Халықты қарызға батырған кім?
Сонымен, халық банктерге қаншалықты қарыз? Ал банктердің қарызы ше? Елді несиеге шырмаған шынымен микроқаржы ұйымдары ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Өткен аптадағы парламенттік тыңдауда халықтың қарызы туралы мәселе талқыланды. «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауатын көтеру туралы» жиында банктердің, микроқаржы ұйымдарының таудай табысқа кенеліп отырғанын айтқан депутаттар қаржы институттарын сынға алды. Ал Мәжіліс Төрағасы да «халық қарыздың қамытын киіп отыр деуге де болады» деген еді.
Бұған дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің мемлекеттен қаржылай көмек алып отырғаны туралы жазған болатынбыз. Мемлекет қаржысының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберіледі, бұдан банктердің табысы тағы еселенеді. Одан бөлек, банк секторы халыққа және бизнеске берілетін несиенің пайызынан да үлкен пайда көріп отыр. Банктердің тасы өрге домалағаны олардың іскерлігінен емес, жоғары пайыздан екенін Президент те Жолдауында айтқан болатын.
Сонымен, халық банктерге қаншалықты қарыз? Ал банктердің қарызы ше? Елді несиеге шырмаған шынымен микроқаржы ұйымдары ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Банк те қарыз алады
немесе қанша банк мемлекеттің ақшасын қайтарды?
Елімізде алты банк қаржылық тұрақтылық үшін мемлекеттің қолдауын алғаны туралы биылғы 26 cәуірде өткен Парламент отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлім еткен болатын. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктерді қаржылай қолдау бағдарламасы 2017 жылы бекітілген.
– Қазір қаржылық тұрақтылық бағдарламасына қатысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен болатын. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стрестік активтердің жоғары деңгейі анықталған еді. Осы проблемалық займдарға провизия жасау үшін, банктердің капитализациясын толықтыру мақсатында қаржылық тұрақтылық бағдарламасы қабылданды, – деп түсіндірген еді Әбілқасымова. Төрағаның айтуынша, осылайша Ұлттық банк тәртіптелген облигация берген. Қалған үштен бір бөлігі акционерлердің қаражаты есебінен жасақталуы тиіс еді.
– Қазір бұл облигациялар мынадай банктердің балансында сақтаулы: Еуразиялық банк, ЦентрКредит банк, Нұрбанк, РБК банк, АТФ банк. Цесна банктікі кейін Jusan банкке қосылды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау құралдары Halyk Bank-тің балансында да бар, ол Казкоммерцбанкті қосып алған кезде берілген, – деді Агенттік басшысы.
Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, қаржылық тұрақтылық бағдарламасы бойынша бұл алты банк мемлекеттен 700,5 миллиард теңге алған. Ал 2017 жылдан бастап банк секторын сауықтыруға 6,9 триллион теңге жұмсалған. Соның негізінде агенттік төрағасы айтып өткен 6 банк сауықтырылыпты. Ал 8-і лицензиясынан айырылған. Стресті активтер 7,7 триллион теңгеден 2,3 триллион теңгеге дейін азайған. Проблемалық несиелер портфелі бойынша 982,4 миллиард теңге сомасында провизиялар қалыптастырылыпты. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер деңгейі 2017 жылғы 12,3 пайыздан 2021 жылы 3,3 пайызға дейін төмендепті. Мемлекеттік қолдауға ие болған алты банк жалпы 8,267 триллион теңге, оның ішінде заңды тұлғаларға 4,01 триллион теңге және жеке тұлғаларға 4,257 триллион теңге жаңа несие берген.
Мәдина Әбілқасымова реттеуші мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтару талаптары белгілегенімен, банктер алған қаражатты бірден қайтара алмайтынын айтқан болатын. Дегенмен әрбір банк өзінің параметрлері мен қолданыстағы қаржылық көрсеткіштеріне сүйене отырып, белгіленген шекті соманы ғана төлейді. Яғни, мерзімінен бұрын қайтарамын деушілерге кедергі жоқ екені айтылды. Сол кезде банктер қаражатты бірден қайтаруға мүмкіндік болса да, мұндай қадамға бара қоюы екіталай екенін жазғанбыз.
Содан бері жарты жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Halyk Bank мемлекеттік көмектің 28,4 миллиард теңгесін мерзімінен бұрын қайтарды. Содан соң Bank RBK қарыздың бір бөлігі – 13 миллиард теңгені мемлекетке мерзімінен бұрын қайтарып берді.
Ал Jusan банк былтырғы жазда мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтаруға уәде берген. Дегенмен банк былтыр 2021 жылға 172 млрд теңге дивидендті мемлекетке емес, акционерлерге төлеген. Ал биылғы жазда Әділет министрлігі Jusan Bank активтерінің Қазақстанға қайтарылғаны туралы мәлімдеген болатын.
– Jusan Bank және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, өзге де салалардағы бірқатар басқа да ірі активтерді қамтитын Jusan тобы шетел юрисдикциясында болғаны белгілі. Қазақстан Үкіметінің бақылауынан шығып кеткен еді. Әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп Jusan-ды қазақстандық юрисдикцияға қайтарды. Қажетті құжаттарға қол қойылды. Енді Jusan Қазақстан заңнамасына сәйкес, Үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауында жұмыс істейтін болады. Банк бұған дейін алған мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылады, – деп 13 маусымда Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған еді. Десек те, банктің қаражатты қайтарғаны туралы ақпаратты әлі байқай қоймадық.
Яғни, ресми органдардың статистикалық мәліметіне сүйенсек, мемлекеттің қолдауы өзінің оң әсерін берген. Біршама банк оңалған. Дегенмен олар онсыз да жеңілдік пен жарылқаудан, пайдадан кенде емес деген пікірлер барын айтып өткен жөн.
Инфляциямен күрес – банктерге үлес
Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтағанын, ал биылғы бірінші жартыжылдықтағы таза пайдасы бір триллион теңгеден асып кеткенін айтты. Президенттің айтуынша, банктердің мол пайдаға кенелуі олардың тиімді жұмыс істегенінің нәтижесі емес, жоғары базалық мөлшерлеменің әсері.
– Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді, – деген еді Президент биылғы Жолдауында.
Базалық мөлшерлеме – ақша-кредит саясатының негізгі құралы. Мөлшерлеме қанша пайыз болса, банктер сонша пайызбен орталық банктен несие алады, сәйкесінше халыққа одан аз пайызбен несие бермейді. Депозит пайызы да одан төмен болмайды. Әдетте, инфляция жоғары болса, орталық банк базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдайды, себебі пайыздың көп болуы халықты несие алуға емес, керісінше депозитке жинауға ынталандыруы керек. Осылайша, халықтың тұтыну көрсеткіші азаяды, көбірек жинайды, бұл – теориялық тұрғыда инфляцияны бәсеңдетуге ықпал етеді. Естеріңізде болса, Ұлттық банк бұған дейін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені жоғары мәнде ұстап келген болатын. Бұл – инфляциямен күрестегі маңызды қадам екенін де ескерткен.
Ал 6 қазанда орталық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
– Жылдық инфляцияның баяулау қарқыны жоғары. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады. Реттелетін бағалардың көтерілуінен болған қайталама әсерлерден тәуекел күшейді. Олар бұрын теңге бағамының динамикасымен өтелген болатын, – деп түсіндірді банк төрағасы.
Дегенмен орталық банк базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отырғанын да ескертті.
– Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады, – деп мәлімдеді орталық банк.
Жылдық инфляция биылғы қыркүйекте 11,8 пайызға дейін төмендеген. Ұлттық банк инфляцияның төмендеуіне қатаң ақша-кредит саясаты мен былтырғы жоғары база әсерінің біртіндеп жойылуы аясында жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру әсер еткенін де айтты. Сыртқы инфляция да баяулап келеді. Бірақ жекелеген проинфляциялық фактор мен сын-қатер артқан. Еуропа Орталық Банкі 2023 жылғы қыркүйектегі соңғы шешімінде жоғары инфляцияны тағы да төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін екені айтылды. ОПЕК+ елдері мұнайды ерікті түрде шектеуді ұзартқан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясында инфляция қарқын алып кете ме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыркүйекте инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары жалғасын тапқан. Жалпы, Ұлттық банк инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бергенін айтты.
Дегенмен кей сарапшылар инфляцияға базалық мөлшерлеме әсер етпейді деген пікірде екенін бұған дейін жазған болатынбыз. Десе де, реттеуші инфляцияға қарсы атқарып жатқан шаралары нәтижелі екенін айтады. Бұл әрине, бөлек әңгіме, ал Президент нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда, банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін айтты. Яғни, банктер бизнеске емес, халыққа көбірек несие беріп отыр. Мемлекет басшысының сөзінше, осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырған.
Халық қаншалықты қарыз?
20 қазанда Мәжілісте халықтың шектен тыс қарызға батуы туралы парламенттік тыңдау өтті. Парламенттік тыңдауға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық банктің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов баяндама жасады. Бірқатар депутаттар сөз алды. Барлығы халықтың қарызы көбейгенін, Ерлан Қошанов халық «қарыздың қамытын киіп отыр деуге де болатынын» айтты. Депутаттар микроқаржы ұйымдарының, банктердің пайызы көп екенін жарыса айтты, қаржы институттарын белсенді түрде сынға алды, популистік ұсыныстар да болғаны жасырын емес. Бұдан ешқандай мәселе көрмейтінін айтқан банк лоббиі өкілдері де сөз сөйледі. Олар назарды басқаға аударып, мәселенің тоқетерін негізгі проблеманы микроқаржы ұйымдары тудырып отыр деген нарративке әкелуге тырысып бақты. Әрине, микроқаржы ұйымдары үлкен проблема тудырып отыр, дегенмен банктер дефолт қарыздарды әлдеқайда көп береді. Яғни, елдегі проблемасы бар қарыздың өсуінің негізгі катализаторы банктер болып отыр.
Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша кредит бойынша мерзімі өткен жалпы берешек – 726,360 миллиард теңге. Оның ішінде ұзақмерзімді кредит – 84,8 пайыз (616,0 миллиард теңге), қысқамерзімді – 15,2 пайыз (110,4 миллиард теңге). Соның 54,6 пайызы (396,9 миллиард теңге) халыққа берілген, ал 45,4 пайызы (329,5 миллиард теңге) бизнестің үлесінде. Жыл басынан бері ұзақмерзімді кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек 4,2 пайызға өскен, қысқамерзімді қарыздар бойынша көрсеткіш 4 пайызға төмендеген. 2023 жылғы ең көп мерзімі өткен берешек сәуірде тіркеліп, 666,4 миллиард теңгеге жетіпті.
Бизнес пен халық алған қарызға жеке-жеке тоқталар болсақ, бизнес кредиттері бойынша жалпы мерзімі өткен берешек бір айда 82 миллиард теңгеге ұлғайып, 329,5 миллиард теңгеге жеткен. Халықтың кредиттері бойынша жалпы мерзімі өткен берешек – 396,9 миллиард теңге, бір айда 3,7 миллиард теңгеге азайған. Берешек бойынша 2023 жылғы ең жоғары мән мамырда – 404,2 миллиард теңге.
Тарқатар болсақ, қазір экономикалық белсенді халықтың 84 пайызы немесе 7,9 миллион адамның несиесі бар. Егер халықтың несие алуы осы қарқынмен өсе берсе, 2026 жылға қарай жұмыс істейтін адамдардың 100 пайызында бір немесе бірнеше несие болады екен. Мемлекеттік кредиттік бюро мәліметтеріне сәйкес, Банктер 7,3 миллион адамға несие берген, бұл – жалпы қарыз алушылардың 72 пайызы. Ал микроқаржы ұйымдарынан 1,6 миллион адам несие алған. Яғни, көрсеткіш банктерге қарағанда 4,6 есе төмен.
Сондай-ақ негізінен проблемалары бар қарыз алушылар банктерге емес, микроқаржы ұйымдарының клиенттері деген пікір де айтылды. Дегенмен микроқаржы ұйымдары да, банктер де проблемалық несиелерді коллекторларға өткізетінін немесе баланс үшін есептен шығарып тастайтынын ескеру керек. Мәселен, осы компоненттерді қорытындылайтын болсақ, банкирлердің үлесіне 1,03 миллион проблемалық қарыз алушы, ал микроқаржы ұйымдарының үлесіне 347 мың проблемалық қарызы бар азамат келеді екен. Бұл екі сектор үшін де өте жоғары көрсеткіш. Елімізде халықтың «несие қамытын киіп отыр» деп сеніммен айтуға болатынын айқын айғақтайды. Яғни, тек қана банктер немесе микроқаржы ұйымдарына кінә артуға келмейді.
Сондықтан жауапты органдар Парламентпен бірлесіп неғұрлым қатаң шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар халықтың несиеге белшесінен батуы табыс деңгейінің төмендігі, бай мен кедей арасындағы алшақтық ұлғайып бара жатқаны екенін де ұмытпауымыз керек. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар» демекші, қатарынан қалмай, заманға ілесемін деп жанталасқан халық үшін несие уақытша жәрдемші болып отыр. Тек сол жәрдемнің ақысы бірнеше есе қымбатқа түсетіні қысылып тұрған сәтте білінбейтіні анық. Халықтың қаржылық сауаты да – өз алдына жеке мәселе.
Шетел банктері бәсекені қыздыра ала ма?
– Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн, – деді Президент Жолдауда.
Қазір де елімізде біршама шетел банкі жұмыс істеп тұр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жұмыс істеп тұрған 21 банктің 8-і – шетел банкі. Атап айтқанда, KZI Bank – Түркия, Банк ВТБ – Ресей, Қазақстандағы Қытай банкі – Қытай, «Al-Hilal» ислам банкі – БАӘ, Citibank – АҚШ, Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі – Қытай, Home Credit Bank – Чехия, Шинхан Банк – Оңтүстік Корея.
Соның ішінде АҚШ-тың Citibank-і актив көлемі бойынша 2022 жылы Қазақстанның топ-10 банкінің тізімінде 10-орында тұр.
– Жалпы, елімізде қазір 21 банк жұмыс істейді. Осы 21 Банктің 11-інде шетелдік капитал бар. Толығымен шетелдік банктер де бар, мысалы Citibank, үш Қытай, бір Корея, бір Түркия банкі бар. Басқа банктерде үлесі аз, – деген еді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, Қазақстанның банк секторында бар шетелдік банктер негізінен сауда операцияларына қызмет көрсетуге бағытталған. Ал жаңадан келетін банктер нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, экономиканы қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік беруі керек.
– Негізінен, бұл қытайлық компаниялар, оларға Қытай банктерінде қызмет көрсетіледі, олардың үлесі қазіргі уақытта қазақстандық банктердің активтерімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Осыған байланысты батыс банктері, сондай-ақ Азия банктері немесе Таяу Шығыс банктері келуі мүмкін. Бұл, әрине, қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді және, әрине, экономиканы қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол.
Яғни, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған шетел банктері бар екенін, дегенмен ондағы активтердің аз екенін ескерсек, жаңадан ашылатын шетел банктері банк секторындағы бәсекені басқаша түрлендіреді деп үміттенуге келмес. Citibank АҚШ-тағы ең ірі екінші банк болғанымен, оның біздің елдегі қызметі туралы халық көп біле бермейді. Ал банктің еліміздегі активтерінің басқа шетел банктеріне қарағанда көп болуы еліміздегі халықаралық компаниялардың осы банкпен жұмыс істейтініне байланысты деп топшылауға болады. Сонымен қатар жаңа банктер келсе де, олар елдегі базалық мөлшерлемеге, экономикадағы ақшаның құнына бағдарланатын болады. Шетелдік банк келіп, ресурстарды басқа мөлшерлеме, басқа пайызбен ұсынады деп күту мүмкін емес екенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы да ескерткен болатын.
Қорыта айтқанда, екінші деңгейлі банктердің бизнеске емес, жеке тұлғаларға, яғни халыққа несиені көп беруі Президентті де, Парламентті де алаңдатып отыр.
Мемлекет басшысы нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсіру туралы тапсырма да берді. Ал халыққа несиені банктер беріп отыр ма, микроқаржы ұйымдарынан алып отыр ма – маңызды емес, мәселе қарыздың көбейіп бара жатқанында. Дегенмен банктердің мақсаты пайда табу болғандықтан, олар өз ұстанымдарын қорғап бағатыны – заңдылық. Ал микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу кезек күттірмейтін іс.
Ресми деректерде азық-түлік бағасының өсуі тежелгені немесе арзандағаны туралы да ақпараттар бар, бірақ баға өспесе, күрт арзандамайтыны белгілі. Оның үстіне табысқа, зейнетақыға екі теңге қосылса, баға 4 теңгеге қымбаттайтыны үйреншікті жағдайға айналған. Осы жайтты ескерсек, халыққа «қарыз алма» деудің өзі қисынсыздау. Ал жөн-жосықсыз несие алып, «айфонымның қарызын кешір» деу – қаржылық сауат бойынша мәселе көп екенін байқатады.
Не десек те, билік алдында үлкен міндет тұр, жиындар мен талқылаулардағы түйіндер айтылған жерінде қалмаса деген тілек.