Түркіні түгендеген тұлға

Али Шамильдің азаматтық һәм зерттеушілік келбеті

Түркіні түгендеген тұлға
turkystan.kz
1649

Кейбір өзендердің беті тыныш қана жайбарақат ағып жатқанымен, түбі шындығында буыр­қа­нып, түрлі иірімдермен тулап жататыны белгілі. Өмірде осындай терең өзендерге ұқсайтын адам­дар болады. Қарапайым ғана ғұмыр кешкенімен, ішкі жан дүниесі ізденістер мен ілімнің қай­нар бұлағындай. Әзербайжан ғылымындағы жарқын есім, аса көрнекті, жоғары дарынды, фо­­­льклор, әдебиет және түркі халықтарының тарихы саласындағы еңбектерімен даңққа бөленген, көп­теген кітап пен қолжазбаның авторы, түркі халықтары көрнекті өкілдерінің танылуына қо­лы­нан келгеннің бәрін жасаған  зиялы адам  – менің пайымдауымдағы Али Шамиль – осындай жан.

Али мұғаліммен таныстығымыз да түркі халық­тары­на ортақ ұйымдастырылған халықаралық кон­ференцияның жұмысымен тұспа-тұс келді. Кейін түрлі халықаралық кон­ференциялар мен симпозиумдарда сан мәрте жолымыз түйісті. Бір жолы Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінде ұйымдастырылған халықаралық түрколо­гия­лық симпозиумның қолайлы бір сәтінде  әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Филология факульте­ті­нің бір топ оқы­тушылары Али Шамиль мырзамен түркі  әлемінің ке­лелі мәселелері жайында ұзақ-сонар сұхбат құрған­быз. Кез келген тақырыпта айтары мол ғалым қара­пайым­дылығынан, ізеттілігінен бір айнығанын көр­медім. Ылғи жұмысбасты күйінде көремін. Барлық уақытта жа­нына бір шоғыр адамдар  жиналып,  сұхбат­тасып отыр­ғаны. Әр жиында өзіме деген құрметінің бел­гісі ретінде түр­лі ғылыми кітаптарды сыйлап оты­ратын. Мен де осы бір қарапайым жанның маған деген жы­лы әілтипатын қуа­на қабыл алатынмын. Қазір үйім­де­гі жеке кітапаханамның сөрелерінде Али Шамиль мұғалімнің бірнеше кітаптары бар. 

Али Шамильдің ғұмырдерегіне көз жү­гірт­сек, біздің кейіпкеріміздің студенттік ке­зеңнен-ақ қоғам өміріне белсене аралас­қа­нын байқаймыз. 
1968-73 жылдар аралығында Әзербай­жан Мемлекеттік университетінің журна­лис­тика факультетінде оқыған жылдарында уни­верситеттің өміріне атсалысып, судент­тер­дің ғылыми конференцияларына белсе­не қатысып, факультет студенттерінің ғы­лы­ми қоғамының төрағасы болып сай­ла­на­ды. 1973 жылы Нахчыван МСР Жоғары Кеңе­сі Президумының, Нахчыван МССР Ми­нистрлер Кеңесінің және КП Нахчыван гу­берниялық комитетінің органы санала­тын «Шығыс қақпасы» газетіне қыз­метке тағайындалды. «Шығыс қақ­па­сы­нан» басталған һәм шығармашылық һәм аза­­­­маттық жолының тарихына көз жү­гірт­сек, өмірінің мәнін қызық пен қызметтен із­демей, керісінше, ұлтының, одан қалды түбі бір түркінің жыртығын жамап, жоғын тү­­гендеуге арнағанын көреміз. Али Шамиль­дің кітаптары мен мақалаларына, ғылыми-пуб­ли­цистикалық еңбектеріне  үңілгеніміз­де шығармашылығының басым бөлігінде әзербайжан халқының талайлы тағдыры, түр­кі халықтарының жақындығы мен бір­лігі жолындағы күрес кезеңдері көрініс тап­қанына көз жеткіземіз. 
Студенттік жылдарында құпия қоғам­дардың мүшесі, халықтық қозғалыс бел­сенділерінің бірі болды. 1988 жылы Нахч­ван­дағы құпия ұйымдарды біріктіруге белсене қатыса отырып, Нахчыван губер­ния­лық ұйымы кеңесі мен Әзербайжан бас­қару кеңесінің мүшесі, Нахчывандағы ха­лық қозғалысының маңызды жетекші­ле­рі­нің бірі болуы, Али мұғалімнің бас­та­ма­сы­мен, әрі ұйымдастыруымен «Аргидаг», «Ва­р­лиг», «Гунай» газеттерін шығара бас­тауы, 1992 жылы жергілікті билікке қарсы оп­позициялық ұстанымы үшін қызметтен «қыс­қаруы» – алымды жастың ұлттың ру­ха­ни бо­ла­шағы үшін атқарар жұмыстары­ның қан­шалықты ауқымды, жауапты, мех­натты бо­латындығының хабаршысы еді.  Қара­пайым қазақы тәмсілмен айтсақ, «Жар ба­сын­да жантақты жаннан кешкен нар жей­­­дінің» кебін кие жүріп әзербайжан хал­­­қы үшін жасаған ұлы еңбегі ұлы нәти­желерге қол жеткізді. Тарих Нахчыванның Әзер­бай­жан тәуелсіздігі жолындағы қозғау­шы күш екенін дәлелдеді. Бұл жолда Али мұ­ға­лім­нің еңбегінің ересен екені сөзсіз.
1993 жылы Әзербайжан астанасы Бакуге қо­­ныс аударуы Али мұғалімнің өмір жо­лын­­дағы жаңа бетбұрыс кезеңі болды. «Шы­­ғыс қақпасынан» басталған жол кейін Әзер­­байжанның, Түркияның белді радио­ла­рында «Түркі әлемінің танымал тұлға­лары», «Қонақүйден келеді» бағдарлама­ла­рын дайындауға ұласты.
1993 жылдан бастап «Балалар энцик­ло­пе­диясы» мен Әзербайжан энциклопедия­сын­­дағы «Түрік әлемінің танымал тұлға­лары» тобын басқарып, 1998 жылдан Әзер­­бай­жан Ғылым академиясы Фольклор инс­титутында ғылыми қызметкер, 2007 жыл­дан бастап шетелдермен байланыс то­бы­ның жетекшісі қызметін атқаруымен бір­ге Али Шамильдің ғылыми, қоғамдық қыз­­­меттері одан әрі тереңдей түсті. Аз ғана уа­қыт ішінде Али Шамиль Фольклор инс­тиутының түркітілді халықтармен ғылыми қарым-қатынас орнату және нығайту үшін көп іс тындырғанынан түркі әлемі түгел ха­бардар. Дағыстан Мемлекеттік универси­те­тінде дәл осы Али мырзаның басшы­лы­ғы­мен «Түркі әлемінің бюллетені» атты ғы­лыми журнал үш тілде тұрақты шығып та­ратылуда. Али Шамиль бастамасымен бір­қатар елдерде жоғары деңгейдегі ха­лық­аралық конференциялар ұйымдастырғаны, оған біздің де қатысқанымызды сүйсіне ай­та аламыз. «Ортақ түрік өткенінен – ор­тақ түрік болашағына», «I Халықаралық Кө­­­роғлы, Болу тарихы мен мәдениеті», «Кав­каз ха­лықтарының мәдениеті мен линг­вис­тикалық мәдениеті», «Алғашқы түрко­ло­гиялық конференцияның 90 жылдығына арнап ұйымдастырылған түркітану кон­фе­рен­циясы» т.б. көптеген халықаралық кон­фе­ренция мен симпозиумның басы-қасы­нан, әрине, Али Шамиль табылды. Жалпы, Али Шамиль «Су үзілсе де, сүйек үзілмесін» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айнал­дырған тұлға. Себебі Али мұғалімнің Бакуге қоныс аударғаннан соңғы жылдарда жаса­ған жұмыстары – осының дәлелі. Әзербай­жан университеттерінде оқитын қырым татарлары мен басқа да түркі мемлекет­тері­нен келген студенттердің мәселелерімен тың­ғылықты түрде тұрақты айналыса бас­та­ды. Қым-қуыт ғылыми-шығармашылық жұ­мыстардан қолы қалт етсе, сту­дент­тердің оқудағы, тұрмыстағы мәселелерін ше­шуі­мен қатар түрлі кездесулер ұйым­дас­тыр­ды, әр халықтың ұлттық мерекелері мен қа­­сіретті тарихи күндерін ұмыт қалдырмай, атап өтуіне қолайлы жағдай туғызды, бұ­­қаралық ақпарат құралдарында сол ха­лық­тардың мәселелерін күн тәртібіне қой­дыра білді. Кәсіпкерлер мен компанияларға  өтініш жасай отырып, студенттердің сол ке­­зеңдегі түрлі экономикалық қиындық­тар­­­дан қиналмай шығуына мүмкіндік жа­сап отыру, науқас студенттердің ем-до­мы­на кө­мектесетін меценаттарды тауып, олар­дың сауығуына қолайлы жағдайлар ту­ғызу – кез келгеннің қолынан келе бер­мей­тін, келсе де жасай бермейтін іс. Бұндай істі тек жүрегі «мейірім» деп соққан жан ға­на жасаса керек. Ота­нынан ұзақта, ата-ана мейірімінен алыс жүрген студенттерді үйіне қонақ етіп, олар­ды түрлі тойлар мен туған күн кештеріне ша­­­қырып отырудағы мақсаты да – шетелдік жас­тарды әзербайжан халқының ұлттық дәс­түрімен, құнды­лық­тарымен жақынырақ та­ныстығын, уни­верситет бітірген соң бай­ланыстың үзіл­ме­генін қалауынан туған ізгі ниеттің ісі. Бір сөз­бен айтқанда, Али мұға­лім­нің үйі түбі бір түркі  жастарының ыс­тық ұясына, жары Ази­за ханым олардың қам­қор анасына ай­нала білді. 
Кез келген мықты еркектің артында мық­ты әйелдің тұратыны әмбе жұрт­қа аян. Азиза Шамиль ханым да Али мұ­ға­лімге адал жар, мықты серік, сенімді жол­дас бола білді. Сонау студенттік жыл­дар­дан басталған ұлы достықтың жібі күні бү­гінге дейін жалғасып, ширай түсті. От­ба­сындағы екі адамның тілегі мен мақсаты бір болғанда жасалған жұмыс та жемісті бол­­мақ. Азиза ханым ғұмырлық жол­да­сы­ның рухани демеушісі, игі бастамаларының дем берушісі болған жан. Али мен Азиза Шамильдердің бірлескен шығармашы­лы­ғы­ның жемісі ретінде «Dissiden soraginda» мен «Asik Iskander Agbabali»  кітаптары жа­рық көр­ді. Али мұғалім мен Азиза ханым бір-бірін толықтырып тұрған тұлғалар. 
Али Шамильдің соңғы қырық жылдағы ғы­лыми-публицистикалық шығар­ма­шы­лы­ғының негізі –  ұлттық мемлекеттігін жо­ғалт­қан, ата мекенінен аластатылған, бірақ ту­ған отанын қайта қайтару жолындағы қа­сиетті күресте өзінің жарқын болаша­ғы­нан бір сәтке де күдер үзбеген, қырым татар хал­қының қасіретті һәм қасиетті тарихы бол­ды. Қырым татарларының тарихы мен тағ­дырына деген қызығушылық, татар хал­қы­на деген сүйіспеншілік Али мұғалімнің өмір белесінің бүкіл өн бойында өріліп оты­рады. Мектеп жылдарында А.Пуш­кин­нің «Бақшасарай фонтаны» шығармасын­да­ғы Қырым хандығын билеушілердің ро­мантикалық өмірі туралы танысқан кездің өзін­де-ақ, Али мен оның замандастары ауыл ақсақалдарынан Қырым түбі бір, бір тіл­де сөйлейтін туыс халықтардың мекені еке­нінен хабардар болатын. Жоғары мек­теп­те оқыған жылдары бұл халық туралы бі­лімі тереңдей түсті. Ысмайыл Гаспралы, Бе­кир Чобанзаде, Асан Сабри Айвазов сын­ды қырым татар зиялыларының шы­ғар­ма­шы­лық мұраларымен жақынырақ танысты. Жо­ғарыда аты аталған және басқа да қы­рым татар зиялыларының мүмкіндігі мен уа­қытын аямай Әзербайжан халқының жар­қын болашағы үшін еңбектенгені Али Ша­мильдің осы бір ұлтқа деген құрметі мен махаббатын одан сайын арттыра түсті. Али Ша­мильдің талантты қаламының арқасын­да әзербайжан қоғамы ұлтының жарқын болашағы үшін талай жауыздықтарды көр­ген қырым татарлары ұлттық көш­бас­шы­сы­ларының тағдырымен жақынырақ та­нысу мүмкіндігіне ие болды. Али мұғалім тек қырым тартарларымен ғана тоқталмай, қарашай-балқарлар жайында да індете зерт­тегенінен хабардар болдық.  Өткен та­рих­қа үңілсек, жалпы түркі жұртының ба­сы­нан не бір тар жол тайғақ кешулер өт­пе­ді? Түркі халықтары тағдырындағы қуғын-сүр­гін тақырыбы, айдынды ұлдары туралы жаз­балары – оның ғылыми шығарма­шы­лы­ғы­ның маңызды бағыттарының біріне ай­нал­ды. Жалпы, бұл тақырыпта жазылған ең­бектер баршылық болғанмен де, Али Ша­миль – туысқан түркі жұртының жоғын тү­ген­деген, өзінен бұрынғы түрікшілдердің жолын жалғастырушы тұлға ретінде орны ерек­ше. Али Шамиль ұстанған жол – Ыс­майыл Гаспралы жолы, Әбілфайыз Елчибей жо­лы. Али мұғалімнің өмір жолы мен шы­ғармашылығына зер сала отырып, ол кі­сінің назарынан түркі халқы мен жалпы адам­заттық мәселелер еш уақытта тыс қал­мағанын байқаймыз. Али мұғалім бүкіл түр­кі әлемімен дос. Кез келген түркі мем­ле­кетінде Али мұғалімнің достарын кездестіре ала­мыз. Оларды бір идея, бір мақсат бірік­тір­ді. Қазір ТҮРКСОЙ деп аталатын үлкен ұйым – түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамытуға ықпал ететін халықаралық ұйым. Осындай ұйым болу керек екенін, осы ұйым жасап жатқан істерді  Али Ша­миль мырза бұдан 30-40 жыл бұрын айтқан. Оның мақсаты – бүкіл түркі жұртын бір тілде сөйлету, бір мақсатқа жұмылдыру. Бұл дегеніңіз – ғалымның тек ғылыми әлеуетін көрсетіп қана қоймай, азаматтық ұста­ны­мының ақ жолынан еш уақытта айныма­ға­нын көрсетеді. 
Али мұғалімді қазақ деген ұлы хал­қым­ның үлкен досы ретінде қатты құрмет­тей­мін. Қолыма «Түрікшілдік құрбандары» (Turkculuyun gurbanlari) атты кітабын ал­ғанда, тағдырлы қазақ халқының қиын жыл­дарында басын бәйгеге тіккен, хал­қының болашағы үшін игілікті іс жасаған ұлдары жайлы үлкен ізденіспен, ұлы махаб­батпен жазылған еңбек екенін пайымдадым. Автор кітаптың алғы сөзінде «Қазақстан жайлы алғашқы естігендерімді еміс-еміс есіме түсіремін. Өйткені ол кезде өте кіш­кен­тай едім. ...Олардың сөздерінен қазақ­тар­дың бізбен түсінікті тілде сөйлесетінін, ислам дінін ұстанатынын білдім. Тек түсін­беген бір ғана нәрсем, қазақтың ұлан-бай­тақ даласының неліктен қаңырап бос қал­ғаны, игерілмей «шикі топыраққа» ай­нал­ғаны». 
Автор бала кезде толғандырған мың сұ­раққа есейе келе жауап алғанын күйзеле отырып баяндайды. Өздерін дүние жүзіндегі қарапайым халық пен кедейлердің қорғау­шысымыз деп жариялаған, ұлттар арасында теңдік орнатамыз деп уәде берген Кеңес өкі­м­етінің қазақ деген «ешкімге соқтықпай тек жатқан елді» беттері шіміркпестен қы­рып салғанын, колхоз құрамыз деген желеу­мен малдарын тартып алып, мыңдаған қа­зақ­ты аштан қырғанын қынжыла баяндай келе, университет жылдарында қазақтардың қып­шақтардан тарайтынын, түріктердің бір тармағы екенін білдім дейді. Көптеген әзер­байжан сияқты өзінде де қазақтарға де­ген құрмет пен сүйіспеншілік болғанын үл­кен сезіммен баяндайды. Тіпті, 1986 жы­лы Кеңестік режимге қарсы бас көтерген қазақ жастарының көтерілісіне мазасыз­данып «...Бірақ мен ол жаққа барып, олардың қайғысын бөлісе алмадым» деп алаңдау­шы­лық білдіреді.
Қолымыздағы кітапта автор халқының жар­қын болашағына, мүддесіне, қазақ ру­ханиятына жанын аямай еңбек еткен қа­зақтың айбынды ұлдарының өмір тарихын, күрескерлік жолын баяндаған. Бұл кітапқа енген материалдар автордың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің қорытындылары десек болады. Автор еңбекті жарыққа шығарудағы мақсатын: «ТРТ мен Әзербайжан қоғамдық радиосының бірлесе дайындайтын «Қорқыт Ата» атты айдарында Сейфәддин мырзаның тапсырмасы бойынша аптасына бір рет он үш-он төрт минуттық «Түркі әлемінің та­ны­­мал тұлғалары» бағдарламасының жүр­гізу­шісі болдым. Бірақ Сейфәддин мырза хабарда Советтің үгіт-насихатымен белгілі бол­ған адамдар емес, билеуші режим тара­пы­­нан жазаланған, ұлты үшін ұлы істер жа­­саған,  халқы үшін құрбан болғандарды та­­­­ныстыруды тапсырды. Осылайша, мен түр­кі халықының ұлтшыл адамдары туралы мә­ліметтер жинап, тыңдарманға жеткізуге ты­рыстым. Отаршыл режимге қарсы күрес­те сол жолды ұстанған халықтардың тари­хын білу арқылы оқырмандарымыздың Қа­зақстанға, қазаққа деген назарын ау­дару­ды мақсат еттім. Осы кітапқа енген мақа­ла­­лар «Қорқыт Ата» айдарымен шыққан бағ­­дарламалар мен жарияланған мақалалар н­егізінде дайындалды». 
Кітапты парақтап отырып, оғыздың арда ұлының қазақ халқының отар­шыл саясатқа деген күреске толы өмірін, на­­нымды, нақты тарихи деректермен дәйек­­теп, қызғылықты, мазмұнды етіп бер­геніне куә болдық. Қазақтың соңғы ханы Ке­несары ханнан басталған тарихи дерек­тер Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Санжар Аспандияров, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Осман батыр, ұйғыр ақыны Лутфулла Муталиптердің кү­реске толы өмірінен сыр шертеді. Олардың ұлт­тың шетін мәселелеріне келгенде өмір­леріне қауіп төніп тұрса да ұлтын қорғап, кері шегінбегенін мақтаныш сезімде баян­дай­ды. Кітаптағы мәліметтерден автордың қа­зақтарға деген ерекше құрметін бай­қай­мыз. Ұлт зиялыларының шынайы іс-әре­кеттері бұрын жазылған мәліметтерде ылғи көлеңкеде қалып қойғандықтан, жарыққа шықпағанын жеткізе отырып, бұл кітапқа енген мәліметтерге аса бір сақтықпен, ұқып­­тылықпен, аса жауапкершілікпен қара­­ғанын білдіреді. 
Еңбектің екінші басылымында «жеті өлшеп, бір кескенін» байқаймыз. Бұрын-соң­ды кеткен қателерді, жанашырларының, оқырмандардың ескертулерін аса бір ілти­патпен қабылдап, жаңсақтықтар мен әріп қателерді аса ыждағаттылықпен өңде­генін оқырмандарына жеткізеді.
Али Шамиль қаламынан шыққан еңбек­терді түрлі лақап аттармен жария­лағанын білдік. «Инемен құдық қазғандай» мехнатты ең­бектің нәтижесінде 20-дан аса кітап жа­зып, 12 кітапты құрастырушы ретінде, 22 кітап­қа редакциялық жасап, 1 500-ден аса ма­қалалар өмірге келтірген. Али мұғалімнің ғы­лыми-зерттеушілік, азаматтық ғұмыр­на­масы – тағылымға толы тұлға. Мен таныған жиырма жылдың жүзінде сол баяғы са­быр­лы, сол баяғы қарапайым, сол баяғы ізде­нім­паз, сол баяғы дос көңіл қалпынан бір ай­нымапты. Жақын досының өз сөзін сөз­бе-cөз келтірсек, «Али Шамиль – өте са­бырлы адам, ол ешқашан асықпайды. Жақ­сы ма жаман ба? Жоқ, ол асықпайды, өйт­кені әдебиет пен ғылымды ат жарысы ре­тінде қарастырмайды. ...Ең бастысы, Али Ша­мильде кезедейсоқ кітаптар мен маза­сыз­дық пен жеккөрініштілік тудыратын ма­қалалары жоқ». 
Аузын ашса жүрегі көрінеді. Жанына жақындап кетсең жан дүниесін ақтарып са­ла береді. Ішкі әлемі бай. Маған Али Ша­ми­льдің жүрегі ылғи да «түрік» деп соғып тұратындай көрінеді.
Қазіргі кезең - «Көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желінің әлеуеті дамыған кезең. Дүниенің төрт бұры­шында отырып, кімнің немен айналысып жүр­генін оңай біле қоясың. Біз де Али мыр­­за­ның ылғи да бір жақсылық­тар­дың, жаңа­лық­тардың ортасында жүр­генін көріп сүй­­­­сінеміз!
Үлкен жүректі абзал аза­мат, әзербайжан хал­­қының адал сүт емген пер­зенті, түркінің патриот ұлы Али Шамильдің баста­ма­лары мен тың ойлары бар­лық уақытта құрмет пен қа­жеттілікке ие болып, маңыз­­дылығы арта береді деп білеміз, сенеміз! 
Биылғы жылғы демалы­сы­мыз­ды Бакуде өткізгенде, туыс­қан әзербайжан халқының өзі­міз­г­е деген ілтипаты мен құрметіне бек риза болғанымызды біз де сөз арасын­да, реті келгенде айтып кеткенді жөн көр­дік. Тілі мен дәстүріне құрметі мен сүйіс­пеншілігі бір сәт те толастамайтын ұлы халықтың бекзат болмысына басы­мыз­ды ие отырып, Али Шамильдей ұлтын шын сүйген ұлдары барда бұл халықтың бола­шағы жарқын екеніне кәміл сенеміз!
Биыл мерейлі 75 жасын  тойлағалы отырған біз­дің құрметті әріптесіміз, қадірменді до­сымыз, үлкен жүректі азамат Али Гусей­ног­лы Шамиль мырзаға мықты денсаулық, от­басына бақыт, екі дүниесіне нығмет ті­лей­міз!
Бақыт жұлдызын түркінің төбесіне жар­қыратқан Тәңірімнен бүкіл түркі жұр­тына бірлік пен ынтымақтық, бейбіт өмір тілейміз! 

Бақытгүл ҚҰЛЖАНОВА, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған
 профессоры

Серіктес жаңалықтары