстың өршуі, экологияның ластануы, инфрақұрылымның тозуы, демалыс орындарының азаюы, дүниенің қымбаттауы секілді тізсең тізбектеле беретін қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жатады.

Қала неғұрлым үлкен болса, жан басына шаққандағы статистикалық дерек  соғұрлым көп болады. Керек десеңіз алып қалаларда ЖИТС-ке шалдыққандардың да саны күрт көбейеді.

Мегаполистің мәселесін реттеу үшін үшін үнемі жаңа шешім іздеу қажет және оны тезірек жүзеге асыру керек.

Алып қалалардың өмір сүру принципі ұқсас, бірақ әр мегаполис өз қиындығымен өзі күреседі.

Мысалы Каир халқын қайда орналастыратынын білмей жатыр. Лондон тұрғындары баспанасыз босып жүр. Мумбай қоғамдық көліктің азабын тартып отыр. Джакартаға су астында қалу қаупі төніп тұр. Шанхай көк түтіннен көз аша алмай жүр. Нью-Йоркта электр және газ желілерінің сапасы сын көтермейді. Ыстамбұл ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келіп жүр.

Мұндай мәселелер тұрғындары милионнан асқан Астана, Алматы, Шымкент қалаларында да жетіп артылады.

Астана агломерациясы

Бас шаһардың және оның аумағындағы елдімекендердің кешенді дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Агломерация 1, 2 млн халықты қамтып отыр. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 33%-ға ұлғайып, 1 млн 600 мың адамға жетуі тиіс. Астана агломерациясына қала аумағына тығыз қоныстанған халықтың мәселесін шешу міндеті жүктелген.

Бас қалада халық саны жыл сайын көбейіп келеді. Биылғы дерек бойынша елорда да ресми тіркелген 1 354 435 адам тұрады. Тіркелмегені қанша екені белгісіз.

Миллионнан астамға адамға мекен болып отырған қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының сапасы сын көтермейді. Жылумен, электрмен, сумен жабдықтау желілерін жаңартқан жөн. Инженерлік инфрақұрылымның да жағдайы мәз емес. Балабақша, мектеп жетпей жатыр.

3 ауысыммен біліп алып жүрген оқушылар бар. Автотұрақтың барлығы ақылы. Демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы, ресурстық қор мәселелерін қайта қарау қажет.

Осыған дейін тиісінше бақыланбаған, қадағаланбаған урбанизация Астананы тығырыққа тіреді. Қаланың инфрақұрылымы халық санының өсу қарқынына сай болмай шықты. Тіпті көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына су жетпейтін жағдай тіркелді.

Астанаға өңірлерден ағылып келіп жатқандардың санында шек жоқ. Олар үй жалдап, тапқан табыстарын пәтер иесіне беріп, шықпа жаным, шықпа деп өмір сүріп жүр. Бірақ Астананы тастап кетпейді. Сірә, «баспанам болмаса да, бас қалам бар» дейтін болу керек.

Осының алдын алу үшін Астанаға көші-қон ағынын реттеуге мүмкіндік беретін заңнамаға түзету әзірленді.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова: «Қазіргі уақытта бұл дұрыс шешім, өйткені елорданың әлеуметтік инфрақұрылымы, оның ішінде мектептер, емханалар дайын емес. Қалада бұл үшін мүмкіндіктер болған кезде халық санын көбейтуге болады. Бүгінгі таңда жалпы инфрақұрылымды ескере отырып, мен бұл шешімді дұрыс деп санаймын. Мысалы, бір үйде 5-6 отбасы тұра алады, бұл нашар әлеуметтік жағдай. Елордалық емханалар мен мектептер осындай азаматтарды қабылдай ала ма, жоқ па, соны ойластыру керек», – деді.

Урбанист Әлия Жангелді Астананың сол жағалауының келбеті әдемі болғанымен өмір сүруге қолайсыз екенін айтады.

«Жолайрық аз, әлеуметтік маңызы бар нысандар саусақпен санарлық, саябақ, парк тапшы. «Барыс Арена», «Астана Арена», «Алау», «Жекпе-жек» сарайы бір көшенің бойына салынған. Бұл жасанды түрде адамдар мен автокөліктің кептелісін туғызады. Елестетіп көріңізші, ата-аналар балаларын бір уақытта бір-біріне өте жақын орналасқан спорт орталықтарынан алып кетеді. Қалада екі концерт өтсе, бірі «Астана Аренада», екіншісі «Барыс Аренада». Не болады? Тұран көшесінің бойына медициналық мекемелерді дәл осылай салған. Бұл жерге адамдар күнде барады. Барлығы бір көшемен бір уақытта жүреді», – деді урбанист.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте қаланың проблемаларын тізіп берді.

«Ашығын айту керек, Астананың негізгі проблемалары оның дамуын дұрыс жоспарламаудан, дәлірек айтсақ, жоспарлаудың мүлдем болмауынан туындап отыр. Бақыланбайтын қарқынды құрылыс, үлкен көлемге ұмтылу және ойластырылмаған шешімдер қоғамға қажетті қарапайым инфрақұрылымның тапшылығына әкелді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл жауапты басшылардың біліксіздігі немесе пайдакүнемдігінің салдары.

Мемлекет басшысы өткен жылыту маусымында Астана жылу қуатының тапшылығын сезінгенін алға тартты.

«Абыройға қарай қыс жылы болды. Жергілікті билік миллиондаған шаршы метр тұрғын үй құрылысын жалғастырып жатыр. Оларды жылумен қамтамасыз етуге дайын емес. Қаланың инженерлік инфрақұрылымының дамуы көп жағдайда коммуналдық кәсіпорындарды басқаратын шенеуніктердің кәсібилігіне байланысты», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев шаһар басшысы Жеңіс Қасымбекке №3 жылу электр орталығының құрылысын аяқтауды, ауыз су тапшылығы мәселесін шешуді, тұрғын үй құрылысы сапасын жақсартуды және «Мыңжылдық» аллеясын қалыптастыруды тапсырды.

Президент білім, медицина мекемелерінінің қолжетімділігін арттыруды шегелеп жеткізді.

«Көптеген мектептердегі оқушылар саны жобаланған қуаттан айтарлықтай асып түседі, үш ауысыммен оқыту мәселесін шешу қажет. Бірінші кезекте қалада жаңа білім беру мекемелерінің, оның ішінде 15 қосымша білім беру нысанының құрылысын қамтамасыз ету қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматы – арман қала  

Қазіргі уақытта Алматы қаласында 2 211 198 адам тұрады. Қала 5 бөлікке бөлінген. Алматы соңғы 10 жылда айтарлықтай серпінді, бірақ ретсіз өсті. Қаланың аумағы 2 еседен астам ұлғайды.

Алматыға күн сайын көрші елдімекеннен 500 мың адам жұмыс істеуге, оқуға келеді. Қалада көлік кептелісі көп.

Қаланың коммуналдық, жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымы сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қалған мәселелер бар. Өрт қауіпсіздігінің сапасы сын көтермейді. Бұған «Ақкент» шағын ауданында болған өрт дәлел.

Алматы қаласын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы және қаланың Үкімет бекіткен 2040 жылға дейінгі жоспары бар. Соған сәйкес қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға қатысты шаралар қабылдануы керек. Әзірше алматылықтар түтін жұтып, көкжөтел болып жүр.

Шаһар басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, алматылықтар мінетін қоғамдық көліктердің барлығы  2025 жылға қарай экологиялық стандартқа көшеді.

Алматы да таза ауыз су мәселесі күн тәртібінде тұр. Мегаполисте су құбырлары жиі жарылады, адамдар сағаттап, күндеп сусыз отырады.

Алматы қаласындағы денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы мәз емес. Көптеген медициналық мекемелер қосымша жүктемемен жұмыс істеуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын пайдаланып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру арқылы саланың тозығы жеткен инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту қажет.

Алматы қаласының экономикасын әртараптандыру маңызды мәселе. Былтыр Алматы мемлекеттік бюджетке 4 трлн теңгеден астам қаржы құйған. Мегаполисте бизнес-климатты жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керек. Жеке капитал тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын күшейту, жаңа көлік-логистикалық орталықтарын қолдауға жағдай жасау, креативті индустрия мен туризмді дамыту Алматы экономикасына жаңа серпін беруі тиіс.

Шымкент – шырайлы шаһар

Бірақ оның да көзге көрінетін, көрінбейтін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелері бар. Осыдан 5 жыл бұрын шырайлы шаһар еліміздің үшінші мегаполисі атанды. Қазір мұнда 1 191 877 адам тұрады.

Шымкент аумағы бойынша Қазақстандағы ең үлкен қала. Мұнда машина жасау, түсті металлургия, мұнай өңдеу, химия және тамақ өнеркәсібіндегі жетекші өндіріс орындары орналасқан. Олар үшін арнайы индустриялық аймақтар ұйымдастырылған. Алайда атмосфераға шығарылатын шығарындыларға көңіл бөлінбегендіктен, өңірде экологиялық мәселе ушығып тұр.

Шымкентте инженерлік инфрақұрылым, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілері тозған. Балабақша, мектеп, әлеуметтік нысандар аз. Республикалық маңызы бар қала болса да Шымкентте Астана, Алматымен салыстырғанда жалақы төмен. Сонымен қатар мұнда жұмыссыздық мәселесі бар.

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2050 жылға қарай еліміздегі мегаполистердің қатарына Қарағанды мен Ақтөбе қосылады. Сәйкесінше Қазақстанда миллион тұрғыны бар 5 қала болады.

Серіктес жаңалықтары