Павлодарда полицейлерден қашқан жүргізуші жол апатына түсті
Жүргізушіге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қараша күні сағат 00:25 шамасында Қамзин - Циолковский көшелерінің қиылысында Lexus автокөлігі полиция қызметкерлерінің күдігін тудырған.
Көлікті тоқтату барысында жүргізуші тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, жылдамдықты арттырып, қаша бастаған.
Малайсары батыр – Российская көшелерінің қиылысында жүргізуші бағдаршамның тыйым салу сигналына өтіп, Toyota Camry автокөлігімен соқтығысты. 30 жастағы жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жіберілді, – дейді департаментте.
Сондай-ақ, бағдаршамның тыйым салатын сигналынан өткені және міндетті сақтандыру шартын жасамағаны үшін жүргізушіге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сотқа дейін жүргізуші уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды.