Астанада такси жалдап, супермаркеттен зат ұрлаған жігіт ұсталды
Жас жігіт жеке такси жалдау арқылы супермаркет аралап, тауарларды жымқырған.
Астанада такси жалдап супермаркеттен ұрлық жасаған азамат ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында супермаркеттерден ұрлық жасады деген күдікпен 21 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, жас жігіт жеке такси жалдау арқылы супермаркет аралап, тауарларды жымқырған.
«Тергеу барысында күдікті Нұра ауданында орналасқан дүкенге келіп, такси жүргізушісінен сыртта күте тұруын өтініп, өзі ішке кіріп кеткені белгілі болды. Сауда залында өзінің іс-әрекеттерін ешкім бақылап тұрмағанына көз жеткізген соң ол сөреден 122 мың теңгеден астам сомадағы тауарды жасырын алып шығып, жалдамалы көлікпен кетіп қалған», – делінген хабарламада.
Ұрланған заттарды бейтаныс адамдарға сатып жіберген. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.