Атырауда 3 күн бұрын жоғалып кеткен бойжеткен ескі сарайдан табылды

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.

Атырауда 3 күн бұрын жоғалып кеткен бойжеткен ескі сарайдан табылды
Атырау облыстық ТЖД

Атырау қаласында жоғалып кеткен бойжеткенді құтқарушылар 17 қараша күні сағат 10:20-да аман-есен тапты, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы департаменттің қоғаммен байланыс тобы мәлім етті. Айта кетсек, 2003 жылы туған азаматша 14 қараша күні сағат 21:50-де үйінен белгісіз бағытқа шығып, осы уақытқа дейін оралмаған болатын.

«16 қарашада жоғалған бойжеткеннің туыстары облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарынан іздестіру жұмыстарын жүргізуді сұрап, өтініш берді», – делінген хабарламада.

AtyrauPress сайтының мәліметінше, өтініш түскен бойда, құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарына дереу кірісті.

«ТЖД қызметкерлері екі күн бойы жоғалған бойжеткенді Жайық өзені жағалауынан, далалық жерлерден кинологиялық қызметтің көмегімен іздестірді. Оған департаменттен бес қызметкер, бір кинологиялық есеп, бір техника жұмылдырылды», – делінген хабарламада.

Іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижелі аяқталып, 17 қараша күні сағат 10:20-да ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Жұмыскер ықшамауданында орналасқан қараусыз тұрған сарайдан жоғалған бойжеткенді аман-есен тауып, полиция департаментіне тапсырды.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.