1166
Атырауда баланың бетінен ұрған тәрбиешіге қатысты тергеу басталды
Тәрбиешінің заңға қайшы әрекеті топтағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Атырауда мемлекеттік балабақшаның бірінде тәрбиеші баланың бетінен ұрған. Оның теріс әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Оқиға кеше, 8 қарашада болған.
«Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабымен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеуге байланысты қажетті сот медициналық сараптамалар тағайындалды. Бейнебақылау камерасындағы жазбаларға зерделеу жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, тәрбиешінің заңға қайшы әрекеті топтағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қазір балабақша тәрбиешісі қызметінен шеттетілген.