Әлемдік көшбасшылар Қазақстан Президенті мен халқына көңіл айтты

Бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні.

Әлемдік көшбасшылар Қазақстан Президенті мен халқына көңіл айтты
freepik
879

ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты «Костенко» атындағы шахтада болған апат дүниені дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Әлемдік көшбасшылар Қазақстан Президенті мен халқына көңіл айтып, толассыз жеделхат жолдап жатыр.

«Қазақстанға ресми сапарыма, қазақ халқына деген достық қарым-қатынасымды көрсетуге бірнеше күн қалғанда ел шахталарының біріндегі қайғылы жағдай туралы хабар келді. Шахтада қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды әлеуметтік желіге Франция президенті Эммануэль Макрон.

Ресей президенті Владимир Путин қаза болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтып, қолдау көрсетуді өтінді және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

«Қаза болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдіретінімізді жеткізуіңізді сұраймын. Жер астында қалған шахтерлер құтқарылады деп үміттенеміз», – делінген В.Путиннің Қазақстан басшысына жолдаған жеделхатында.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтып, беларусьтар Қазақстан халқымен бірге аза тұтатынын жеткізді.

«Беларусь Республикасы Қазақстанның Қарағанды ​​облысындағы көмір шахтасында болған апат салдарынан адамдардың қайғылы қазасы туралы хабарды күйзеле қабылдады», – делінген көңіл айтуда. – Беларусьтар Қазақстан халқымен бірге аза тұтады. Олардың басынан өтіп жатқан қасірет пен орны толмас қайғыға ортақтасады».

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевқа  жеделхат жолдап, қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына шыдамдылық, күш пен қажыр-қайрат тіледі.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада кеншілердің қаза болуына әкеп соққан апат туралы хабарды үлкен күйінішпен қабылдадым. Армян халқының және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, жанашырлық пен қолдауымды білдіремін. Оларға шыдамдылық, күш пен қажыр-қайрат тілеймін», – деп жазылған жеделхатта.

Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына, бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтып, жараланғандардың сауығып кетуін тіледі.

«Қазақстанның Қарағанды ​​облысындағы шахтасында болған апаттың  салдарынан көптеген адамдардың қаза тапқаны туралы хабарды күйзеліспен қайғырып қабылдадық», – делінген И. Әлиевтің жеделхатында.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Қазақстан президентімен телефон арқылы сөйлесті. Ол оқиғаның салдарын жоюға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Өзбекстан президенті шахтада қалған кеншілерді тезірек құтқаруға үміттенетінін және осы оқиғаның салдарын жоюға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін айтты», – делінген Өзбекстан Президентінің ресми сайтында.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Қазақстанның Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада болған жарылыс салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты бүкіл қырғыз халқының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Орны толмас қазаның қайғысына ортақпын, қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына шыдамдылық пен қажымас қайрат тілеймін. Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», – деп жазылған жеделхатта.

Серіктес жаңалықтары