Астанада мас азамат жүк көлігін ұрлап әкетіп, ішінде ұйықтап қалған

Полиция қызметкерлері Республика даңғылының бойында ұрланған жүк көлігін тапқан.

Астанада мас азамат жүк көлігін ұрлап әкетіп, ішінде ұйықтап қалған
ашық дереккөз
1028

Астанада мас азамат жүк көлігін ұрлап, оның кабинасында ұйықтап қалған, деп хабарлады turkystan.kz.

Байқоңыр аудандық полиция басқармасына қала тұрғыны Iveco көлігінің жоғалғаны туралы хабарлаған. Ер адам айтқандай, көлікті Кербұлақ жолындағы үйдің жанында қалдырған.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, ұрланған көлікті іздеуге полицияның тиісті қызметтері жұмылдырылды. Жедел іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері Республика даңғылының бойында ұрланған жүк көлігін тапқан.

«Белгілі болғандай, аталған көліктің ішінде масаң күйде оны тізгіндеп кеткен ер азаматтың  ұйықтап жатқанын анықтап, тиісті шара қабылдаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 37 жастағы Астана тұрғыны түнде тұрғын үйдің жанынан есіктері ашық қалған жүк көлігін көріп, жолға шығуға шешім қабылдап, көлікті ұрлап кеткен», – делінген хабарламада.

Ұрлық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адамның бұрын сотты болғаны анықталып, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары