«Мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды армандайды»: Туризм және спорт министрі құрама футболшыларын әуежайдан күтіп алды

Кеше Словенияда өткен Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде алаң иелерінен жеңіліп қалған Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды.

«Мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды армандайды»: Туризм және спорт министрі құрама футболшыларын әуежайдан күтіп алды
ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Ойыншыларды Н.Назарбаев халықаралық әуежайынан салтанатты қарсы алу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, футболшылардың туған-туыстары, достары және жанкүйерлер қатысты, деп хабарлады turkystan.kz ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, бүкіл командаға жасыл алаңдағы жанкешті ойыны үшін алғысын білдірді.

«Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті, футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Кеше түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер!» – деді министр.

Футболшыларды қарсы алуға жанкүйерлер де ерекше дайындықпен келді. Олар жігіттерге жігер беретін сөздер жазылған баннерлерді ұстап, құрмет ретінде жанды дәліз жасап, сап түзеді.

Сонымен қатар футболшылар мен жаттықтырушылар штабы барлық жанкүйерге іріктеу кезеңіндегі ойындар бойы қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді. Команда топтағы шешуші матчты сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, футболшылар осы түні бүкіл елдің қолдауын сезгенін атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы кеше Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала алмаса да, келесі жылы наурыз айында бұл мүмкіндік үшін таласқа түседі.