Павлодар облысындағы 2 баланың өлімі: әкімдер жұмыстан қуылды
Шідерті кенті, Бесқауға ауылы, Екібастұз қаласының әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметінен кетті.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин балалардың қауіпсіздігіне жауапты шенеуніктерді жұмыстан шығарып жіберді.
Айта кетейік, бұған дейін қалаға қарасты Шідерті кентінде 8 айлық нәресте аштықтан қайтыс болған еді. Ал Бесқауға аулында туған қызын өлтірді деген күдікпен әйел ұсталды. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин осы оқиғалардан кейін бірқатар жауапты тұлғаның қызметінен шығарылғанын мәлімдеді.
"Балаларға қатысты кез-келген трагедияның артында оның алдын алу үшін уақтылы шара қабылдамаған ересектер тұрады. Бесқауға ауылы мен Шідерті кентінде орын алған жағдайлар - солардың бір көрінісі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қоянды ауылдық округінің әкімі, Екібастұз қаласының әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Ал менің шешіміммен Шідерті кентінің әкімі қызметінен босатылды", - деп жазды Бейсекин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қызметтік тексеру жүргізілгеннен кейін Екібастұз қаласы полициясы лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылдайды.
"Шідерті кентінің медициналық қызметкерлері, 3 емхананың бас дәрігері, "Бесқауға ауылының учаскелік инспекторы, білім бөлімінің басшысы, әлеуметтік салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды", - дейді қала әкімі.
Бейсекиннің өзі де облыс әкімінен сөгіс алған. Бірақ балалардың қауіпсіздігі бәріміздің міндетіміз екенін ерекше атап өтті.
"Туыстары, іргелес тұратын көршілері болсын бір отбасында болып жатқан проблемаларды көре тұра көп жағдайда үнсіздік танытатынын айтқым келеді. Қауіпсіздікті, тыныштықты қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу бұл – тек мемлекеттік қызметшілердің ғана міндеті емес, әрқайсымыздың міндетіміз", - дейді Бейсекин.
Ата-ана өз міндеттерін дұрыс орындалмаса, я болмас, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлар болса, мына нөмірлерге хабарласуға болады:
- Полиция - 102
- Екібастұз қаласының әкімдігі: 33 10 00, 34 02 20, 8775 710 02 91 (WhatsApp)
- Отбасы мен балаларды қорғау бойынша бірыңғай нөмір – 111