Ұлттық банк актер Нұрлан Қоянбаевты сотқа бергені рас па?

Мақалада пайдаланылған суреттер – Руслан Шаекиннің YouTube арнасындағы видеодан жасалған скриншоттар.

Ұлттық банк актер Нұрлан Қоянбаевты сотқа бергені рас па?
Фото: Нұрлан Қоянбаев

Желіде актер, продюсер Нұрлан Қоянбаевтың сұхбаты тарады. Онда Ұлттық банк оны сотқа беретіні айтылған. Бұл ақпарат жалған, деп хабарлады turkystan.kz Stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

«Атышулы сұхбат» туралы мақала жарияланған сайт сырттай NUR.KZ ресурсына ұқсас етіп жасалған, дегенмен оған ешқандай қатысы жоқ. NUR.KZ сайтның өзінде мұндай мәтін жоқ. Мақалада пайдаланылған суреттер – Руслан Шаекиннің YouTube арнасындағы видеодан жасалған скриншоттар. Мақаланың мазмұны жалған, оның мақсаты криптовалюта саудасына арналған платформаны жарнамалау болып табылады. Оқырмандарға аз уақыт ішінде тез және көп табыс табу ұсынылады, бірақ бұл үшін алдымен депозит салу керек. Видео сұхбаттың түпнұсқасында Нұрлан Қоянбаев криптовалюта, қандай да бір интернет-ресурстардағы сауда жасау туралы айтпайды. Руслан Шаекинмен әңгімелесу барысында ол өзі туралы айтып, киноиндустрия жайлы ой қозғайды.

Осы сияқты жалған сұхбат-мақалалар желіде бұған дейін де тарағанын айта кеткен жөн. Мысалы, Қазақстанда танымал тұлғалар, оның ішінде қаржы министрі мен ҚР премьер-министрі сұхбат беріп, цифрлық ақшамен сауда жасауға арналған ботты жарнамалаған. Мұндай мақалалардың мәтіні пайдаланушылардың назарын аудару және оларды ақша жұмсауға итермелеу үішн бір үлгіде жазылған.
Мұндай ойдан шығарылған «сенсацияларға» сенбеген жөн.